АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Ретро FM» радиосы күндіз Шәмші әндерін неге бермейді?![:]

[:kz]

95Id1m0ZA38qZH068Sfzl75nD4c5nCБиыл тәуелсіздігімізді алғанымызға 25 жыл болды. Бірақ радиоларды тыңдасаңыз, тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізіп жатқандай күй кешесіз. Радиолардың көпшілігі орыс тілінде хабар таратады.  

Қазір қазақ тілінде «Қазақ радиосы» мен «Жұлдыз FM» радиосы ғана хабар таратады. Қалғандарының бәрі Ресейдің радиосы сияқты. Радиолар шоу-бизнестің жырын жырлап, күйін күйттеуде.

Билік болса, оларға көңіл бөліп жатқан жоқ. Елімізде қоғамдық-саяси өмірінде елеулі өзгерістер болмаған соң, радиолар еліміздің ақпарат айдынында зәкірін тастап, ұзақ уақытқа тоқтаған кемені көз алдыңызға елестетеді.

Бүгінде  радио – шоу-бизнесті насихаттайтын басты құрал. Бірақ радиоларымыз қазақтың шоу-бизнесін насихаттап жатқан жоқ. Көпшілігі орыс пен батыстың әншілерін насихаттайды. Ал әншілеріміз болса, бұл мәселені көтерген емес.

Сайлау мен жер дауы сынды мәселелер туындағанда мүйізі қарағайдай әншілеріміз – Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева жұртқа басу айтып, билік партиясына дауыс беруді айтуды ғана біледі.

Ал еліміздегі радиолар 20 жылдан аса орыс пен батыстың мәдениетін насихаттағанда олардың ешқайсысы «бұларың қалай?» деп бас көтерген жоқ. Егер олар өздерін қазақ мәдениетінің жанашыры санаса, неге орыстілді радиолармен  күреспейді?

Кеңес дәуірінде орыстарға жалтақтап қалған өнер адамдары қазақ тілі үшін күреспейтініне толықтай көзіміз жетті. Қайта олардан гөрі ұлттық мәселеге келгенде табандылық танытып жүрген Сәкен Майғазиев, Бекжан Тұрыс, Қалдыбек Құрманәлі сынды азаматтарға ғана сенім артуға болатындай.

Сондықтан Сәкен Майғазиев бастаған қазақ әншілері еліміздегі радиолардың қазақ тілінде хабар таратып, ән беруін батыл түрде талап ететін кез жетті.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері үздіксіз хабар таратып келе жатқан «Ретро FM» радиосы тек қана өзге елдің ескі әндерін қояды. Қазақстанға келген шетелдік азамат күндіз «Ретро FM» радиосын тыңдаса, қазақта бұған дейін ән болмаған ба деп ойлап қалуы мүмкін.

Өз басым аталған радиода Шәмші әндерін эфирлерінен бергенін естіген емеспін. Ел ұйқыға кеткенде қазақ тіліндегі әндерді беретінін білеміз. Ал жұрт тыңдайтын уақыттарда  аталамыш радио қазақ әндерін мүлде эфирге жібермейді.

Сонда Шәмшінің көңіл шалқытқан әндерін тыңдау үшін сағат тілінің түнгі 12 асқанын күтіп отыруымыз керек пе? Енді мұндай көзбояушылыққа  төзуге болмайды. Өйткені, биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл. Мұны оларға айту керек. Ұяттары бар шығар.

Дәл осы мәселемен Шәмші мұрасын насихаттап жүрген Қалдыбек Құрманәлі көтеруі керек. Егер жоғарыда қазақ өнеріне жаны ауыратын азаматтар болса Қалдыбек Құрманәліні «Ретро FM» директорлығына ұсыну керек. Қалдыекең бір-ақ күнде ескі әндерді беретін радиодағы диджейлердің тілін қазақшаға келтіріп, «Ретро FM» радиосын қазақтың мол мұрасын насихаттайтын ақпарат құралына айналдыратынына сенімдімін.

Әрине, біз айтты екен деп «Ретро FM» радиосының тізгінін Қалдыбек Құрманәліге тапсыра салмасы анық. Сондықтан бұл бағытта Қалдыбек Құрманәлі, Сәкен Майғазиев сынды өнер жанашырлары өздері күрес жүргізуі керек. Егер олар бұл бағытта батыл талап қоятын болса, қазақтілді аудитория оларды толықтай қолдайтынына сенімдімін.

Жалпы, бұл мәселені кез келген журналист көтеріп, жазуына болады. Бірақ олар шоу-бизнестің төңірегінде жүрген азаматтардай танымал емес. Сондықтан қазақ әншілері орыс пен батыстың мәдениетін насихттап жүрген радиолармен күресуі керек. Бұл ретте Сәкен мен Қалдыбек ағамызды бекер ауызға алып отырған жоқпыз. Сәкен бұған дейін қазақ тілі үшін күресіп, ойын ашық айтып, жұртқа ұлтжанашыры ретінде танылды. Ал сазгер, журналист Қалдыбек Құрманәлі бүгінде бір радионы емес, бірнеше радионы басқаратындай тәжірибе жинаған азамат. Егер Қалдыекең қайсар мінезіне салса, орыстілді радиоларды тезге салатын күш-қуаты бар.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Dalanews.kz – ақпарат агенттігі

[:]