АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Өмірді бағалай біліңіздер».[:]

[:kz]

  • ppzjouuiz5u-2Желіде 22 жасар қостанайлық қыздың өлер алдында жазған хаты жарияланды

Өмір өтеді де кетеді. Оның әр сәтін қадірлей білу керек. Өмір жолын енді ғана бастаған Айгүл Құсайынованың өлер алдындағы хаты осы сөзімізді растап тұрғандай. 

 

Оқуын бітіріп, мектепке мұғалім болып орналасқан Айгүлдің хатын «Қостанай жаңалықтары» басылымы жариялапты. 

«Сәлем, менің аты-жөнім Айгүл Құсайынов. Жасым 22-де.  Мектепте жақсы оқыдым. Жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірдім. Оқуды аяқтағаннан кейін Рудный қаласындағы мектептің біріне мұғалім болып орналастым. Сабақ беремін. Бірақ, оқу-оқу деп шапқылап жүріп денсаулығымды құртып алдым. Дұрыс тамақтанғам жоқ. Бәрі содан басталды. Анығында, басты байлық осы денсаулық екен.

Аурудың алғашқы белгілері жұмысқа тұрғаннан сәттен-ақ белгі берді. Көзім тұманданып, басым айналатын. Сөйлеп тұрғанда даусым өзгеріп кететін. Кейін дәрігерлерге барып маған диагноз қойды. Қалқанша безімнен проблема пайда болды. Емдік дәрілерді қабылдап жүрдім. Бірақ, әсері болған жоқ. Ұйықтай алмайтынмын. Уақыт өте жүріп-тұрудан қалдым. Тіпті сөйлеуге де шамам келмеді. Ойымды қағазға жазып жеткізетін болдым». 

Оған тиісті ем алуға мекен-жай құжатының жоқтығы кедергі болыпты. Осы себепті Рудный қаласының дәрігерлері оны қабылдамай қойған. 

«Ол уақытта мен жүріп-тұра алмайтынмын. Ал дәрігерлер мені бір кабинеттен екінші кабинетке сандалтты. Мен бір қасық суды жұтуға қиналамын, ал олар маған дәрі жазып берді».

Ауруы асқынған Айгүлді жақындары Рудныйдан 250 шақырым жердегі Жетіқара ауданының ауруханасына жатқызады.

«Ауруым күн өткен сайын дендей түсті. Жаным қиналды. Кей кездері менің ахуалымды бақылап жүрген дәрігерлерден мәңгілік ұйқыға жіберетін екпе салуды өтінетінмін…». 

Өз кезегінде дәрігерлер Айгүлді «бар өмірің алда, қайғырма» деп сабырға шақырған. 

«Бақыт деген сенің жүріп-тұрып, ішіп-жеп, тыныс алғаның екен ғой. Соған да тәубе деу керек. Одан артықтың керегі жоқ. Бақыт деген жаныңда әке-шешеңнің, жақын бауырларыңның болғаны екен. Тек солар ғана сен қиналған кезде көмек қолын созады. Қазір ғана қолыңда бар дүниені бағалай білу керектігін түсініп отырмын. Тек жақсылыққа сену керек. Жақсылық жасау керек. Менің өмір сүргім келеді. Өмір сүреріме сенемін» деп жазған екен Айгүл өз хатында. 

Алайда ажал ақыры оны алып тынды. Айгүлдің хатын жариялауға оның апайы Нүргүл Құсайынова рұқсат беріпті. 

kaz.365info.

 

[:]