[:kz]
Бугiн АҚШ-та кезекті Президент сайлауы өтеді. Науқанның алғашқы кездерінде бұл лауазымға үміткерлер қатары 25-ке жуық болған еді,
түптеп келгенде Демокаратиялық партия өкілі Хиллари Клинтон мен Республикашылдар партиясынан үміткер Дональд Трамптан басқалары өз кандидатураларын қайтып алды.
Билік басына Клинтон келе ме?
Хиллари Клинтонның 1993 – 2001-жылдар аралығында қатарынан екі мәрте Президент болған Билл Клинтонның әйелі екені белгілі. Бүгінде 69 жастағы Хиллари Клинтон – осының алдындағы сайлау кезінде Президенттікке үміткерлердің бірі болған, уақытында Нью-Йорк штатынан сенатор болып сайланған, 2009 – 2013-жылдар аралығында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған адам. Яғни саясаттағы орны мығым, АҚШ жұртшылығының арасында абырой-беделі жоғары жан. Саясаттанушылардың бағалауынша, халық оған еңбекқор, тәжірибелі саясаткер ретінде сенеді, оның Президент болуға мүмкіндігі жоғары.
Трамптың табандылығынан сескеніп отыр
Дональд Трампты Хиллари Клинтонмен құрдас десек болады, қазір оның жасы 70-те. Ол – әйгілі миллиардер, «Форбстың» рейтингі бойынша 4 миллиард 100 миллион долларға бағаланған байлығымен АҚШ алпауыттарының тізімінде 133-ші болып тұр. Трамптың меншігінде елдің көптеген штаттарында зәулім ғимараттар тұрғызып жүрген өз атындағы алып компания бар, ол сондай-ақ ойын-сауық, мейрамхана бизнесімен, тағы да басқа бірнеше бизнес түрлерімен айналысады. Оны жұртшылық медиамагнат ретінде де біледі. Оның құрылыс компаниялары АҚШ-тан бөлек, Канадада, Мексикада, Панамада, Доминикан республикасында, Оңтүстік Кореяда, тіпті Әзірбайжанда да ірі құрылыстар жүргізумен айналысады.
Дональд Трамп – бірнеше кітаптардың авторы, көптеген сериалдар мен фильмдерге түсіп, актерлік шеберлігімен де танылған адам. 1996-жылдан бері «Әлем аруы» байқауын өткізу құқы осы адамға тиесілі. Бұл азамат үш рет үйленген, бес баланың әкесі.
Д.Трамптың кей мінезі Ресейдің құбылмалы саясаткері Жириновскийдікіне ұқсас, ол біреудің ар-намысына тиеді-ау демейді, аузына келгенін ірікпей айта салады. Жұртқа Президент бола қалсам АҚШ-тың бұрынғы беделін қалпына келтіремін деп уәдені үйіп-төгіп отыр. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Трамп – өте табанды адам, оның АҚШ Президенті болып сайланып кетуі де ғажап емес.
Қысқасы, бүгінде АҚШ-тағы Президент сайлауының «қызуы» бұрынғы кездердегідей емес, қатты көтеріліп тұр. Трамптың кей әрекеттері елде жаппай тәртіпсіздіктер туындауына жол ашуы мүмкін деп қауіптенушілер де бар. Сондықтан қазір АҚШ-та күш құрылымдары да тиісті дайындықтарын жүргізуде.
Д. НҰРПЕЙІС
.zamana.kz
[:]