[:ru]
«Мәңгілік Ел» идеясын арттыру, насихаттауға бағытталған іс–шаралар оңтүстік астанада үздіксіз өткізілуде. Жақында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Алматы – алтын бесік» атты фото-мультимедиялық көрмені ашты. Желтоқсанның 5-іне дейін Елордада өткізілетін бұл көрме Алматының Астанадағы Мәдени күндері аясында ұйымдастырылып отыр.
Елордалық жұртшылығының назарына Алматы қаласы тарих музейіндегі мемлекетіміздің арғы түп-тамыры, тәуелсіздігін көрсететін жәдігерлер қоры ұсынылды. Көрмеге шығарылған мультимедиялық контент Жетісу жерінің және алғашқы қазақстандық мегаполистің ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңін қамтитын бірегей тарихына арналған фотосуреттерді құрайды. Көрмеге Алматы қаласының тарихына арналған 100-ге жуық фотосуреттер мен 32 археологиялық жәдігер қойылған. Сонымен қатар, көрмеде Астана тұрғындары мен қонақтары жақын танысуы үшін Алматы әйгілі мәдени орындар мен маңызды объектілері бойынша 3D-тур ұсынылады.
— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматыда қабылданған біздің мемлекетіміздің өміріндегі маңызды шешімдер: тәуелсіздік декларациясы, Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды, ұлттық валютамыз теңге қолданысқа енгізілді. Тіпті Семей полигонын жабу туралы шешім де Алматыда қабылданды. Сондықтан да бұл қазақстандықтарға ең ыстық, ең жақын қала, — деді атап өтті көрменің ашылу салтанатында сөйлеген Алматы қаласының әкімі ашқан Бауыржан Байбек.
«Мәңгілік Ел» аясында өткізіліп жатқан Алматының Астанадағы Мәдени күндері барысында алматылықтар Елорда тұрғындарына бірнеше мәдени шараларды ұсынып отыр. Алматы қаласының мұрағат және мәдениет басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры Астанадағы Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драмалық театрдың сахнасында «Алтын Адам» спектаклін және балаларға арналған мерекелік «Қуыршақ шоу» спектакльдерін қойды. Театрдың фоесінде қуыршақтар көрмесі ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында астаналық жастар Ғалым Жайлыбай, Маралтай Ыбыраев, Қасымхан Бегманов, Жанарбек Әшімжанов сияқты қазіргі заманның танымал ақындарымен жүздесті.
Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына арналған «Алматы — Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты гала-концертті өтті. Астана халқы Алматы эстрадалық-симфониялық оркестрдің, қазақстандық өнер жұлдыздары Айқын Төлепбергеновтің, Луинаның, Димаш Кудайбергеновтің, Диана Шарапованың, Әли Оқаповтың, «Мұзарт» тобының, «Қоңыр», «Кеш You», «Жігіттер», «Сарын», «Ринго» және басқа музыкалық ұжымдардың өнерлерін тамашалады.
Алтынорда
[:]