[:kz]
«Головкиннің жанкүйері KZ GGG нөмірі бар темір тұлпарымен Нью-Йорк көшелерін кезіп жүр» деген ақпаратты көзіміз шалған. Қуанғанбыз. «Әй, жарайсың» дегенбіз әуел баста. Онсыз да жарнамасы аз Қазақстанға PR-дың қай түрі болмасын артық етпесі анық қой. Кіріп көрдік. Көңіліміз су сепкендей басылды.
Головкиннің жанкүйері ме, әлде келмеске кеткен Қызыл империяның көксеушісі ме, түсіне алмадық. Артынан ұқтық. Головкиннің бұл арада түк қатысы жоқ. Түк қатысы жоқ екен…
Нөміріне GGG дегенді жапсырып алған көлік иесі Қазақстан азаматына ұқсамайды. Жоқ, рас. Түріне қарап бөле-жарғымыз жоқ. Әрекетін, пиғылын айтамыз. Даңқты жерлесімізді емес, Ресейді, КСРО-ны көрсеткісі келген сияқты мынау.
Айыптамайық. Айтайық. Дәлелдейік. Суретін салдық. Көріңіз. Не ұқтыңыз? Не түсіндіңіз?
Темір тұлпарының қапталына Қызыл империяның гербі саналған балға мен орақты жапсырып алыпты. Артында «На Берлин» деп қойған.
Қайдағы Берлин? Соғыстың аяқталғаны бір ғасырға жақындады емес пе? Неміс орыстан әлдеқашан озған. Ой-санасы, технологиясымен. Олар өздерінің жеңілісін ұмытты. Өмір сүру керектігін ұқты. Ешкімге өшіккен де, өш алуға да тырыспады. Ал Ресей ше?
Одан қалды Георгий лентасы да көзге күйік болып тұр. GGG деген нөмірдің қос қапталына тағып қойыпты. Әне-әне тұр. Суретті қараңызшы.
Одан қалды Головкиннің жанкүйері деген жігіттің үстіне киген жейдесін қараңыз? «СССР» дейді. Иә, «СССР» дейді. Өлген, өшкен, ұмытылған империяны қайта «тірілткен» түрі екен. Солай.
«Дәл осылай Нью-Йоркті аралап жүрсем мықты боп көрінем» деп ойласа керек. Қызық, ә? Түсінігі осыған жеткен.
Бәрінен бұрын Генаға обал. Головкиннің бұл арада түк қатысы жоқ қой, өйткені.
Әлгі азамат GGG-ді емес, жұртта қалған жалмауыз империяны жарнамалап жүр, сайып келгенде. Сөзбұйдаламай солай айтайық.
Әлі ұққан жоқ. Осылай жасайтындар әлі ұққан жоқ. Қазақстан егемен ел екенін. Сәвет үкіметінің қайтып келмесін. Олар қалай да болса Қазақстанды Ресеймен, өткен-кеткенмен байланыстырғысы келеді. Біз бұған «жоқ» дейміз. «Армандама ақтоқты» деуші еді…
[:]