АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Бұл жерде қазақ бар! Орыс енді тырп етпейді» – саясаттанушы[:]

[:kz]

1454586901_belgibaiШынымен, орыс қазақша сөйлесе неге таңғаламыз? Қазақша білмейтін қазақ қашан нонсенске айналады? «АҚШ – жау, «Батыс – дұшпан» деген ресейлік ақпарат құралдарының көзқарасын қабылдауға тиістіміз бе? Саясаттанушы Серік Белгібай осы сауалдарға жауап берді.

– Біз әлі күнге дейін орыс қазақша сөйлесе таңғаламыз. Бұл таңданыс қашан өтеді және біз мұны қашан әдепкі дүние ретінде қабылдайтын боламыз?

– Тілге көзқарас, оның мәселесі – бұл бұдан да терең проблеманың беткі қабаты ғана. Біз халық ретінде және мемлекет ретінде қалыптасып болған жоқпыз. Қазақтың тәуелсіздік алғанына 20 жыл. Бірақ тәуелсіздікті толыққанды қылатын оның азаматтары. Қазіргі күнгі заманауи тұрақты мемлекеттер «ұлт» атты ұғымның толықтай қалыптасуы нәтижесінде пайда болды. Ұлт дегеніміз — өзін саяси күш ретінде таныған, ортақ құндылығы мен ортақ моралі бар халық.
Біздің жағдайымызда мемлекеттің қаңқасы ғана бар. Бұл шекара, заң, үкімет, тағысын тағы… Бірақ бұл қаңқаның іші бос.
Қазақ мемлекеті туралы түсінік қазақтардың санасы мен жүрегінде жоқ. Осындай түсінік пайда болғанда ғана, ол толыққанды мемлекет болады.

– Ғаламторда тіл туралы әңгімелер түрлі пікірталас туғызады. Сайып келгенде, мұның жауабы біреу: Қазақстаннан басқа елге қазақ тілі қажет емес. Бірақ, «менімен мемлекеттік тілде сөйлесіңіз» дегенді кейбіреулер қабағын кіржитіп қабылдайды. Неге?

– Тарихшы Радик Темірғалиев былай дейді: «Сталиндік және тұтастай алғанда, кеңестік жүйенің қуғын-сүргінінен кейінгі қазақтар мүлде бөлек ұлт». Мұнымен келіспеске амал жоқ. Кеңестік кезең біздің бабаларымызбен арадағы байланысымызды үзді. Біз әке-шешемізден ерте айырылып қалған, алайда оларды еміс-еміс білетін жетімдер сияқтымыз. Мәдени жалғастық үзілді және көптеген дүниені басынан бастауға тура келеді. Бұл оңай емес. Бастысы, біз «қайта қалпына келтіруді» әлі бастаған жоқпыз.
Қазақтар – ұйқыдағы халық. Біз әлі де кеңестік кезеңді жалғастырып жатырмыз, одан асып өте алмадық.
Тілдік мәселе де содан туындайды. Қазақ тілінің мемлекеттік деген аты бар. Алайда, бұл да қаңқа. Іс жүзінде кеңестік тәжірибе жалғасып жатыр, қазақша сөйлейтін адам өмірден қалыс қалған, сауатсыз деген түсінік әлі де жойылған жоқ.
Бүгінгі саяси элита бастауын кеңестік кезеңнен алады. Олар Ресейге жалтақтайды, ресейлік мәдени кеңістікте өмір сүреді. Элита ғана емес, біздің қоғамның көпшілігі солай.

– Анығы, қазақша білмейтін қазақ бізде нонсенс емес. Және «қазақ қазақ тілін білуі тиіс» деген ұғым да аксиомаға жатпайды. Ашығын айтайық, біздің орыстілді бауырларымыз қашан санасы оянып, қазақ тілін үйренуге ұмтылады? Бүйткен жағдайда олар өзгелерге де үлгі болар еді ғой?

– Қазақстанда қазақ тіліне сұраныс жоқ. Қазақ тілін білмей-ақ шалқып өмір сүруге болады. Орыс тілін білмесең, ауыр. Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымыздың жағдайы бұған дәлел. Жағдайды биліктің емес, көпшіліктің, халықтың қажыр-қайраты ғана өзгерте алады. Бұл қалай? Яғни, қазақ тілін білмегендер айыпталса, көпшілік принципті түрде ана тілінде сөйлесе. Бірақ, біздің қоғам бір жұдырыққа жұмылатын жағдайда емес. Қабілеті жоқ. Өз мүддесін қорғауда, талап етуде ұжымдық әрекет ету ұлттың өскендігінің, есейгендігінің белгісі. Тілді меңгеру тағы да ұжымдық әрекет. Бір адам тілді меңгеруі мүмкін, бірақ бұл барлығына қатысты тенденцияға айналмайды.
Тұтастық. Құндылық. Оларды қорғау. Айталық, күллі интернетті шулатқан тойдағы стриптиздер. Мұнда қариялар, балалар жүрді. Қарап отырды. Көпшілік мұның ұятты іс екенін және мұндайды болдырмау қажеттігін біледі. Бірақ, ешкім қарсы шықпайды. Үндеместік. Біздің мәселеміз осында. Ал қалай әрекет ету керектігін білетіндер үндемеген соң, әлсіздер, жамандар сөйлей бастайды. Қазақ толыққанды саяси ұлт ретінде қалыптасу үшін біздің жағдайымызда жағадан алатын дағдарыс қажет. Бәлкім, сол ғана бізді әрекет етуге мәжбүрлейтін болар.

– Елде «орыс тілін тықсырып жатыр» дейтіндер бар. Анығында оларды ешкім де қазақ тілін үйренуге мәжбүрлеп жатқан жоқ қой. Ендеше, мұндайлар не себепті мазасыз?

– Тіл – оларды алаңдататын мәселенің бірі ғана. Олар өз алаңдаушылығының себебін білмейді немесе оны ашып айтуға қорқады. Бұл қоғамның қазақылануы (қазір жүріп жатыр), қазақ санының артуы. Олар үшін өз тілінде сөйлейтін қазақ – бөтен. Ал бөтендердің көбеюі кесірінен олар өзін қолайсыз сезінеді, қысылады. Олар бәрі де бәз-баяғыша қалғанын қалайды.
Бірақ, қазақ бар және олар бұдан ешқайда қаша алмайды.
Жарайды, бұған қарсы емес шығар. Бірақ, әлгіндей қолайсыздық тумауы үшін оларға қазақтардың орысша сөйлегені, орыс мәдениетіне жақын болғаны қажет.

– Мұндай қазақ оларға бөтен емес, жақын деген сөз ғой?

– Өз тілінде сөйлейтін, орыс тілін шала-шарпы білетін қазақ – мүлде басқа мәдениеттің өкілі. Ендеше, оның халықтар достығы турасындағы түсінігі де бөлек. Мұндай қазаққа тілі мен мәдениеті тұрғысынан түркі ұлттары жақын. Бастысы, қазақтың саны өсіп келеді. Аз болсын, көп болсын, өз тілінде сөйлейтін қазақ бар. Бұл мұнымен келіскісі келмейтіндердің жанкешті қарсылығын тудырады…

–Біз орыс баспасөзінің қазіргі әлемге деген көзқарасын қабылдауға тиістіміз бе? Дүниеге «орыстың көзімен» қарауды қашан қоямыз?

– Ресейдің мүддесі мен әлем туралы түсінігін оның ақпарат құралдарына қарап-ақ ажыратуға болады. Бұл қазақ халқының мүддесімен еш сәйкеспейді. Айталық, Ресей біздің бауырлас елдермен, оның ішінде, Түркиямен қоян-қолтық байланыс орнатқанымызды қаламайды. Ресей жанжалға, соғысқа ұмтылады және оның психологиясына салсақ, біз бұл соғыста міндетті түрде орыстың жағында болу керекпіз. Пікірімізді елемейді, ойымызды ескермейді. Көшедегі орыспен сөйлесе қалсаңыз, ол Украинаны балағаттай жөнелуі мүмкін. Алайда, ол сізді өзіне қарсы, Ресейдің саясатын қолдамайды деп ойламайды. Бұл да бізге деген құлдық көзқарас. Азиат. Екінші сорт. Солай қарайды. Тиісінше, Ресейдің көзқарасын қабылдай отырып, біз өзімізді жетілмеген немесе әлгі «екінші сорттың» қатарына қосамыз.

365info.kz

[:]