[:ru]
Биыл Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл болады. «Желтоқсан ардагерлері» ұйымының төрағасы, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты,Жыр мүшәйрасы, ақындар айтысы, сазгерлер, жыраулар байқауларының жүлдегері Аманғазы Кәріпжанәулетімен кездесіп, осы тарихи оқиғаға қатысты әңгімелескен едік.
– Аманғазы Әлімғазыұлы, Желтоқсан оқиғасына биыл 30 жыл толады. Желтоқсан ұйымдары бұл датаны қалай атап өтпекші?
– Барлық ұйымның да ойлағаны жеке бастың мүддесі болмаса керек. Қоғамдық бірлестіктерге арнайы ашылған қорларды қосқанда Алматы мен Астананың өзінде Желтоқсанның оннан артық ұйымы бар. Әрқайсысы өз мүмкіндігі жететін шараларды барынша өткізіп жатқан сияқты. Оның маңыздылары– тарихи тақырыптар мен Желтоқсан мәселесі төңірегіндегі дөңгелек столдар, конференциялар. Үкімет пен Парламентке жалпы Желтоқсан тарапынан қойылатын ежелден ортақ мәселе– Желтоқсанның ғаламдық тарихи маңызы мен мәртебесі және Желтоқсан ардагерлерін соғыс ардагерлеріне теңестіретін құқықтық мәртебе. Бұл желтоқсаншылардың әлеуметтік жағдайына ғана емес, жас ұрпақты азат елдің патриоттығына тәрбиелеуге де айырықша үлес қосады. Әлеуметтік мәселеге қатысты осындан 20-шақты жыл бұрын қабылданған ел басының екі бұйрығынан басқа бір де бір заңды құжат жоқ. Желтоқсан көтерілісі ғаламдық социалистік жүйеге қарсы ұлттық мазмұндағы алғашқы саяси ереуіл болғандықтан оны ұлықтауға арналған бірлестік бағдарламаларының жүзеге асуы да қаражатқа келіп тіреледі.
– Алматы әкімшілігі тарапынан Желтоқсан оқиғасын атап өтуге қатысты бірқатар шаралар ұйымдастырылып жатқан көрінеді, сіздер де оған атсалысатын шығарсыздар?
– Жуырда қаладағы ең жас «Алтын алқа» иегері мәртебесіне ие жолдасым Жанара Туркпенбаева екеуміз әкімшілікке келіп, әкімнің орынбасары А. Қырықбаевтың қабылдауына кіру үшін арыз жазып қалдырған едік. Ол кісі бұл мәселені шешуді Ішкі саясат басқармасына тапсырған екен. Арызда көрсетілген Желтоқсаннан басқа әлеуметтік, әділет мәселелері де жеке бастан гөрі жалпыға ортақ қажеттілікті көздейді. Олар біз өтінген бірқатар шараларға әкімшіліктің көмектесетіндігін ескертті. Атап айтқанда Желтоқсан ардагерлерін ақпарат құралдары арқылы насихаттау, арнайы төсбелгі шығарып, оларды марапаттау жұмысын жүзеге асыратындығына уәде берді. Сондай- ақ, мәдени-спорттық шаралармен бірге үлкен бір сарайға арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырып, оған өнерпаз ретінде менің де қатыса алатындығымды ескертті. Желтоқсан тарихи мұражайына қаладан орын беріп, оған бар мүмкіндікпен жәдігер жинайтындығы, сауықтыру шарасын жүзеге асыру үшін ардагерлерге шипажайлардан жылдағыға қарағанда көбірек орын бөлінгендігі де айтылды. Үйдегі екеуміз де жұмысқа қабылдана алмай, мектеп және бала бақша жасындағы жеті баланы асырап отырғандықтан менің өз мамандығым бойынша радио және телеарналардың біріне жұмысқа қабылдануға, сол арқылы жарыққа шықпай отырған елдік деңгейдегі жобаларымның (ток-шоу) бірінің жүзеге асуына мүмкіндік болатындығы да құлаққағыс етілді. Желтоқсанның жеті ұйымының мөрі басылған арыз бойынша Желтоқсан ардагерлерінің тағдыры жайлы және осы тақырыптағы басқа да кітаптарымның бірін мереке қарсаңында шығару мүмкіндігін қарастыратындығы және көпке белгілі бола бастаған «Желтоқсан маршы» атты әнімебейнебаян жасалып, радио, телеарналарынан насихатталуы қамтылатындығы да назардан тыс қалмады. Жылда өтетін ғылыми конференцияға Желтоқсанның ғаламдық тарихи маңызына қатысты биылғы жылы куәгерлер тарапынан менің де баяндама жасайтындығым сөз болды. Әкімшілікқазірдің өзіндеЖелтоқсан ардагерлерімен кездесу шараларын өткізіп, оқушылар мен студенттерге Желтоқсан тағлымын куәгерлердің өз аузынан естуіне және басқа да сахналық шаралар ұйымдастыруына мүмкіндік жасап келеді. Бұл істің биыл ертерек қолға алынуы бара-бара Желтоқсаның жылдық шараға айналып кетуіне де жол ашады. Сол кезде істі болған Желтоқсан ардагеріРасылхан Құдайбергенов басқаратын құрылыс компаниясының қолдауымен орнатылған «Тәуелсіздік таңы» монументтін күрделі жөндеуден өткізіп, төңірегін жарқыратып қойыпты. Желтоқсаншының басым бөлігі Алматы қаласында болғандықтан жергілікті құзырлы орындар өздеріне қатысты тапсырмаға жауапкершілік тұрғысынан қараса керек. Ауыр жүк Алматыда. Істіңорындала бергені нұр үстіне нұр болар еді.
– Өзіңіз басқарып отырған қоғамдық бірлестік алдағы уақытта қандай жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр?
– Менің қолға алып отырған ұйымымды бірлестік дегеннен гөрі мәдени-ақпараттық орталық деген түсінікке жақын келеді. Мен бір ұйымның ішінде ғана емес, барлық ұйымдармен тіл табысып, жалпы Желтоқсанға ортақ мәселелерді шешуге атсалысып жүрмін. Бірақ, құрылтайшылармен құрылған бұл ұйымның әділет саласы тарапынан тіркеле алмауы жұмыстың жүруіне әлі де қиындық тудырып отыр. Сондықтан өзіміздің тың ұсыныстарымызды өзге ұйымдарға білдіріп келеміз. Біздің басты мақсаттарымыз– куәгерлер естеліктерімен Желтоқсанның тарихын насихаттап, оның шынайылығы мен мәртебесіне ден қою, өнер жұлдыздарын тартып, мәденишаралар өткізу, құрбандарға ескерткіштер орнатып, тарихи мұражайлар ашу, тағысын тағылар… Бұрын үйдегі жеті баланың аузынан жырып, банктен несие алып, Желтоқсан тақырыбына үш кітап шығарған едім. Жалпы осы тақырыпқа бес кітап жаздым. Оның көбін жылда «Жұлдыз» мейрамханасында әкімшілік тарапынан өтетін ас қонақтарына, желтоқсаншылар мен зиялы қауымға, кітапханаларға және мені жылда кездесуге шақыратын қаладағы оқу орындарына тегін таратып келемін. Қарыз әлі де мойнымда. Бұл мен сияқты қара жаяудың қолынан келе бермейтін үлкен үлес. «Желтоқсан ақиқаты» республикалық газетін де көк тиын жалақы алмай, керісінше өзім ақша жұмсап, бір жылдық санын тегін шығарғаным бар.
– Аманғазы, Сіз шығармашылық адамысыз, осы бағыттағы көздеген мақсаттарыңыз бар шығар…
– Шығармашылық жағына келсек, мен жеті жасымнан ақынмын. Кейіннен журналистикаға келгенде тележүргізушілікке, айтыскерлікке, сазгерлікке, жыраулыққа қабілетім ашылды. Республикалық «Студенттер көктемі» фестиваліне жырау ретінде қатысып лауреат болдым. Республикалық «Үкілі үміт» сазгерлер байқауына қатысып, екі рет іріктеу сайысынан өттім. Бұдан басқа республикалық «Жігер», Жігіт сұлтаны» байқауларында бақ сынадым. Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен Шақшақ Жәнібек бабаға арналып өткізілген жыр мүшәйрасында (бас жүлде), «Желтоқсан — Тәуелсіздік бастауы» жыр мүшәйрасында (1-орын), Халықаралық ақындар айтысында (3-орын, Бішкек), Би Боранбай бабаға арналған айтыста (бас жүлде), Студенттер айтысында (1-орын), Қабанбай бабаға арналған айтыста (2-орын), Қарағандыда өткен Бұқар жырауға арналған республикалық жыраулар байқауында (3-орын), тағы басқа додаларда жетістіктерім аз болмады. Тоқсаныншы жылдары «Казақконцерт», «Қазақ циркі» өнер ұжымдарына қызмет ететін «Ғасырлар салтанаты» бірлестігінде жүріп, «Қала күні», «Жарапазан-думан», «Жібек жолы», қала жұмысшы жастары арасындағы алғашқы қазақша КВН-ді және басқа да бағдарламаларды жүргізуге қатыстым. Студент кезімде М.Сералин атындағы бірлестіктің төрағасы, «Жұлдыздар» өнер бірлестігі төрағасының орынбасары болып жүріп, ақындар, өнер жұлдыздарымен бірге қалалық, республикалық айтыстар, концерттер өткіздік. Қазақ радиосында, «Қазақстан» ұлттық арнасында тележүргізуші, редактор болып жүріп, бірнеше өнер мен ғылымға және Қазақстанның жер-су аттарына арналған авторлық ток-шоу бағдарламаларын жүргіздім. Олардың кейбірі әлі де телеарналарда күшін жойған жоқ. Ешкім көмек бермесе де халыққа деген тегін қызметімді тоқтатпай, қарызданып театрда шығармашылық концертімді, басқа да өнер ошақтарында шығармашылық кештерімді өткіздім. Көп кеменің артына жабыссам да әр саладан өзіме тиесілі бағамды да алдым. Шығармашылығыма Ғафу Қайырбеков, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Мұхтар Шаханов, Зәки Ахметов, Темірбек Қожекеев, Қалихан Алтынбаев, Зейнолла Серікқалиев, т.б. жақсы пікір білдірген. Марқұм Сағат Әшімбаевтың парасат жөнінде маған жазып берген тілегін Сібірде әскерде жүріп жоғалтып алдым. Кейін қоғамдық ғылымдармен, оның ішінде пәлсапамен көбірек айналысып, өз тұжырымдарымды жаза бастадым. Басты тақырыбым – тәуелсіз елді дни экстремизмнен, рухани отарлықтан қорғау.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН
[:]