АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ДИПЛОМАТТАР ӘРІПТЕСІН ЕСКЕ АЛДЫ[:]

[:kz]

img_6994Алматыдағы «Отырар» бильярд клубында Қазақстан Республикасы дипломатиясына еңбегі сіңген қызметкер,  Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі  елшісі, мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі комиссияның жетекшісі Биғали Тұрарбеков атындағы IX бильярд турнирі өтті. Турнирді Сыртқы істер ми­нистрлігінің және Сыртқы барлау қызметінің ардагерлері ұйымдастырды.

         Биғали Шәріпқалиұлы Тұрарбеков Қазақстанның Пекиндегі елшілігінің алғашқы құрамында болған дипломаттардың бірі. Биғали Шә­ріпқалиұлының бүкіл өмірі Қазақстан Сыртқы істер министр­лігімен тығыз бай­ланысты. Ол Мәскеудегі жоғары оқу орындарының бірінде білім алып, қытай тілін жетік меңгерді. Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасуы, өркендеуі үшін сыртқы саясат ведом­ствосында аянбай еңбек етіп, тәуелсіз Қазақ елінің шекараларын айқындауда тер төккен қайраткерлердің бірі Биғали Тұрарбеков болды. Бірнеше мәрте мем­лекеттік наградалармен марапатталды. Шекараны заңдастыру жұмысы аяқ­талғаннан кейін оның еңбегі зор баға­ланып, Елбасының жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өмірінің соңғы жылдарында ол штаб-квартирасы Ташкентте орналасқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Өңірлік антитеррорлық орталығының Атқару комитетінде қызмет етті. 

img_7043

         Сыртқы істер министрлігінің көрнекті дипломатын еске алуға арналған бильярд турнирін қызметтес достары жыл сайын ұйымдастырады. Биғали Шә­ріп­қалиұлымен қызметтес болған әріп­тестері, жора-жолдастары мен достары оны еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға үлкен абыройлы үлес қосқан азамат, Қа­зақстанның патриоты ретінде әрқашан мақтанышпен еске алады. Бұл турнир дәстүрлі ашылу салтанаты әдетте, бильярд шарын бірінші ұру құрметі Биғали ағаның қыздары Алина мен Жаннетке немесе зайыбы Сәуле Есентайқызына беруден басталатын. Бұл жолы да солай болды. Биғали Тұрарбековтің қайтыс болғанына 10 жыл өтуіне арнап ұйымдастырылған бильярд турнирін дипломатиялық қызметтің ардагері Т.Қабдрахманов сөз сөйлеп ашты. «Биғали Шәріпқалиұлы бұл ойынды логикалық ойлау қабілетін дамытады, қиын жағдайларда дұрыс шешім табуға үйрететін спорттың салмақты түрінің бірі деп есептейтін» деп марқұмды есіне алды. Одан кейін Биғали Шәріпқалиұлының қызметтес достары С.Кұрманғожин, С.Жаданов, С.Прімбетов, С.Сейдуалиев, М.Нұрмагамбетов, Б.Абылғазиндер достарын құрметпен еске алды. Өмірден ерте озған Қазақ­стан­ның алғашқы консулы, дипломат Биғали Тұрарбе­ков ең алдымен өзінің білімді­лігінің, өмірден, алдыңғы көш аға­ларынан алған тәжірибелерінің, турашыл, ашық мінезінің арқасында қай ұжымда болмасын сыйлы, беделді азаматтардың бірі ретінде танылды. Биғали Шә­ріпқалиұлы спорттың барлық түрінен хабардар болған адам. Ол әріптестері арасында волейбол, теннис, бильярд ойындарын жиі ұйымдастырып жүруші еді.

         Дипломатиялық қызметтің ардагерлері өмірден озған өздерінің осындай қайраткерлерін, әріптестерін ешқашан ұмытқан емес. Жас ұрпақ осындай тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясына еңбегі сіңген құрметті ардагерлерден үлгі алып, қалыптасады. Биғали Тұрарбеков қызмет еткен ведомстволардың ардагерлері, қызметкерлері қатысқан бильярд турнирінде бірінші орынды — В.Веселов, 2 орында — С.Орынбаев, 3 орынды — М.Нұржанов, 4 орынды — М.Қамзолдаев иемденді. Жеңімпаздарға кубоктар мен дипломдарды Биғали Шә­ріпқалиұлының зайыбы Сәуле Есентайқызы тапсырды. Турнирден соң ас беріліп, марқұмның балалары мен зайыбы Сәуле Есентайқызы жайған дастархан басына жиналған достары, әріптестері Биғали ағаны еске алды.

Алтынорда

[:]