[:ru]
«Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауынан.
Алматыда алдымыздағы сәрсенбі күні үшкүндік Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық іс-шара – «Almaty Invest-2016» IV Халықаралық инвестициялық форум басталмақшы. Форумды Алматы қалалық әкімшілігінің Кәсіпкерлік және Алматы қаласының индустриалдық-инновациялық басқармасы ұйымдастырып отыр.
Желтоқсанның 7-9 аралығында жоспарланып отырған «Almaty Invest-2016» форумы – бұл қазақстандық және халықаралық инвесторларға инвестициялық мүмкіндіктер ұсыну және оларды талқылау бойынша өтетін іс-шара. Форум қоғам, бизнес және мемлекет арасында өзара іс-қимыл жасауға арналған ашық алаң болып табылады. Алматы қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен бұл шара жыл сайын өткізіледі. «Мәңгілік ел» идеясы аясында ұйымдастырылып жатқан осындай іс-шаралар барысында Алматы қаласына, мемлекетімізге миллиардтаған теңгенің инвестициясы тартылады. Алдымыздағы өткізілетін үшкүндік форум барысында 300 млрд теңгенің инвестициялық жобалары бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойылады деп жоспарланып отыр.
Форум бағдарламасы үш күнге бөлініп жоспарланған. Басталатын күні, 7 желтоқсанда Алматы қаласы әкімінің төрағалық етуімен өңірлік инвесторлар кеңесінің мәжілісі өтеді. Ертесінде, 8 желтоқсан күні форумның негізгі бағдарламасы жұмысын бастайтын болады. Мұнда Алматы қаласының сауда және қызмет көрсету саласы, тамақ өнеркәсібі, іскерлік туризм, мемлекеттік-жеке серіктестік және индустриалдық даму секілді 5 басым бағыттар бойынша инвестициялық мүмкіндіктер талқыланатын болады. Спикерлер ретінде Carrefour, Leroy Merlin, Sanlas Holding, Tokyo Rope, EuroShop, UBS Asset Management, Дүниежүзілік банк, ЭФКО және басқа да ұйымдарды қоса алғанда, қалаға инвестиция салған немесе инвестициялауды жоспарлап отырған ірі халықаралық ұйымдардың басшылары шақырылған. Бұлар өз жобаларын алып келеді деп күтілуде.
Форумның үшінші күні жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар, өнеркәсіптік аймақтар мен туристік нысандар бойынша ұсыныстар қызығушылық танытқан инвесторлар үшін инвестициялық турлар үлгісінде өтеді. Бұдан басқа, KASE қор биржасы жұмысының тетіктері бойынша семинар өткізу, сондай-ақ «Almaty StartUp City» форумын өткізу жоспарланған, оның шеңберінде «Almaty StartUp City-2017» бағдарламасының таныстырылымы көрсетіледі, алматылық стартаперлер үшін шебер-класстар мен воркшоптар өтеді, деп хабарлады Алматы қалалық әкімшілігінің Кәсіпкерлік және Алматы қаласының индустриалдық-инновациялық басқармасынан Арнай Исқақова.
Қайыржан ТӨРЕЖАН
Алтынорда
[:]