[:ru]
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Алматы қаласындағы көмек қажет ететін тұрмысы төмен санаттағы жекелеген тұрғындарға 50 мың теңгеден бір мәрте әлеуметтік жәрдемақы және бюджеттік сала қызметкерлеріне бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы берілетін болды. Желтоқсанның 6-күні күшіне енген Алматы қалалық мәслихатының кезектен тыс XI сессиясында осындай шешім қабылданды.
«Мәңгілік Ел» идеясы Қазақстанды ел ретінде ғана емес, біртұтас ұлт ретінде танытады. Бұл – ұлттық бірлік пен бейбітшілік, экономиканың нығаюы, халықты әлеуметтік қорғау негізге алынатын Қазақстан жолының жаңа кезеңі. «Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік», деді Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты халыққа көрсетіліп өтырған әлеуметтік көмекке берілетін соманың жалпы көлемі 6,2 миллиард теңген. Осы қаржы 114,3 мың адамға жәрдемақы және сыйақы ретінде беріледі. Олардың отбасы мүшелерін қосып алғанда 340 мың адам қамтылады екен. Алматы қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 23,4 мың 1, 2 топ мүгедектеріне — 1,2 млрд.теңге; 4 мың көпбалалы анаға — 199,3 млн. теңге; 4,9 мың мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұяға — 243,7 млн.теңге; — 19,2 мың ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне — 957,6 млн. теңге қаржы бөлінген.
Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде мұндай үлкен көлемдегі жәрдемақыны беруге қаржы көздерін табу оңай болмағаны белгілі. «Қала бюджетін үнемдеп жұмсау арқылы дәрігерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, әлеуметтік жұмысшылар мен жағдайы төмен жандарды қолдауға қаржы бөлу мүмкіндігі пайда болды. Биылғы жылы Алматыда жергілікті бюджеттен – 123 миллиард теңге, жол айрықтарын оңтайландыру мен Универсиада құрылыс нысандарынан – 60 миллиард теңге, жекеменшік кәсіпкерлер мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында әлеуметтік нысандар құрылыстары есебінен — 56,5 миллиард теңге, мемлекеттік сатып алулар бойынша — 6,5 миллиард теңге үнемделді», деп мәлімдеді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
—Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың табысын көтермелеуді, қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуді тапсырды. Қаламызда бұл тапсырма орындалып жатыр. Жыл басынан бері мемлекеттік және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға көтерілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен тұрғындардың жағдайы төмен санатына тегін жол жүру және оқушыларға, студенттерге, зейнеткерлерге және көп балалы аналарға айлық жол жүру билеттері қалпына келтірілді. Көп балалы аналарды және жас отбасыларын көтермелеу мақсатында 2-5 жас аралығындағы балаларға мемлекеттік балабақшаларда тәрбиелеуге қаржы бөлдік. Жекеменшік коттедждер мен ғимараттардан 5 мың орындық 142 балабақша ашылды. Мемлекет басшысы және партия лидерінің мереке қарсаңындағы ықыласы көптеген тұрғындарға қажетті тауарлар, азық-түлік, коммуналдық қызмет, несиені төлеу сияқты ең басты шығындарды төлеуге жарайды деп сенемін, — деді Бауыржан Байбек.
Халық мұндай жеңілдіктерді ешқашан ұмытпайды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары Сталиннің азық-түліктің кейбір түрлеріне, әсіресе нанның бағасын арзандатқанын үлкен кісілер қазірге дейін естеріне алады. Шамасы одан кейінгі жылдарда азық-түліктің бағасы үнемі өсіп отырған сияқты.
Темирлан АЛМАС
Алтынорда
[:]