АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Сот Ғабдуллиннің мүлкін жария етті [:]

[:kz]

20170111173129Бүгін Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов CentralAsiaMonitor-дың бас редакторы әрі Radiotochka.kz директоры Бигелді Ғабдуллиннің мүлкін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жария етілген мүліктердің қатарында Талғар ауданы әкімінің Ғабдуллинге Белбұлақ ауылынан сыйға тартқан 18 сотық жер телімі, Алматы қаласында орналасқан пәтер, айыпталушының және жұбайының атына тіркелген екі автотұрақ, Мерседес S500 көлігі бар. Судья сонымен қатар Ғабдуллинді жеке тінту барысында 25700 теңге мен 200 АҚШ доллары тәркіленгенін атап өтті. Айта кетерлігі, судья Бағлан Ыдырысов айыпталушыдан Белбұлақ ауылындағы жер телімі кімге тиесілі екендігін сұрады. «Ол жер маған тиесілі, 18 сотық. Оны Талғар ауданы сыйға тартты. Аудан әкімі ешқандай бөтен ойсыз сыйлады. Бірақ оны айтсам ұзаққа созылады. Мұның тағылып отырған айыпқа еш қатысы жоқ», — деп атап өтті Ғабдуллин. Осыдан кейін Бигелді Ғабдуллиннің адвокаты Аманжол Мұхамедияров бір жайттарды анықтау үшін судьядан 1-2 сағат үзіліс сұраған болатын. Алайда бірнеше минуттан кейін судья сотқа қатысушыларды қайта жинап, отырыстың 23 қаңтар күні сағат 15-00-ге қалдырылғанын жария етті. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 16 қарашасында Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен Бигелді Ғабдуллин тұтқынға алынған болатын. Ғабдуллин «Central Asia Monitor» және «Radiotochka.kz» бұқаралық ақпарат құралдарының пайдасына бюджеттік қаржыны алу үшін бопсалау әрекетіне барды деп айыпталған еді. Ол өз құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, мемлекеттік орган жетекшілерінің іскерлік абыройына нұқсан келетін материалдарды жариялау арқылы оларға ақпараттық шабуыл жасаған. Алдағы уақытта сынауды тоқтату үшін Ғабдуллин лауазымды тұлғалардан өз медиа ресурстарына мемлекеттік тапсырыстар талап еткен. Олар өз кезегінде Ғабдуллиннің компаниясын қолпаштап, мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарттар бекітуді қамтамасыз еткен. Осыдан кейін ғана олардың қызметі туралы тек жағымды материалдар жарияланып отырған. Мәселен, Жамбыл облысы әкімдігінен Ғабдуллин 10 миллион теңге көлеміндегі қаражат бопсалаған. Дәл осы схемамен 7 мемлекеттік орган Ғабдуллинге мемлекеттік тапсырыс алып берген.

 

[:]