АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz] Адамдардың жан күйзелісін емдеймін [:]

[:kz]

1abfa3e5da88ac047cb5677a37586be4Бүгінде «Адамдардың жан күйзелісін емдеймін, оларға тығырықтан шығатын жол көрсетемін» деп өздерінің жұмысын жарнамалайтын психолог-мамандар көбейген. 

Бірақ олар расында да адамдарға қиналғанда демеу бола ала ма? Жақсы психологты қалай тануға болады? Оларға нақты қай кезде жүгінген жөн? Мұны тәжірибелі психолог Айсұлу Бөрібаева айтып берсін.

 

– Алдымен өзіңіз, туып-өскен жеріңіз жайлы айтып берсеңіз… Психология саласына қалай келдіңіз? Яғни несімен қызықтырды?

– Мен Өзбекстанда, Жы­зақ облысына қарасты Гагарин деген ауылда дүниеге келгенмін. Бірақ кейіннен Мақта­арал ауданына қоныс аударғанбыз. Орта мектепті сол жерде тәмамдап, кейіннен Оңтүстік Қазақстан мемле­кеттік универ­ситетінде педагог-психолог мамандығы бойынша білім алдым.

Негізі бала күнімде дәрігер, әсіресе хирург болуды қатты қалайтынмын. Мектеп бітір­генше сол мамандықты армандадым. Бірақ ол уақытта отбасылық жағдайға байланысты медициналық академияға оқу мүмкін болмады. Содан өзім ойлана келе психолог боламын деп шештім.

Жалпы, мамандық таңдауда жолым болды деп есептеймін. Неге? Себебі хирург адамды медициналық препараттармен, түрлі құралдармен емдесе, ал біздер, психологтар олардың жан-дүниесіндегі уайымнан арылтуға сеп боламыз. Яғни біз де белгілі бір дәрежеде адамдарды емдейтін дәрігер­лерміз деп айтар едім. Сол себепті мен осы саланың шыңына жете­мін деп алдыма мақсат қойдым да, түрлі халықаралық деңгейдегі семинар, конференцияларға қатыса бастадым. Тәжірибелі психология курсында білім алдым.

– Жалпы, біздің елімізде көп адам психологқа тек күйзеліске түскендер ғана барады деп ойлайды. Ал негізінде психолог адамға қандай жағдайларда көмектесе алады?

– Ол рас, кей адамдардың арасында өкінішке қарай, осындай түсінік қалыптас­қан. Яғни психологқа миында ауытқуы бар, есі дұрыс емес, күйзеліске ұшыраған жандар келеді деп ойлайды. Ал шындығында психолог – өмірдің әртүрлі қиындықтарына (оқуда, отбасында, қарым-қатынаста, өмірлік жол таңдауда, өзін-өзі дамытуда туындаған мәселелер, жанжалдық жағдайларда және т.б.) тап болған дені сау адамдарға кеңес беруші маман.

Психологтың жұмысындағы негізгі ереже – құпиялылық. Ешкім де сіздің келісі­міңізсіз психологқа қандай мәселемен жүгінгеніңізді, айт­қан әңгімелеріңізді, тіптен психологтан көмек сұрағаныңызды білмейді.

Байқайсыз ба, кейбір кездері біз өзімізге ең жақын адамдармен – ата-аналармен ортақ тіл табуды, жылы қарым-қатынасты жо­ғал­тып алып жатамыз. Жан­жал­дар, түсіністіктің болмауы балаларға да, ата-аналарға да әдетте ауыр тиеді. Психолог сізге ата-аналармен жаңадан қарым-қатынас құруға, оларды түсінуге тырысып, ата-аналар да сіздерді түсініп, қабылдауға шешім табатын жолдарды айтады. Қысқасы, психолог сізге барлық жағдайды түсіндіріп, бірлесе отырып мәселені шешу жол­да­рын қарастырады.

– Өзіңіз білесіз, қазір үйленгендерден гөр ажырасушылардың қатары көп. Мұның себебі неде? Жалпы, отбасында ер мен әйелдің рөлі қандай болуы керек?

– Иә, «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деген сөз бекер айтылмаған. Шынында да қазір ажырасушылар өте көп. Оның себебі дәл қазіргі жастардың өз теңін санамен емес сезіммен таңдауында деп есептеймін. Яғни жастықтың буымен «сүйдім», «күйдім», «онсыз өмір сүре алмаймын» деп үйлене салады. Ал кейіннен, бір шаңырақ астында тұрғасын алдынан шыққан қиындықтарды бірлесе шеше алмай, екеуінің пікірі екіге жарылып шыға келгенде барып, өздерінің бір-біріне мүлдем үйлеспейтіндерін түсі­ніп, ажырасып жатады. Бұл ретте мен енді ғана үйленген жастарға мынадай кеңес берер едім: Айдың жартысы – жарық, жартысы – қараңғы деп бекер айтпаған. Өмірдің де кей кезеңдері қызыққа, қуанышқа толы, ал кей кездері қиындыққа, түрлі проблемаларға толы болуы мүмкін. Кейде қаражаттан тапшылық көріп, тығырыққа тірелуіңіз мүмкін. Сондай жағдайда әйел бар шаруаны еркектің мойнына артып қоя салмауы керек. Отбасы – еркек пен әйелдің бірлесе құрған шаңырағы. Сондықтан қиындықты да бірлесе көтеруі тиіс. Әйел отбасындағы берекені, тыныштықты сақтаушы, жайлы атмосфера орнатушы адам болуы керек. Сонда ғана еркектің ісі ілгері басады. Ал еркек өз кезегінде әйелінің еңбегін дұрыс бағалап, керегімен қамтамасыз етіп отыруы тиіс.

– Бала тәрбиесіне қатыс­ты бірер кеңес айта кетсеңіз…

– Ата-ананың міндеті – балаға қолдау білдіру. Балаңызбен дос болыңыз, сыр­ла­сыңыз, өзіңіздің басыңыздан өткен, жастық шақта жіберген қателіктеріңіз бен жетістіктеріңізді мысал ретінде айта отырып тәрбиелеу керек.

Мысалы, сіздің балаңыз түнделетіп көше кезеді делік, яғни достарымен қыдыруға құмар. Ондайда сіз балаға: «Балам, ертерек кел!» деп айтуыңыз мүмкін. Ал соның орнына: «Балам, үйге сағат нешеде келесің?» деп сұрақ қойсаңыз, онда балада үйге ертерек оралу, өзі белгілеген уақыттан кешікпей келуге қатысты жауапкершілік пайда болады. Яғни осы секілді кейбір болмашы нәрселер арқылы балаға жауапкершілік артуға дағдыланыңыздар.

«Балмұздақ жеме, тамағың ауырады», «Жүгірме, құлап қаласың» деген сияқты тыйым сөзді жиі айтатынымыз белгілі. Ал адамның миы айтылған сөздің түбірін қа­был­дауға қабілетті. Яғни тама­ғың ауырады дедіңіз бе, ол ауыруы мүмкін. Құлайсың дедіңіз бе, ол бүгін болмаса, ертең міндетті түрде құлауы ықтимал. Сон­дық­тан балаға дұрыс сөйлеп үйренейік.

– Күнделікті өмірде сіркесі су көтермейтін, қоғамдық орындарда  әркіммен бір жанжалдасып жататын адамдарды кездестіріп қаламыз. Осы ретте ашуды жеңу үшін бір-екі кеңес айта аласыз ба?

– Иә, күнделікті күйбең тіршілік, жоқшылық, қоғамдағы болып жатқан кейбір оқиғалар адамның жүйкесіне әсер етпей қоймайды. Соның себебінен қазір көп адам тез ашуланатын, қит етсе өзгелерге дауыс көтеріп сөйлей шығатын болды. Оған екінші бір адам да дәл солай жауап беріп, нәтиже­сінде ол үлкен жанжалға ұласып кетеді. Ал мұндайда әр адам мынаны түсінуі керек: Әркімнің өз «шеңбері», ойлау деңгейі, таным-түсінігі болады. Сол сияқты сіздің ашуыңызға тиген адамның да өз «әлемі» бар. Яғни ол адам дәл сіз сияқты ойлауы, әрекет етуі міндетті емес. Соны түсініңіз. Түсініңіз де, өз пікіріңізді, көзқарасыңызды өзгеге таңуды тоқтатыңыз.

– Пайдалы кеңестеріңізге рахмет!

1abfa3e5da88ac047cb5677a37586be4anabol.kz

[:]