АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Балаңызды түнде полиция алып кетсе…[:]

[:kz]

полиция-рк-21Қазір еліміздің әр өңірінде «Түнгі қаладағы балалар» деп аталатын, яғни түнгі уақытта көше кезіп жүрген кәмелетке толмаған 

балаларды жауапқа тарту операциясы жүргізілуде. Осы ретте кәмелетке толмаған балалар мен олардың ата-аналарына мынадай кеңес беруді жөн көрдік:

«Комендант сағаты», яғни кәмелет жасқа толмаған балалардың ересектерсіз көшеде жүруіне болмайтын уақыт – түнгі сағат 22:00-де басталып, таңғы сағат 6:00-да аяқталады. Бұл уақыт аралығында кәмелетке толмағандарға ересектерсіз үйден шығуға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда қазір үйінен амалын тауып шығып, компьютерлік клубтарда ойын ойнап отыратын балалар өте көп. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері үйінің жанында орындықта отырған немесе түн ішінде қоқыс тастауға шыққан балаларды да ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізіп жататын жағдайлар кездеседі.  Сондықтан балаңыздың қайда, не үшін кеткенін біліп отырыңыз.

 Комендант сағатының бұзылуын байқаған полиция қызметкерінің шұғыл әрекет етуі заңды. Тіпті ол қай жерде жүргені, қызмет бабында ма, жұмыстан үйіне қайтып бара жатыр  ма, бұл маңызды емес. Қызметкер кәмелетке толмаған баланы полиция бөлімшесіне апарып, мынадай әрекет жасайды: кәмелетке толмаған баланың кім екені және оны сипаттайтын деректері анықтайды, оның ата-анасы немесе заңды өкілдеріне хабарласады, жасөспірімнің қандай жағдайда тәрбиеленіп жатқаны және тәртіп бұзу қандай жағдайда жасалғаны туралы мәліметтерді жинақтайды, қажет деп тапса кәмелетке толмаған баланың және оның ата-анасының психоневрологиялық, не болмаса психиатриялық мекемелерде тіркеуде тұратын-тұрмайтыны тексеріледі. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған баланың алкогольді ішімдік немесе есірткі қолданғанына күдік келтірілсе, медициналық тексеруден өткізеді. Баланы ата-анасына немесе заңды өкілдеріне беру мүмкін болмаған жағдайда, оны кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыру туралы Қаулы шығарылады.

 Ал енді полиция бөлімшесіне жеткізілген баланың қандай құқықтары бар, осыған тоқталайық. Ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген бала немесе жасөспірімнің ата-анасына қоңырау шалып, болған оқиғаны айтып беруге құқығы бар. Ескертетін жайт, баланы тек заңды өкілдерінің көзінше ғана тергеуге болады. Бала немесе оның ата-анасы полиция қызметкерлері өзін дұрыс ұстамады деп есептесе, ІІМ бөлімше басшылығына қызметкерлердің заңсыз әрекетіне шағым түсіруге толық құқы бар.

 «Әкімшілік құқық бұзу туралы» Кодексте түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында, мысалы, компьютер клубында ересектерсіз жүрген баланың ата-анасы 3 АЕК – 6807 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Түнгі сағат 23:00-тен кейін көшеде жүрген кәмелетке толмағандарға қатысты жағдай өзгерек. Бірінше ретте заңды қамқоршыларға ескерту жасалады, алайда, мұндай жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса, 5 АЕК – 11 345 теңге көлемінде айыппұл көзделген.

 Баланы полициядан тек оның заңды өкілдері, яғни анасы, әкесі немесе қамқоршысы ғана алып кете алады. Бірақ ол үшін алдымен полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған тұлғаның өзінің де, оның ата-анасының да жеке мәліметтерін тексеріп, анықтап алуы тиіс.

…Қысқасы, әрбір ата-ана балаларының түнгі уақытта көшеге бейсауыт шықпауын, жалғыз-жарым жүрмеуін қадағалағаны дұрыс. Әйтпесе оның соңы сізді әуреге салып, жүйкеңізді жұқартуы мүмкін.

 Zamana.kz

[:]