[:kz]
Ақтөбеде Даун синдромына шалдыққан үш жасар модель бала Миланды бағындырып, қазақстандық дизайнерлердің көрсетіліміне атсалысты. Балақайдың дертке шалдыққанын ата-анасы тек жүктіліктің 24 аптасында білген.
Айгерім нәрестесі Даун синдромымен туылғанын білгенде, күйзеліске ұшыраған. Алайда көп ұзамай өзін қолға алған келіншек баласын аяқтан тұрғызатынына сеніммен қарайды. Бұл туралы nur.kz сайтына балақайдың анасы Айгерім Бижанова хабарлаған.
«Мен өз баламды сүйіп, оның дамуына бар күшімді салуға тырысудамын. Біз ай сайын массаж алып отырдықұ… 2,5 жасында оны балаларды дамыту орталығына апардық, ол өзге балалар секілді өмір сүруге бейімделді», — деп есіне алды Айгерім.
Баласы ел қатарлы өсіп келе жатқанына қуанған анасы Темірланды модель етуге күш салады. Ерекше сүйкімді балақай бүгінде модель ретінде Миланды бағындырып жүр.
«Фотосессия кезінде бастапқыда не болып жатқанын түсінбейтін. Кейін ол фотоға қалай түсу керектігін түсіне бастады. Балам Дана Набидің киімдер желісіне модель атанды», — дейді Айгерім.
Осы жылдың басында Темірланды Аида Қауменова, Алекс Чжен мен Тәуекел Мүсілім қатысқан көрсетілімнің ашылу салтанатына шақырады. Ал кейін Темірлан Миланға шақырылып, Qusella италиялық брендімен жұмыс істейтін болды. Темірланды Миланға сән сыншысы Мила Ануфриева шақырған.
Айгерім баласынан бас тартуға кеңес берген дәрігерлер де болғанын есіне алды. Темірлан әзірге дұрыс сөйлей алмайтынына қарамастан, анасы бұл дертпен барынша күресетінін алға тартты.
baistars.kz
[:]