АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Азаданың дүкенінде арақ-шарап сатылмайды[:]

[:kz]

20170526_123424Азық-түлік дүкені қожайындарының көбі­сінде  арақ болмаса сауда жүрмейді деген түсінік қалыптасқан. 

Алайда ел ішінде арақ сатпайтын дүкендер де бар екен. Сондай дүкендердің бірін біз  Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылынан кездестірдік. Сосын дүкен иесі Азада Айтжановамен (суретте) әңгімелестік.

Азада Айтжанова бізге кейінгі екі жылдан бері арақ сатуды мүлдем қойғанын айтты. Себебі дүкенге тауар тасып беріп тұратын күйеуі үйдің шатырынан құлап, омыртқасын зақымдап төсекке таңылып қалыпты. Содан соң күйеуінің жұмысын ұлдары мойнына алып, тауарды әкеліп беріп жүреді. Оның ішінде арақ та бар. Біраз жылдар бұрын намазға жығылып, дін жолына бет бұрған ұлдары бұған дейін де  әке-шешесіне арақ сатудың күнә екенін айтып жүреді екен. Алайда арақ болмаса сауда жүрмейді деген түсінікке таңылып қалған ерлі-зайыптылар ұлдарының сөзіне аса мән бермеген. Кейін арақ тасу өздеріне қалғанда ұлдары: «Дүкенге жәшіктеп арақ тасыған соң оқыған намазымыз желге ұшпай ма?» – деп анасына ренішін білдіріпті. Сөйтіп Азада Айтжанова арақ сатуды тоқтатыпты.

«Енді саудаларыңыз қалай? Арақсыз сауданың табысы көңіліңізден шығып жатыр ма?» – деген біздің сұрағымызға Азада Сәбденқызы: «Алла-тағала  берекесін берсін, – деп жауап берді. – Бәрінен де жаным тынышталып қалғанын айтсаңызшы. Бұрын арақ сататын кезімізде күйеулері үйіне арақ ішіп барған әйелдер маған келіп ұрсып кететін. Тіпті біреуі сол арақтың ақшасын мен саған былай-ақ беріп тұра­йын деп ұрысқаны есімнен кетпейді. Сонда жаным жараланып, кәдімгідей көңіл-күйім түсіп кететін. Ал қазір ел алдында жүзім жарық. Біздің арақ сатпайтынымызды білген соң ішетіндер де келмейді, арақ сұрап миымызды ашытпайды. Тағы бір байқағаным, үйіміздің де берекесі кіріп қалған».

Азада Сәбденқызы осылай деп ағынан жарылды. Алайда онымен ауылдағы ішкіштер азайып кете қойған жоқ деп қынжылды ол.

Бір қызығы, А.Айтжанова калькуляторды мүлдем пайдаланбайды екен. Оның орнына есепшотты пайдаланады. Сонымен қатар, дүкенінде сонау кеңестік дәуірдегі ескі таразы тұр. Ол екеуі Азада Айтжановамен кеңестік дәуірден серік болып келе жатқанға ұқсайды. Сол кезеңде де дүкенде сатушы болып жұмыс істеген Азада есепшоты мен таразысын әлі күнге тастамаған.  

«Пайда ойлама, ар ойла» демекші, пайдадан бұрын, арын жоғары қойған Азада Сәбденқызының бұл ісі өзгелерге де үлгі боларлықтай екен. Мүмкін дүкен сөрелерінде арақ сықап тұрмаса, қоғамымызда маскүнемдер де азаяр ма еді, кім білсін?

М. СЕМБЕК

Zamana.kz

[:]