[:kz]
Ақтөбе əскери гарнизонында істі болған шекарашыларға қатысты сот отырысының соңғы тыңдалымдары болып жатыр. Кешегі өткен сот отырысында екі жақтың жарыссөзі тыңдалды. Əскери-тергеу бөлімінің басшысы шекарадан заңсыз өткендерге көз жұмып қарау үшін анықтаушылардан 2 миллион теңге пара сұраған. |
Сотта анықталғандай, ҰҚК-нің шекара бөліміндегі былық 2017 жылдың 4 ақпанында тіркелген. Батыс аймақтың əскери-тергеу басқармасының Ақтөбе облысы бойынша бөлім басшысы Самат Абдуллаевқа «Жайсаң» шекара бақылау бөлімінің басшысынан арыз түскен. Арызда Қазақстанда болуға рұқсаты жоқ адамдардың шекарадан өтіп кеткені жазылған. Жəне бұл жағдайға анықтаушыларды жауапқа тартуды сұраған, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Тергеу кезінде анықталғандай, басшы бұл арызды тіркемеген. Абдуллаев шекарадағы жағдайға көз жұмып қарайтынын айтып, анықтаушылардан бір күннің ішінде 2 миллион теңге тауып беруін міндеттеген. Олай болмаған күнде қылмыстық жауапқа тартылады.
Сотта анықтаушылар басшының алдында ақшаны табуға уəде бергендерін айтты.
Шекара қызметінің анықтаушылары Байсақалов пен Наурызбаев бір күнде миллион теңгеден тауып бере алмайтындарын айтып, басшыларымен саудаласады. Парақор басшының алдындағы келіссөз ертеңіне анықтаушылардың 500 мың теңгеден əкеп беретіндерімен аяқталған.
Қызметкерлер басшының кабинетінен шығып, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне барған.
Батыс аймақтық əскери-тергеу басқармасының Ақтөбе облысы бойынша басшысы Самат Абдуллаев əскери бөлімде 700 мың теңге пара алу үстінде қолға түсті.
Шекарашыларға қатысты сот үкімі жұма күні 30 маусымда оқылады.
kaz.caravan.kz
[:]