[:kz]
Винфрид Лангнер есімді зейнеткер Германияның Төменгі Саксония аймағындағы Лауэнферд қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург қаласына трактормен жетті.
81 жастағы ақсақал бұл саяхатына бір жарым ай жұмсап, шілденің басында Петерборға табан тіреді. Ол 2000-нан астам шақырым жол жүріп, Польша, Литва, Латвия және Эстония аумағын басып өткен.
Калининградқа жеткенде трактор сынып қалыпты. Лангнер мырза Германиядан қосалқы бөлшектер келгенше жергілікті тұрғындарға қонақ болды. Енді ол Петерборда бір апта болып, сосын көлігімен кері қайтады.
Лангнер мінген трактор 57 жыл бұрын шығарылған. Ол сағатына асып кетсе 18 шақырым ғана ала алады. Зейнеткер тракторға демалып, тамақ жеуге ыңғайлы фургон тіркеп алыпты.
Мамыр айында шотландиялық саяхатшы Джеймс Паркер де осындай әрекетімен көзге түсті. Ол 1972 жылы шыққан автомобильмен Шотландиядан Ресейге жол тартып, 53 күнде мәреге жетті. Жол бойы ол 13 елді басып өтіпті.
АЮДАН ЖЕТКІНШЕК ҚҰТҚАРДЫ
АҚШ-тың Аляска штатының шығыс бөлігінде тұратын Елиот Кларк әкесімен және немере ағасымен бірге балық аулауға шыққан-ды. Жолда оларға аю шабуылдап, ересек екеуін жерге алып ұрды.
11 жастағы Елиот әуелде қатты қорқып кетсе де, бойын тез жиып алды. Ол қолындағы бытыралы мылтықпен аюды атқылай бастады. Үшінші оқ тиген кезде аю жерге құлады, әкесі мен ағасы тез тұрып, өз мылтықтарымен аюды атып өлтірді.
Әкесі Елиоттың тез арада дұрыс шешім қабылдағанына разы. Ересек екеуі мылтықты иықтарына асып келе жатқанда, Елиот қаруын қолына ұстап жүріпті. Аюдың кенеттен жасаған шабуылына тез тойтарыс беруіне осы жайт та әсер еткен.
Бұл аю мен адам арасындағы биылғы бірінші арпалыс екен. Өткен жылы осыған ұқсас үш оқиға болыпты.
19 маусым күні Аляскада қара аю таулы жерлермен жаппай жүгіру жарысына қатысқан 16 жастағы бозбаланы шайнап тастаған-ды. Жасөспірім өзін аю қуып келе жатқаны туралы хабарлама жолдап үлгерген, бірақ құтқарушылар үлгермей қалды. Аюды орманшы жарақаттағанымен, маймақ бой жасырып үлгеріпті.
zhasalash.kz
[:]