[:kz]
Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында Сайлаукүл есімді ерекше қабілетке ие әйел тұрады.
Оны жергілікті тұрғындар «Емші», «Дем салушы» деп атап кеткен. Тіпті кейбіреулер ол кісіні талай адамды ажал аузынан алып қалған деп те жатады. Біз ол туралы аталған ауданның Бадам ауылына барғанда кездейсоқ естіп-білдік.
«Мен комаға түсіп қалғанда дәрігерлер енді аман қалуы екіталай деп мәйітханаға жіберуге әзірленген екен. Жасым келіп қалғандықтан ота жасауға да қорықса керек. Бірақ күйеуім біреулерден естіп, Шұбарсу ауылындағы Сайлаукүлге барған. Дәрігерлер күйеуімнің соңғы өтінішім деген сөзін қия алмай, емшіні жансақтау бөліміне кіргізеді. Әуелі Алла, екінші осы Сайлаукүлдің емі арқылы мен дүниеге қайта келдім. Біреу сенер, біреу сенбес, емші дем салып, ем жасаған келесі күні мен тілге келіп, көзімді ашыппын. Ал үшінші күні ауруханадан шықтым. Қазір бірнеше айдан асып барады, жағдайым жақсы, балаларыммен бірге Сайлаукүлдің де амандығын тілеп жүрмін», – дейді бадамдық Мәриям апа.
Біз ол кісіден Сайлаукүлдің мекен-жайын білдік, іздеп барып, ол кісімен сұхбаттас болдық.
Көп ауру қан айналымына қатысты туындайды
«Менің алыстан келе алмаған сырқаттарды суретіне қарап отырып, телефонмен емдеген кездерім де болған, – дейді ол кісі. – Көріпкелдік қасиетке ие екенімді көп уақыт өзім де мойындамай жүрдім. Жоғалған адам немесе малдың қайда жүргенін дөп басып айта аламын. Егер жоғалған адам тірі болса, денсаулығы қоса айтылады. Мәйіт жатқан жерге отырсам, адамның қазасы неден болғаны көз алдыма кино сияқты көрінеді. Адамдардың мені «Тірі УЗИ» дейтіні сондықтан.
Өткен жылы анам дүние салған, содан бері науқастарды массаж арқылы емдеуді бастадым. Аллаға сеніп, келген ниетін айтса болды, ауруын сұрамай, ағзаның ішкі құрылыстарына кіре отырып, қанмен бірге бойды қуалай жүру арқылы аурудың ошағын тауып, ол дертті өзіме тартамын. Яғни менің де тап сол жерім ауырады. Сырқаттың диагнозын өзім қоямын. Тамырды ұстап, адамның қай жері ауырғанын шығыс тәсілімен айтамын.
Жұқпалы ауруларды емдемеймін. Менің емдеу тәсілім – кемінде үш күнді қамтиды, толық диагноз бен ем барысы осы кезде айтылады. Ауру асқынып, жансақтау бөліміне түскен талай адамды емдеп шығардым. Емнің барысын, сырқаттың жазылған – жазылмағанын, ағзада болып жатқан сауығу процесін күн сайын айтып отырамын.
Бойда шаршау, суық, сары су, қан қысымы болса, мен жасаған уқалаудан кейін бірден ем жүреді. Қалай екені бір Аллаға ғана аян, алдыма келген сырқаттың бойындағы ауруды өзіме қабылдау арқылы оның ішкі ағзаларын «УЗИ» аппараты секілді көремін. Алдымен науқастың сырқатының түпкі себебін табамын, содан кейін дұға оқып, уқалауды бастаймын.
Адамның барлық ауруы қан айналымына байланысты. Егер адамның бір жері ісінсе, суық өтсе, қан ұйыса, сол жерде ауру пайда болады. Қан айналымы бұзылғанда ауру аяқтан бастап сыр береді. Аяқпен байланысты ұсақ қан тамырларының жұмысы нашарлайды. Оған түрлі себептер бар. Бастысы – қанның қоюлануы. Сондай кезде қан жүрмеген, баяулаған жерді дәл тауып, уқалау арқылы жұмысын қалпына келтіріп жіберсең ауру да жоғалады.
Соңғы кездері адамдар ашуланшақ болып барады. Жүйкеге салмақ шамадан көп түсуде. Ол ми жұмысын нашарлатады. Ауа жетіспеушілігі байқалып, жүрек қысады. Мимен байланыстағы тамырдың қан жүруінде ақау пайда болса, адамның ашуланшақ болуы да, жүйке жүйкесінің тозуы да содан».
Емші ағзада кіші (капилляр), орта (вена) және үлкен (артерия) қан тамырлары болатынын айтады. Осылардың ішінде ең бірінші кіші қан тамырларының жұмысы ақырындап істен шыға бастайды екен. Егер мұны дер кезінде емдемесе, ауру ұлғаяды, бірі екіншісіне әсер ету арқылы басқа да қан тамырларының жұмысы бұзылады. Өз кезегінде олар үлкен тамырлардың жұмысын тежейді. Үлкен қан тамыры істен шыққанда жағдай тіпті қиындайды. Мұның ақыры инсультке немесе инфарктке соғады.
Дұрыс тамақтана білудің маңызы зор
Көп нәрсе тамақтануға байланысты. Біреулер тамақты тез жейді, екіншілері жүріп тамақтанады. Екеуі де қате. Тамақты асықпай, шайнап жеген адам аурудан аман болатынын ұмытпауы тиіс.
Өтім ауырады деп кейбіреулер дәрі ішіп жатады. Бұл жерде де жоғарыда айтқандай, өт өз жұмысын толық орындап тұрған жоқ. Онымен байланысты қан тамырларының біреуінен ақау шыққан. Қан дұрыс бармағандықтан, ми оған жұмысты қалай атқару керектігі туралы дұрыс тапсырма бермегендіктен өттің жұмысы нашарлайды.
Қан тамырларының дұрыс жұмыс істемеуінен ішкі ағзалар қызметі бұзылады. Қан қысымының көтерілуі де осыған байланысты. Ішкі бұлшық еттің де тамырлары бар. Тамырдың жұмысында кедергілер болғанда қан ұюы басталады. Мұны тромб немесе гематома деп атайды. Бұлар болғанда қан жүрмей қалады. Ал оның ақыры үлкен қасіретке апарып соғуы мүмкін. Ол үшін уқалау дұрыс жасалуы керек. Менің басқалардан ерекшелігім сол – тамырларда қан қай жерде дұрыс жүрмей тұрғанын, тоқтағанын жоғарыда айтқандай дертті өз денеме қабылдау арқылы білемін. Сол жерді уқалау арқылы жұмысын қалпына келтіремін. Ал қан айналымы дұрыс адам ешқашан ауырмайды».
…Сайлаукүл Бегімқызы осылай дейді. Біз ол кісінің әңгімесінен ерекше әсер алдық. Жаныма еріп барған досымның дерті қашаннан басталып, қалай ауыратынын дәл айтып берген соң айтқандарына сенбеске амалымыз қалмады. Сөйтіп ол кісіге емделуге баратын болып шештік.
Нұрбереке ҚАСЫМТЕГІ.
Арыс қаласы.
Сайлаукүл Бегімқызының байланыс телефондары – 8-702-270-22-94, 8-771-137-71-06.
zamana.kz
[:]