АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]29 жастан асқан жетімдер: Көшедегі не түрмедегі өмір…[:]

[:kz]

Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ екенімізді кейде мақтанышпен айтатынымыз бар. Қазіргі кезде сол ата-ана мейіріміне зәру болып өскен қыз-жігіттердің жағдайы қандай? 9 ай көтеріп, жанын шүберекке түйіп дүниеге әкеліп, кейін өз шақалағын жетімдер үйіне тастай салып, қиындықтан шығудың оңай жолын таңдайтын аналардың саны күннен-күнге өсіп жатыр. Ал әке-шешесінің махаббатын сезінбек түгілі, түр-тұрпатын білмейтін балалар қаншама? Солардың бірі 25 жастағы Серік Кенжебеков. Балалар үйінің түлегі Qamshy.kzақпарат агенттігінің редакциясына келіп, қазіргі жетім балалардың қиын өмірі туралы айтып берді.

«Неге үкімет жетімдерге жағдай жасамайды», — деп сөз бастаған Серік Кенжебеков те бұрындары жетімдер үйінде тәрбиеленген.

«Қазір мен Жастар үйінде тұрып жатырмын. Жастар үйінде жетім балалар 29 жасқа дейін ғана тұра алады. Онда түрлі сұмдық оқиғалар болып тұратынын білемін. Алайда жетім балалардың көпшілігі болған оқиғаны жасырып  қалады. Себебі олар қорқады. Егер олар үкіметтің жатақханасындағы жиі болып тұратын төбелесті айтатын болса, оларға қысым жасалатын көрінеді»,- деп өз ойын ашық айтты Серік Кенжебеков. Сонымен бірге, Серік Кенжебеков Жастар үйінде 28 тамыз күні болған Равил Каримов есімді жігіттің өртеніп қайтыс болғанын айтты. Осыған байланысты Жастар үйінің басшысы Гүлмира Иманбаевадан мән-жайды сұраған едік. Алайда бұл іске қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатқандықтан нақты ақпаратты жариялай алмайтынын айтты.

Серік Кенжебековтың айтуынша,  Жастар үйіндегі жетім балалардың 70% жаман жолға түседі. Сонымен бірге жетімдердің қылмыс әлеміне түсуіне жұмыссыздық себеп болатынын да атап өтті.

«Қазақстан көп ұлтты мемлекет екені белгілі. Көптеген халақаралық деңгейде шаралар да өтіп жатыр. Бірақ неге жетімдердің жағдайын жақсартпайды? Бізде мысалы жетім бала әскерге бара алмайды, ондай заң жоқ. Көбінесе әскерге жетім баланы алмай жатады. Көбі ЖОО оқуға мүмкіндігі жоқ. Ал жоғары білім жоқ адам дұрыс жұмыс орнында қызмет ете де алмайды. Неліктен біздің елде жетім балалар Жастар үйіндегі бір бөлмеде тұруы керек? Үкімет үнемдеу мақсатында көп қабатты жатақхана тұрғызып қойып, жетім балаларға бір бөлмені ғана беріп қойған. Олардың негізгі мақсаты жетімдерге үй бермеу. Мәскеу қаласында 18 жасқа толған әрбір жетім балаға бір бөлмелі болса да  үй беріледі. Ал бізде ондай жоқ. Алматы қаласындағы 18 жастан асқан барлық жетімдер Жастар үйі деп аталатын жатақханада тұрады. Бір бөлмеде үш-төрт адам. Неге бұл жатақхананы жауып 18 жастан асқан әрбір жетім балаға бір бөлмелі болса да үй салып бермеске?! Біздің елдің жағдайы жақсы, қаражаты жеткілікті ғой. Бізде мүмкіндік бар. Менің жасым қазір 25-те. Алайда 29 жасқа толғанда мен қайда барамын? Үйдің кезегіне тұрған болсам да, әлі кезегім жеткен жоқ. Себебі үйдің кезегінде адам көп. Еліміздегі осындай өзекті мәселер тез арада шешілсе екен деймін», — деп сөзін аяқтады Серік Кенжебеков.

Біз осы мәселенің себебімен қатар салдарын да қолға алып, шешуге тырысуымыз керек. Жетім балалар онсызда бала кезінен психологиялық соққы алып, өмірдің қиыншылығына бейімделіп, тез есейеді. Алайда маңдайынан сипар анасы, арқасынан қағар әкесі болмаған соң өмірдің ағы мен қарасын айыра алмай тура жолдан адасуына сыртқы фактор да әсер ететіні сөзсіз… Себебі жетімдер үйінің барлығы бірдей дұрыс тәлім-тәрбие береді деп сенімді түрде айта алмаймыз. Жетімді жылатпай, маңдайынан сипаған қазақтың қазіргі жетім балаларының жай-күйі әзірге жақсы деуге келмей тұрғаны даусыз…

Ресми ақпараттарға сүйенсек, Республикамызда 75000 жетім бала бар екен, олардң 660 интернатта тәрбиеленуде, олардың ішінде: жалпы және санаторий түріндегі мектеп-интернаттарда — 37 541 бала, мектеп жанындағы интернаттарда — 15 096 бала, балалар үйлері мен жетім балаларға және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп–интернаттарда — 12 574 бала, кемтар балаларға арналған түзеу мекемелерінде — 12 599 бала, ерекше тәрбиелену жағдайларына мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге, мінез құлқы девиантты балаларға арналған мектеп-интернаттарда — 884 бала, отбасы үлгісіндегі балалар ауылдарында – 281 бала, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерде тәрбиеленуде. Жетім қалған балалардың негізгі бөлігі білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының интернат мекемелерінде тәрбиеленуде. Мұндай мекемелерде бала, бірінші кезекте, ата-анасының қамқорлығына зәру, бұл оның табиғи дамуына кері әсер етіп, нәтижесінде ауыр психологиялық салдарларға әкелуі мүмкін. Балалар еркін қоғамдағы жауапты өмірге дайын болуға тиіс. Ал жетім бала балалар үйінен түлек болып шыққаннан кейін күн сайын ересектердің көмегінсіз бастан кешіруіне тура келетін түрлі проблемаларды шешуге қауқары жоқ. Балалар үйлерінде тәрбиеленгендер отбасы бар қатарластарына қарағанда қылмысқа жиі араласады, жұмысынан немесе тұрғын үйінен неғұрлым жиі айрылады, ал өз отбасын әрең құрса, оның нашақорлық немесе маскүнемдік жолға түсуі тіпті оңай, сонымен қатар олардың арасында суицид құрбандары да жиі кездеседі. Бұл олардың жеке-дара өмірге енуінің үлкен қиындықтармен ұштасып, әрқашан қаражаттың тапшы екендігінің көрінісі. 

Былтыр еліміздегі жетімдер үйінің саны қысқарды, асырап алушылардың саны көбейіп, жетім балалар ата-ана мейіріміне бөленді деген ақпаратты жарыса жаздық. Жетімдер үйінің жабылып, жетім балалардың жаңа отбасымен танысып, сіңісіп кетуі жақсы ғой  әрине, алайда жетімдер үйінде тәрбиеленіп, отбасының жылуын көрмей өсетін балалардың жағдайы не болмақ? Олар 18 жасқа дейін жетімдер үйінде тәрбиеленеді, кейін 29 жасқа дейін үкіметтік жатақханаға орналасады, ал 29 жасқа толған жетім балалардың қалған өмірі көшеде не түрмеде өтуі керек пе? Серік Кенжебековтың айтуы бойынша, жетім балалардың 70 % есірткіге тәуелді, қыздардың көбісі жеңіл жүріске салынып, тәнін саудалап ақша табады. Осындай жолға түскен олардың да кінәсі бар екені түсінікті. Алайда сыртқы факторлар олардың тура жолдан тайып, адасуына әсер ететіні де сөзсіз. Не қолында көк тиыны жоқ, не жол көрсетер жақыны жоқ, ақыл айтар ата-анасы жоқ жалғыз бала қалай күн көруі керек? Осыдан кейін олар ерікті не еріксіз түрде ұрлыққа барады, қыздарды ақша табудың оңай жолы осы екен деп түнгі көбелекке айналады.

Қазіргі кезде жетім балаларға берілетін жәрдемақы бағысы жыл сайын өсіп жатқаны рас. 2016 жылы  жетімдерге берілетін жәрдемақы 22859 теңге болса, 2017 жылы 24459 теңгені құраған. Алайда қазіргі кезде жетімдерге берілетін жәрдемақы, студенттерге берілетін шәкіртақы және зейнеткерлердің зейнетақысының бағасы өскенімен бірге, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлардың да бағасы өсіп жатыр. Енді жетімдердің жәрдемақысы мен ата-анасы бар студенттердің шәкіртақысы бірдей десе де болады. Студенттер өздерінің шәкіртақысын 1 айға жетпейтінін айтып жатқанда, үйден ақша салып жіберетін ата-анасы жоқ жетімдер 24 мың теңгеге қалай күн көрмек?!

Енді 24 мың теңгені бір айға қалай жеткізуге болатынын орташа есеппен, болжамды түрде есептеп көрелік: азық-түлік – 7000 теңге; жолақы – 3000 теңге, киім-кешек – 5000 теңге, қалғаны – 9000 мың. Енді 29 жастағы жетім бала ешқандай жұмыс жасамаса, оқу оқымаса, 9 – 10 мың теңгеге пәтер жалдай ала ма? Қазіргі кезде Алматы қаласындағы ең арзан деген пәтердің құны 12 мың тұрады, сонымен бірге коммуналдық шығындар бар. 25 мың теңгеге Алматы қаласында да басқа да қалаларда өмір сүру мүмкін емес. Бұл көрсеткіш жетімдердің жәрдемақысын өсіру керек дегенді білдіреді. Сонымен бірге 18 жасқа толған жетімнің тұрғын үйге байланысты мәселесін де шешу керек. Қырғызстан елінде 18 жасқа толған әрбір жетім баланы тұрғын үймен қамтамасыз етуге байланысты заң бар. Біздің елдің жағдайы Қырғызстанға қарағанда әлдеқайда жақсы емес пе?! Аталған елде жетім балалар 18 толғанға дейін жетімдер үйін паналайды, ал 18 жасқа толған соң оларға тұрғын үй беруге байланысты заң бар. Жыл сайын мемлекет қазынасынан жетім балаларға арнап түрғын үй салуға белгілі бір деңгейде қаражат жұмсалады.

Біздің елде жетімдерге ЖОО түсуге, жұмысқа тұруға байланысты түрлі жеңілдіктер бар. Алайда неге жетім балалар көшеде жүреді, неге көбісі жұмыссыз жүреді?! Жауабы түсініксіз сұрақ…

Алайда жетім балалар дүниеге келе салып та психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алған, енді есейген кезде осындай «лас» өмір сүріп, қиындыққа тап болуы олар үшін тағы да ауыр соққы болатыны белгілі. Сол себепті осындай өзекті мәселеге де бей-жай қарамай, шешуге тырысу керек. Жетім балалар да біздің қоғамның мүшесі… Оларды ата-анасы тастап, қараусыз қалдырса да, мемлекет қараусыз қалдырмайтынын айтқаннан гөрі дәлелдеген дұрыс…

Әсел Болатқызы

«Қамшы» сілтейді

[:]