[:kz]
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Алматы қаласындағы өкілдігінде әріптесіміз, «Айқын» газетінің тілшісі Қайыржан Төрежановтың «Сыртқы барлау» атты кітабының тұсаукесері өтті. Шараға «Сырбар» қызметінің басшылары мен кітап кейіпкерлері – сыртқы барлау қызметінің отставкадағы генералдары мен шет елдерде арнайы операцияларды орындаған барлау ардагерлері қатысты.
Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметі қашан да күрделі әрі құпия. Бұл қызмет барысында атқарылған істердің бәрі жалғанның жарығына шыға бермейді. Ел қауіпсіздігі жолында толассыз тер төккен, ғұмыры кейінгілерге ғибрат ардагерлердің есімдері мен ерліктері көбінесе ашық жария етіле бермейтіндіктен, олардың атқарған істерінен ел-жұрт та хабарсыз қалып жатады. «Айқын» газетінің тілшісі Қайыржан Төрежанов қалам қуатын сыры көпке беймағлұм осы саланың ұңғыл-шұңғылын зерттеуге жұмсаған. Оның айғағы – оның қомақты кітап болып шыққан «Сыртқы барлау» кітабы.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде қазақстандық барлау қызметіне басшылық жасаған генералдар – Болат Мешінбаев, Жеңіс Рысбаев, отставкадағы полковниктер – Мұрат Сыздықов, Ғабиден Бекмұхамедов, Талғат Әмірғалиев, ҰҚК ардагерлер кеңесі Алматы филиалының төрағасы Әбдімәлік Райымқұловтар оқырмандарға жол тартқан барлаушылар туралы туындыға ақ жол тілеп, жалғасын табу крек деген пікірлерін айтты.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының «Барлау» қызметі Президент Жарлығымен 1997 жылдың 5 қарашасында құрылған-ды. Осылайша сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 2009 жылғы 17 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін сыртқы баолау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі құрылған.
Қайыржанның «Сыртқы барлау» кітабы қамтыған уақыты мен көлемі жағынан қазақ сыртқы барлау қызметі туралы жазылған алғашқы деректі туынды. Бұл деректі шығармада Қазақстан барлауының өзіне ғана тән әртүрлі қырлары, оның жұмыс ерекшеліктері ғана емес, жалпы сыртқы барлау қызметінің кейбір көмескі тұстары да қамтылған. Барлау органдарының оң имиджін қалыптастыру бойынша әріптесіміз қазақ баспасөзінде бұрын қалыптаспаған, көп айтылмай келген тың тақырыпқа түрен салып отыр. Бұл туындысында автор барлаушы ардагерлердің отансүйгіштік бағыттағы тәрбиелік-насихаттық мәні зор даңқты жолдары мен ерліктері туралы, осы уақытқа дейін қалың оқырман үшін құпия болып келген сыртқы барлау операциялары туралы баяндайды.
– Жалпы барлаушылар деген кімдер, олар дәл қазір немен айналысып жүр деген сұраққа нақты ешкім жауап бере алмайды. Барлаушының қандай қызметте екендігін тіпті тығыз қарым-қатынас жасайтын көршілерінің де білмеуі заңды. Олардың өздері атқаратын қызметтері жайлы ең жақын адамдарына, балаларына, тіпті немерелеріне де құпиялылығы ашылғанша кейбір арнайы операциялар туралы ештеңе айта алмайды. Сондықтан осындай деректі кітап керек. Кітаптың жарық көруіне «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі тікелей қолдау көрсетті. Алдағы уақытта осы бағытта сериалы кітаптар жазсам деген жоспарым бар, — дейді «Сыртқы барлау» кітабының авторы Қайыржан Төрежанов.
Тұсаукесер барысында Астанадан арнайы келген республикалық ҰҚК ардагерлері кеңесінің төрағасы Кенжеболат Бекназаров ҰҚК төрағасының бұйрығымен берілген «Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 25 жыл» мерейтойлық төс белгісін әріптесіміз Қайыржан Төрежановтың кеудесіне тақты. Сыртқы барлау қызметі тарапынан Алматы ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Болат Мешінбаев «Сырбар» Офицерлер жиналысының шешімімен тағайындалған 500 мың теңгенің сертификаты және ТМД арнайы қызмет ардагерлер кеңесінің атынан ардагер-барлаушы Қабдолда Бекжанов «П.А.Судоплатов» атындағы медальды тапсырды.
Шығарма шынайы дереккөздерден, архивтерден алынған мақалалардың негізінде жазылған. Бұл тың туынды арқылы оқырмандар қазақстандық барлаушылардың нақты атқарған жұмыстарының кейбір айтылмай келген сәттерінен, арнайы қызметтің шынайы деректерге негізделген құпия операциялары туралы тың мағлұматтар алады. Яғни бұл кітап автор Қазақстан Республикасы «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің кейбір құпия қырларына қанықтырып, барлаушылар туралы шынайы суреттей білген. Сондықтан оқырман қауым тарапынан сөзсіз қызығушылық тудырады деген сенімдеміз. «Сыртқы барлау» қызметінің қолдауымен жарыққа шығып отырған кітап жаппай сатылымға шығарылмайды, барлық облыстардың кітапханаларына, арнаулы оқу орындарына және осы қызметтің ардагерлеріне тегін таратылады.
Алтынорда
[:]