АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазақ қызы Аселина АҚШ-та тұрады[:]

[:kz]

Өмірде түрлі қиындықтарға тап болса да қажымайтын, мойымайтын, керісінше, жігерлене түсетін жандар бар. Солардың бірі – Аселина Лесса Андрулаки (Батырбекова). 

Ол бүгінде әлеу­меттік желі арқылы мыңдаған қыз-келіншекті соңынан ертіп, салауатты өмір салтын сақтауға, дұрыс тамақтануға, сондай-ақ артық салмақтан арылуға көмектесіп келеді. Ол осы жұмысы үшін ешкімнен көк тиын алған емес. Таяуда біз сонау АҚШ-та тұратын қазақ қызы Аселина Лессамен сұхбаттас болдық.

– Аселина, атыңыз да, тегіңіз де ерек­ше екен. Сіз қазақсыз ба?

– Әрине, мен қазақтың қарапайым қызымын. Жамбыл облысына қарасты Жаңатас деген қалада дүниеге келгенмін. Бірақ кейін әкемнің жұмыс бабымен Қарағандыға қоныс аударғанбыз. Сол жақта Тәттімбет атындағы музыкалық колледжде, опера және вокал бөлімінде білім алдым.

Аселина – менің азан шақырып қо­йылған атым. Отбасында үш қыз өскенбіз. Сіңлілерім елде, Қазақстанда тұрады.

Мен 18 жасымда Қарағандының жігітіне тұрмысқа шыққанмын. Өкінішке қарай, біздің бақытымыз баянды болмады. Қызымыз енді туылғанда күйеуім жол апатынан қаза тапты. Осыдан кейін мен төркініме қайтып келдім. Араға үш жыл салып тағы бір жігітті кездестірдім. Екеуміз бас қостық. Ол менен 17 жас үлкен еді. Соған қарамастан қайынжұртым мені аса жақтырмады. «Ұлымыз балалы әйелге үйленді» деген көзқараспен қарады. Осылай ырың-жырыңмен жүргенде екінші ұлымды дүниеге әкелдім.

Ал 2009-жылы дәрігерлер маған «Қатерлі ісік ауруына шалдыққансыз», – деді. Бұл сөзді есту маған, әрине, оңай тиген жоқ. Өмірлік серігім деген адам мені осы сәтте тастап кетті. Қайтадан екі баламмен төркініме келдім. Бар жиған-тергенімізді сатып, Германияға барып ем алдым. Үш рет химиялық терапия алған адам қайбір оңсын? Тек ата-анам­ның, бауырларымның шексіз ме­йірімі мен қамқорлығының арқасында мен бұл ауруды жеңіп шықтым. Жаңа өмір бастадым. Балаларға арналған «Фешн бэби» деп аталатын өнер орталығын аштым. Бірнеше халықаралық байқауларға қатыстық. 2012-жылы Грекияда өткен бір байқауға балаларды алып барғанымда қазіргі жолдасыммен таныстым. Оның ұлты – грек. Ол кісінің мамандығы – дипломат. Сол себепті қазір Америкада, Джорджия штатында, Атланта қаласында тұрып жатырмыз.

– Қазақ халқы қыздардың өзге ұлт өкі­ліне тұрмысқа шыққанын аса құптай қоймайды. Сіздің туыстарыңыз бұған қалай қарады? Ал күйеуіңіздің ата-анасы сізді қалай қарсы алды?

– Әрине, бәрі бірдей құптады деп айта алмаймын. Ұрысқандар да, сынағандар да, сыртымнан өсектегендер де болды. Тіпті әлеуметтік желілерде мені қарғап-сілегендер де табылды. Бірақ тағдырға кім қарсы шыққан? Қазіргі жолдасым мені екі баламмен қабылдады. Өзінің шынайы сезімін білдірді. Барлық ауыртпашылықтан бірге өтейік деп ұсыныс айтты. Мен де оны шын сүйдім. Күйеуімнің туыстары да жақсы қабылдады.

– Гректердің салт-дәстүрінде қандай да бір ерекшелік бар ма?

– Әрине, Грекия – еуропалық мемлекет. Сондықтан олар әйелдер мен еркектердің құқы тең деп қарайды. Ал грек азаматы үшін отбасы – қорғаны. Өзі құрған отбасын барынша қорғайды. Оларда біреуді сыртынан өсектеу, көреалмаушылық деген жоқ. «Бар ма, демек, ол соған лайықты. Рахатын көрсін» деген пікірде жүреді.

Ал енді салт-дәстүрі туралы айтар бол­сам, бізде, мәселен, ұзату тойынан соң қыз күйеу жігіттің үйіне кетеді ғой. Ал оларда күйеу жігіттің туыстары той істе­мейінше екі жас бірін-бірі көрмеуі керек. Тойда біздікілер секілді ұзын-сонар тілек айтылмайды. Тек ән айтып, би билеп, ішіп-жеп отырады. Айтпақшы, жаңа түскен келін өз қолымен күйеуінің туыстарын тамақтандыруы керек екен. Сосын шаймен ішетін тәттілерді ыдысына қасықпен немесе шанышқымен салуға болмайды, тек қолыңмен ұсынасың…

– Дінге, тілге қатысты көзқарастарыңызда қарама-қайшылық жоқ па?

– Менің ата-анам өте қазақи, дінге, тілге берік жандар. Сол кісілердің тәрбиесін алғасын мен де өз дініме, тіліме асқан жауапкершілікпен қараймын. Өзге дінге өткен емеспін. Жылына бір келетін Оразада ауыз бекітемін, ауызашар береміз. Оған күйеуім ешқашан қарсы болған емес. Христиан дінін ұстанса да «Құдай – бір» деген көзқараспен өмір сүреді. Менімен бірге мешітке барып, садақа тастайды.

Ал үйде күйеуіммен орыс, грек, ағылшын тілдерінде, балалармен қазақ тілінде сөйлесемін.

– Сіз бүгінде «Инстаграм» арқылы тегін марафон өткізудесіз. Оған не себеп болды?

– Аты жаман аурумен арпалысқан сәттерде мен тым толысып кеттім. Гормоналды дәрілерді қабылдағаным бар, стресс, құнарлы тағамдарды тұтыну салмағымды 90 килоға жеткізді. Кейін мен дұрыс тамақтану, спортпен айналысу арқылы 63 килоға дейін арықтадым. Осыны көрген қыз-келіншектер маған «Қалай арықтасақ болады?», «Дұрыс тамақтануды үйретіңізші», «Күйеуім семізсің деп көзіне ілмейді» деген тұрғыда хат жаза бастады. Ойлана келе бәрінің басын қосып, салауатты өмір салтын ұстанудың қарапайым әрі қолжетімді жолдарын үйретейін деп шештім.

Дәл қазіргі таңда оларды «Уатсап» арқылы 5 топқа бөлдім. Бәрін қосқанда 1 мыңнан астам адам болды. Бірінші топта 30 килоға дейін салмақ тастағысы келетіндер, екінші топта – 20 килоға дейін, үшінші топта – 10, төртінші топта – 5 килоға дейін салмақ тастағысы келетіндер, ал бесінші топта өз салмағын қалыпта ұстағысы келетіндер отырады. Олардың әрқайсысы арнайы анкета толтырып, маған жіберді. Суреттерін қоса салды. Күн сайын оларға арнайы меню түзіледі. Нені жеп, нені шектейтіні туралы егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Жаттығуды қалай, немен жасау керектігі видео арқылы күніне бір рет жолданады. Марафон біткесін қайтадан фотоесеп берулері тиіс.

– Жалпы, спортпен айлап айналыссам да артық салмақтан арыла алмадым деп шағымданатындар көп. Оның себебі неде?

–  Артық салмақтан арылу ең бірінші кезекте спортпен байланысты емес. Дұрыс тамақтануға қатысты. Мың жерден жүгір, жаттығу жаса, егер тамақты опырып жей берсең, онда еңбегің зая кетеді. Сондықтан әр адам салмақ тастау үшін алдымен дұрыс тамақтануды үйренуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ

zamana.kz/

[:]