[:kz]
Алматы облысы Алакөл ауданында іссапарда жүргенбіз. Қабанбай батырдың 325 жылдық тойы. Жол үсті өткенде көргеніміз – шалғайда қалған ауылдардың көпшілігі жаңармай қалыпты. Бір кезде тіршілік қайнап жататын еді деген естеліктерді естіп, қараусыз қалған қамбалар мен гараждарды, әлдебір ғимараттардың арбиған қаңқасын көрген сайын көңілің жабырқайды.
Осы бір көркем табиғатпен астаса қоймайтын жүдеу ауылдардың арасында аспаннан түскендей, әлдеқайдан адасып келе қалғандай жарқырап жатқан бір ауыл бар. Жыланды ауылы. Бәрі жаңа, бәрі заманауи. Спортқа қатты мән береді. Тегін қымыз тарататын қымызханасы бар ауылдың арақ сатпайтыны жайлы да естігенбіз. Енді аралап жүрміз. Аралап жүрген біз емес, әкімдіктің адамдары. Ақыр келіп қалдық, көре кетейік деп, бір сапарына бірнеше жоспар сыйдырып келетін шенеуніктердің әдетімен соңынан біршама адамды шұбыртты да, тартып отырды. Қайда барса да, кіргенінен шыққаны тез. Біздің ауылдық басшылар да бұл әдетті әбден меңгеріп алған ба, кіргеннен аузы-аузына жұқпай сөйлей жөнеледі. Қаптаған цифрды диктофоннан естіп ала салатынымызды ойлап, онша күш салмай тыңдаймыз. Қайда барсақ та алдымен журналистер жетіп алып, күтіп отырады. Жергілікті өзге жұрт айтса да, айтпаса да осында. «Тексеруді» күтіп отырғанбыз. Сыртта. Жаңа салынған мектептің алдында. Осы ауылдың тумасы, ауылды бастан-аяқ қайта қалыптаған белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов салдырған. Маужырап көлікте отырғам. Әріптесіміздің бірі арт жағымыздағы көлікте боксшы Қанат Ислам отырғанын айтты. Қара түсті «Ланд-Круйзер Прадоның» соңғы моделі тұрған, соны нұсқайды. «Жүр, барып амандасыңдар. Жақында «бойға» шығады, білесіңдер ғой?» деп тақымдап қоймайды. Жасырған бір қулығы бардай, жымың-жымың етеді. Ойнап тұр деп ойласақ та, немкеттілеу беттей бердік. Рас, отыр екен. Рөлде. Және бір өзі. Амандасып жатырмыз. «Мынау бір астамсып қалған біреу екен деп ойлап қалмасын» деп өзін қарапайым ұстауға тырысатын елге белгілі адамдардың әдетімен барынша кішірейіп отырғаны байқалады. Десе де, бойына онша тоғытқысы жоқ. – Қайреке, мына жігіттер де сізді Қанатпен шатастырып тұр. Өздерінен сұрайықшы ал… Қанат қой?.. – Қанат қой… – дейміз. Әріптесіміздің соңғы сөзінен кейін күмілжи бастадық. – Қанат емеспін дейді мына кісі. Аты Қайрат, туған ағасы екен. Жапырыла «Қанатқа» қараймыз. Ол да сыр алдырмайды. – Қанат Америкада қазір. «Бойға» дайындалып жатыр. Мен туған бауырымын. Атым Қайрат. Елдің бәрі шатастырады… Сенер-сенбесімізді білмей біраз тұрдық. Сенейік десек, аумайды. Әдетте, спортпен тұрақты айналысатын адамды ажырату аса қиындық туғызбайды. Сенбейік десек, өзгені қайдам, қазаққа әбден белгілі һәм соншалық сүйікті болып кеткен боксшының осынша қамсыз, жалғыздан жалғыз, салт жүргені көңілімізге сыймай тұр. Ананы, мынаны сұраймыз. «Сіз де боксшысыз ба сонда?» – деген сұрағымызға «Күреспен айналысам», деп жауап берді. Сөйтіп, аздап сене бастағанда ғана, сойып қаптап қойғандай бауыры бар екені рас болса, осы күнге дейін әйтеуір бір естір едік қой деген «бұлтартпас» ой келді. – Сіз – Қанатсыз ғой! «Енді алданбаймын» деп тұрған сенімді жүзімізді көріп, райынан қайтқан түрмен, жымиып қойды. Сосын көлігінен түсті. Бастан-аяқ спорттық үлгіде киініпті. Ол кезде Астанада өтетін бокс кешіне әлі біраз уақыт бар еді. Соған дайындалып жатқан кезі екен. «Америкада да дайындала беруге болар еді, климатқа үйрену керек. Әзірге осындамыз, бір ай қалғанда Астанаға барам. Жаттығуды әртүрлі жерде өткізіп тұрғанның да пайдасы көп», деп бокс жөнінен аз-кем сөз шығарды. Сосын, суретке түстік. Арамыздағы бір әріптес Қанат пен Қайраттың әсерінен толық арыла алмай (Қанат екеніне әлі де сенбей) тартыншақтады ма, әлде, атақты адамға жағынғандай болып, шалғайына орала кетуден қорынды ма, «суретке мен түсірейін» деп, фотографты қатарға тұрғызып, фотоаппаратты қолына алған. Тетігін таппай бөгеліп қалды. – Әй, болсаңшы, кімді суретке түсіргелі жатқаныңды ұмытпа. Анаған жұдырығыңызды көрсетіп қойыңызшы, Қанеке? – деді әлдекім. Бұл қушыкеш сұраққа Қанат салмақты жауап берді: – Жұдырықты рингке шыққанда көрсетсек те жетеді. Аз болмағанда сеніп қала жаздағанымызды айтып, жөнімізге кеттік. «Ылғи осылай, Қайрат бола саласыз ба?» дегенімізге «Жоқ», деп жауап берді. Әлем чемпионы басымен осылай салт жүргеніне аздап қысылатын сияқты көрінді маған. Былай шыққан соң: – Экран ашатын адамдар болады. «Фотогеничный» дейді ғой, Қанат ондай емес екен. Экранда басқалай көрінеді ғой, былай көргенде, келісті, сұлу жігіт екен ғой, – деді әлдекім.
Алмас НҮСІП
«Егемен Қазақстан»
[:]