[:kz]
Аса құрметті Сооронбай Шарипович!
Сізді Қырғыз Республикасының бесінші президеті болып сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бауырлас қырғыз елінің бүтіндігіне, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуыңызға тілектеспін!
Міне, жаңа қызметіңізге кіріскен алғашқы күні экс-президент Алмасбек Атамбаевқа «Қырғыз Республикасының Батыры» атағын беру туралы тұңғыш жарлыққа қол қойдыңыз. Бұл шешіміңіз – Сіздің досқа адал, уәдеге берік, өткенге құрметпен қарайтын жан екеніңізді бірден әйгіледі.
Ал, жаңа президент ретіндегі екінші Жарлығыңызды қамақта отырған Өмірбек Текебаевты босату туралы шығарсаңыз, абыройыңыз, тіпті, асқақтай түспек және Сіздің әділетті, турашыл басшы екеніңізді мейілінше дәлелдей түспек. Бұл қадам – көп ұлтты Қырғыз Елінің бүтіндігі, тыныштығы үшін де өз жемісін бермек!
Себебі, Өмірбек Текебаев Тәуелсіз Қырғыз Республикасының тарихында бірінші болып, 1990 жылы «Қырғызстан өз тәуелсіздігін жариялауы керек!» деп, Жогорку Кеңештің мінбесінен мәлімдеме жасаған азамат! Сондай-ақ, бірінші болып Партия құрған және оның төрағасы болып, демократияға қадам тастаған да осы – Өмүрбек Чиркешович.
Одан бергі 2005, 2010 жылдардағы екі реткі революцияның басында тұрған, Уақытша Үкімет түзіп, өз Елін екі реткі аса қиын жағдайдан алып шыққан бірегей тұлға. Соңғы төңкеріс кездінде Қырғыз Республикасының «Баш Мизамын» («Ата Заңын») өзі бас болып жасаған білікті қайраткер.
Ақиқатын айтар болсақ, Алмасбек Атамбаев тақта отырған алты жылда елде айтарлықтай тұрақтылық, тыныштық, даму, өркендеу болды десе, ол – осы Өмүрбек Чиркешович бас болып жасаған «Баш Мизамының» («Ата Заңның») арқасы! Қырғыз Республикасын Орта Азиядағы демократияның отаны десек, сол демократияны, парламентаризмді орнатушылардың басында да Өмірбек Текебаевтың аты тұрады.
Оның бер жағында, Өмірбек Текебаев барлық қиын-қыстау шақта экс-президент Алмасбек Атамбаевпен қол ұстасып бірге жүрген, оның Қырғыз Республикасының төртінші президенті болуына бірінші болып ықпал еткен, тіпті президент болғалы тұрған жерінен өз орнын берген кең кеуделі күрескер екенін де қырғыз жұрты айтып жүр.
Әлем тарихында уақыт, заман тудырған тарихи тұлғалардың ортақ бір ерекшелігі – олардың өз елінің шегарасынан аттап өтіп, тағдырлас халықтарға ортақ перзент болып кететіндігі.
Маха́тма Га́нди, Не́льсон Манде́ла, Дэн Сяопин, Алпарслан Түркеш сынды дүниеге әйгілі тұлғалардың бәрі де кезінде бақталастары жағынан қуғынға ұшырап, түрме азабын бір кісідей тартқанын, әділетті билік орнаған сәтте ақталып, туған халқының өсіп-өркендеуіне өшпес үлес қосқанын Өзіңіз жақсы білесіз.
Сізбен бір жылда дүниеге келген даң құрдасыңыз Өмірбек Чиркешович те бүгінгі таңда осы мен атаған тұлғалардан бір кем емес кемеңгер. Ол – осы күйінде, Құдай жаманат хабар естіртпесін, жер бетінен жоқ болып кетсе де, есімі Тәуелсіз Қырғыз Елінің тарихында «Мандатсыз Президент» ретінде алтын әріппен әшекейленіп жазылытын болады!
Отыз жылға таяу уақыт бойы Қырғыз Республикасының қалыптасуына, онда ТМД-ға арман болған демократияның орнауына теңдессіз үлес қосып келген Өмірбек Текебаевтың Өздеріңізге белгілі себеппен түрмеде отыруы, бар жиған-терген мол тәжірибесін туған ұлтының өркендеуіне жұмсайтын сәтте ортасынан шеттетілуі – тек қырғыз халқын ғана емес, бауырлас, тілектес мені де қатты алаңдатады және өкіндіреді.
Бір сөзбен айтқанда, Алмасбек Шаршенович пен Өмүрбек Чиркешович араға небәрі екі жыл салып дүниеге келген замандас жігіттер. Екеуі де қырғыздың маңдайына Алла берген жұлдызды азаматтар. Қазақ пен Қырғызда «Өкпеге қиса да өлімге қимайды» деген ортақ аталы сөз бар. Қолына билік тиіп, тізгін ұстаған кісіге қарата «Бастан жақты айырма!» деген талапты да бауырлас екі ұлт тең қолданса керек! Бір ұлттың аты мен атағы тең аталатын екі ұлының бірін марапаттап, екіншісін арыстандай аласұртып, қамап қою – Сіз ұстанатын жолдың принципі болмасы анық.
Мен толық сенем, Өмүрбек Чиркешович билікқұмар, атаққұр жан емес. Егер, Сіз екінші Жарлығыңызды Өмірбек Текебаевтың мәселесін қайта қарау туралы шығарып, заң талаптарын әділ сақтай отырып, оған өзінің кінәсіз екенін толық дәлелдеп, босатандыққа шығаруына, қызметіне қайта оралуына мүмкіндік берсеңіз, Ол бүкіл саналы ғұмырын, бар қажыр-қайратын, ұшан-теңіз білімін тағы да өз мемлекеті үшін аямай жұмсайтынына, Сізге адал көмектесетініне менің шүбәм жоқ! Өмірбек Текебаев Қырғыз Республикасының көрші елдермен қарым-қатынасы мен алыс-берісінің арнасына түсуіне де, қалыпты дамуына да зор ықпал ететініне көзім жетіп тұр.
Аса құрметті Сооронбай Шарипович!
Сізде жаңа қызметіңізбен және құттықтаймын! Қырғыз Еліне амандық-тыныштық, Өзіңізге мықты денсаулық, жаңа қызметіңізге мол игілік тілеймін!!
Бауырлас қазақ ақыны
Ауыт Мұқибек
Abai.kz
[:]