АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Әкеме донор болатын адам іздеймін[:]

[:kz]

«Замана» газеті арқылы көптен көмек сұрауыма  себеп болған  жайт – әкешім Сабаев Сәкен Айтжанбай­ұлының науқасы. Әкемнің оң бүйрегі семіп, сол жақ бүйрегінің тек 6 пайызы ғана жұмыс істеп, гемодиализге тәуелді болып қалғанына алдағы сәуір айында екі жыл болады.

Әкем 8 ағайынды. Бірақ бірге туған бауырларының ешқайсысының қан талдамасы әкеме сәйкес келмеді. Амал жоқ… Бірақ олар елден донор табылса, әкемнің өмірін сақтап қалуға дайын отыр.

Әкеме бүйрек алмастыру операциясын жасату керек дегенде анам бір сәт те ойланбастан өз бүйрегін бермек болды. Бірақ әкем оған келісім бермеді. Себебі анамның да денсаулығы мәз емес.

Бірге туған бауырларым әлі тым жас, кәмелетке толған жоқ. Ал өзім өткен жылы ғана жоғары оқу орнын бітірдім. Бала күнімде гепатитпен ауырғандықтан әкеме өзім донор бола алмайды екенмін. Сондықтан асыл әкемнің өмірін сақтау үшін мен амалсыз «Замана» газеті арқылы елден көмек сұрауға мәжбүрмін.

Мен елден жылу жинау үшін хабарласып жатқан жоқпын. Әкеммен қан тобы сәйкес келетін, донор бола алатын мейірімді жан іздеп отырмын. Ел ішінен осындай жан табылады деген үмітім бар. 

Әкемнің қан тобы 4+. Бұл – сирек кездесетін қан тобы. Дегенмен дәрігерлер барлық қан тобынан донор қабылдауға болатынын айтады. Осы күн тезірек келсе екен деп Алладан күндіз-түні сұраймын.

Отбасымыздағы жайма-шуақ бақытты күндер біз үшін өткен күннің еншісінде қалды. Әкем аптасына аудан орталығына барып, үш рет, төрт сағаттан  гемодиализ қабылдайды. Қиналғанын бізге білдіргісі келмесе де дастархан басында көңілімізді көтермек болып, ойнап-күліп отыруға тырысса да, оның жан-дүниесінде не болып жатқанын қабағынан ұғатын болдым. Әлі аяққа тұрып үлгермеген балаларының ертеңіне қатты алаңдайтынын, уа­йымын көзінен біліп отырамын.

Кәмелетке толмаған інілерім де балалықпен ерте қоштасқандай. 11-ші сыныпты биыл бітіретін кіші ба­уырым Санжар дәрігер-невролог болуға дайындалып жүр. Оның: «Е, Құдай, мен өсіп, дәрігер болғанша әкеме өмір берші!  Дәрігер болсам, әкемнің болар-болмас қана тіршілік белгісі бар сол жақтағы бүйрегін қайта тірілтетін, жасушаларды оятатын дәрі ойлап табар едім», – деп Құдайдан көзінің жасы төгіліп отырып тілегенін талай рет есіттім. Періште ғой бауырым. Ондайда ініммен қосыла жылаймын.

Бір білетінім, әкемнің өмірін сақтап қалуға әлі де болса мүмкіндік бар. Дәрігерлер әзірге бүйректен өзге ағза мүшелерінде кінәрат жоқ дейді. Өйткені әкем осы жасқа дейін саламатты өмір салтын ұстанды. Темекі тартпайды, спирттік ішімдіктерден аулақ болды. Тек бала күнінде қуық жолдарына суық тигізген екен. Ал ауыратынының алдында оншақты күн науқастанып қалды да, сол кезде қанға зәр араласып кетіпті. Биолог-маман ретінде мен бүйректегі жасушалардың семіп қалуы содан ба деп ойлаймын. Аурумен арпалысқан әкемді, әлі буындары қатпаған бауырларымды ойласам, жүрегімнен қан тамшылағандай күй кешемін, кеудеме біреу сансыз ине сұққылап жатқандай әсерде боламын. Бәрі де Алланың қолында ғой. Дегенмен мен әкемнен айырылып қалуға әзір дайын емеспін.

Ел іші ғой, әкеме бір бүйрегін беруге дайын адам табылып қалатын шығар деген үміт бар. Көп­шіліктен бұлай көмек сұрау маған да жеңіл емес. Бірақ әкемнің амандығы мен үшін бәрінен де жоғары! Әкеме қол ұшын беретін, оның өмі­рін сақтап қалуға себепші болатын бір мейірімді жан табылатын шығар деп үміттенемін. Әкем әлі жас – 48-де ғана. Перзентінің үлкені – менмін.

Егер донор боламын деген ерікті адам болса, маған  8-702-193-48-938-701-245-23-82 нөмірлі телефондарға хабарласса екен.

Ақбота САБАЕВА

 Zamana.kz 

[:]