[:kz]
Батыс Қазақстан облысында тұратын белгілі ақын Ұлдай Сариева өзінің жерлесі, Сирияға барып, ондағы қулық-сұмдықтардың куәсі болған әйелмен сұхбаттас болыпты. Жақсы өмір сүреміз, бақытты боламыз деген тәтті қиялға сеніп, ақырында сан соғып қалған қазақ қызының басынан өткен жағдай талайларға ой салады деген үміттеміз…
Редакция.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің мәліметінше, күні бүгін Сирия мен Ирактың отты аймағында 16 жасқа дейінгі 390 қазақстандық бала бар. Соның 214-і – ұл, 176-сы – қыз бала. «Ол балалардың бәрінің дін аман екенін біле алмай отырмыз. Себебі, балалар ДАИШ-тың құрсауында қалған соғыс болып жатқан аймақта», – дейді ҰҚК өкілі.
Алдағы уақытта Қазақстанға 50 бала әкелінеді деп күтілсе, күні бүгін 63 бала елге оралды. Солардың 4-уі қараша айында Грозный – Мәскеу қаласы арқылы 29 жастағы анасымен бірге Орал қаласына жеткізілген болатын. Олар Ресейден Сирияға жиһадқа кетіп, елдеріне кері қайтуды сұраған әйелдер құрамында Сирия аумағынан құтқарылды. Алды 5 жас, арты 3 айлық күнәсіз балалар әке-шешесінің қателігінің кесірінен бір жұтым суға зар болып, анасымен бірге талай азапты көріп, елге әйтеуір аман-есен оралды.
Бұдан 6 жыл бұрын Жанар (есімі өзгертілді) Пәкістан аймағында жүрген Ресей азаматымен интернет арқылы танысып, тұрмысқа шығу мақсатында жолға шығады. Ата-анасын, туған жерін тәрк етіп, қауіпті жолға бет түзеуге сол кездегі 23 жастағы қызға не әсер етті? Сөйтсек, бұл сұрақтың бір-ақ жауабы бар екен.
Ол – діни сауатын мешіттен, имамдардан ашпағаны. Исламды бұрмалаушылардың ықпалымен елімізде мойындалған дәстүрлі Ханаби мазхабынан бас тартып, намазды Ханбали мазхабымен оқып, діни сауатын интернет арқылы ашып, санасын бөтен ағымға жаулатқан Жанар туралы тағы да не білеміз?
Ол 1988 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келген. Дағыстан жігітіне тұрмысқа шығуды мақсат етіп, 2011 жылы 12 сәуірде елден қашып кетеді. Ақтау – Ыстамбұл – Иран – Пәкістан маршрутымен жолға шыққан ол екі апта жол қиындығын көріп, болашақ күйеуі Асбекке жетеді. Сол қалада некелерін қидырады. Уәзірстанда 1 жыл 3 ай тұрған Жанар виза мерзімінің бітуіне байланысты Пәкістан, Иран, Түркия шекарасын отбасымен бірге заңсыз кесіп өтіп, Ыстамбұл қаласына жетеді.
2014 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади халифат жариялайды. Отбасымен халифат жолына шығып, Сирияға жеткен Жанар жантүршігерлік жағдайларға, өтірік, алдап-арбау, өлтіру оқиғаларына тап келеді. Исламның шарттары сақталмаған елден кетудің жолдарын іздейді. Интернеттен видео қарап, мұсылмандар елінде исламға сай өмір сүруді ойлаған Жанар өзінің алданғанын, өзі ұстанған жолдың қате екенін соңынан біледі.
Бір кезде ата-анасын, кіндік қаны тамған туған жерін, Отанын еш ойланбастан қиып кеткен қыз қайтып оралып туған топырағына табаны тигенше небір құқайды басынан өткеріпті. Біз Жанармен Орал қаласында, облыстық мешітте кездесіп, сұхбаттастық.
Нағыз жұмақ болар деп ойлағанбыз
– Ол жерге шариғат бойынша жақсы тұрамыз деп ойлап барғанмын. Бірақ Пәкістан мұсылмен елі болса да, ол жерде ислам жоқ сияқты. Әйелді адам санамайды, дамымаған ел екен. Үйлері саз балшықтан салынған, жарық жоқ. Төбемізден үнемі бомба тастап жатты. Оның үстіне жергілікті тұрғындар мен әскерилер бізге күн көрсетпеді. Біз Уәзірстанда 1 жыл 3 ай ғана тұрдық. Тұңғышымыз сол жерде дүниеге келді. Нашар тұрмысқа шыдай алмадық.
Түркияға өтіп, Ыстамбұл қаласына тұрақтадық. Екінші қызым сол жерде дүниеге келді. 2014-жылы халифатқа жиналдық. Хадис бойынша халифат жарияланған жерге хиджра істеу керек. 2015-жылы екі баламызды алып, Сирияға кеттік.
– Жанар, Сирияда соғыс болып жатқанын білдіңіздер ме?
– Жоқ, барғанға дейін түк білген жоқпыз. Түркияда тұрғанымызда бейнероликтер қарадық. Әдемі түсірілген роликтер. Аурухана, жақсы дәрігерлер, балалар ойнайтын парктер… Тұрмыс тегін, нағыз жұмақ болар деп ойлағанбыз.
– Қалай қарсы алды?
– Бірден тінту жүргізді бізге. Түрмедегідей қолыңды артыңа ұстап тұрасың. «Тұр! Жүр! Тез!» деп бұйрық береді. Бәрі дөрекі, айқайлап зәреңді ұшырады. Халифат деп алып-ұшып келген біз не істерімізді білмей қалдық. Тұла бойыңды түгел тінтіп, телефон, флешка, жеке құжатымызды, пайдаға асатынды тартып алды.
– Құжатыңызды қайтып берген шығар?
– Бермеді. Сол әкеткеннен құжатымызды көрмедік. Олар бізге: «Енді сендерге құжаттың керегі жоқ, келдіңдер, енді өмірлеріңнің соңына дейін осында қаласыңдар» деді. Күйеуімді үш ай көрмедім…
– Үй берді ме?
– Барақта тұрам деп ешқашан ойлаған жоқпын. Барамыз, бізге тегін үй береді, бәрі тегін, рахат, мұсылмандар арасында тату-тәтті өмір сүреміз деп ойладық. Бізді Ракка қаласына апарды. Адам тұратын жер емес. Күйеуімді бірден алып кетті… Әйелдерді балаларымен 3 бөлмелі үйге орналастырды. Әйелдер балаларымен сол үйден шықпай отырып, күйеулерін күтеді. Кішкентай бір бөлмеде 15 адам тұрдық. Сыртқа шығармайды. Балалар ауыра бастады, ал емдейтін дәрігер жоқ. Барының өзі түк білмейді, ылғи топас. Аурухана лас, еш пайдасыз бір антибиотикті балаға да, үлкенге де бере береді. Ота жасарда үстіндегі киіммен жатқызады да, сол жерде бірден ота жасап, екінші бөлмеге апарып, лақтырып тастайды. Шаң болып жатқан құралмен ота жасайды да, ол құралды сол жерге қайта лақтырып тастайды және екінші адамға жумай қолдана береді. Әйелдер жеңілденгенде де сол…
– Күйеуіңізді қайда әкетті? Соғысқа қатысты ма?
– Жоқ, соғысқа салмады оны. Қару қоймасында істеді. Сирияға барған отбасын сол күні-ақ екі жаққа бөліп жібереді. Күйеулері басқа жерде шариғат сабағын алады, әскери дайындықтан өтеді. Ал әйел-баласы қамауда отырады. Сол әкеткеннен күйеуімді 3 ай көрмедім. 3 айдан соң ол келіп, бізді алып кетті.
– Қайда әкетті?
– Ракка қаласынан 3-4 шақырым жердегі бір қалаға көштік. Көшер алдында бізге амирлар: «Сендерге жаңа үй жабдықтарын береді, кір жуатын машина, тоңазытқыш – бәрі-бәрі бар. Қойманы ашады, ал сендер тек таңдап алыңдар» деген еді. Барсақ, қаладан адамдар көшіп кеткен, қаңырап бос жатыр. Қойма да, дүние де жоқ… Оншақты отбасы көшіп барғанбыз, бос қалған үйлерден үй таңдап алдық. Газ жоқ, қаланы аралап жүріп кір жуатын ескі темір машина, сынық плита, шіріп, сасып жатқан тоңазытқыш тауып алдық. Үйге әкеліп, тазалап жуып алдық…
– Тамақ, ақшаны қайдан алдыңыздар?
– Сирияға келісімен күйеуің сол жердегі ұйымға, жамағатқа кіреді. Жамағатта болмасаң, сені бірден түрмеге жабады. Ал солардың қарамағына кірген соң қайда жұмсаса да, барасың. Топқа бөліп тастайды, біреуі кеңседе құжатпен отырады, біреуі қару жинайды, тазалайды, біреуін соғысқа салады. Сол үшін ақша алып тұрады.
– Қанша ақша беріп тұрды?
– Алғаш барған кезде әйелдерге айына – 50, балаларға 35 доллардан беріп тұрды. Ал соңғы кезде 6 адамнан тұратын отбасына бар болғаны 30 доллар берді. Ол тамаққа жетпеген соң әйелдер компьютер, артық киімдерін сатып жатады. Сириялықтар дүкен ұстайды, бірақ сататын тамақтары жоқ. Түркиядан жүк көлігімен тамақ келеді кейде. Бірақ АҚШ пен Ресейдің «безпилотнигі» ол тамақты бізге, ДАИШ-тың ішіне кіргізбеу үшін бомба тастап, жарып жібереді. Базар, дүкендер жабылды, адамдар ашығып жатыр.
Анасын баласының көзінше өлтіріп жатыр
– Жанар, бір сөзіңізде ол жақта ислам жоқ дедіңіз. Тарқатып айтсаңыз…
– Ол жердегі өмір біз ойлағандай, шариғат бойынша емес, керісінше екен. Шынында да, ислам жоқ ол жерде. ДАИШ-тың бастығының ережесімен жүруің керек. Қарсы шықсаң, түрмеге қамайды. Ақида жағынан сабақ беретін «браттардың» айтқанын теріске шығарған ДАИШ-тың адамдары «Жоқ, сен олай үйретпе, айтқанымызды үйрет» деп бұйырады. «Браттарды» түрмеге қамап, өз адамдарына сабақ бергізеді. Видеода «Бізге келіңдер, ұнамаса, кері кете беріңдер» дейді. Алдап шақырып алады, келдің бе, кері кете алмайсың, ол жақтан кері шығу өте қиын. Еркектерді жертөлеге 2-3 ай қамап, сол жерде жазалайды, өлтіреді. Кетіп бара жатқан адамды «кафирлар» дейді. Өлтіріп тастайды да, отбасына «жол апатынан өлді» деп өтірік айтады. Ол жерде қаншама «сестралар» жылап отыр кері кете алмай, қор болған балалар қаншама? Сонда бұл сұмдықтың несі ислам?
Халифат деп хиджра істеп барып, қаншама мұсылман өлді. Мосулда қоршауда қалғандарды шығармады. ДАИШ-тың басшылары «Бұл жерден жан баласы шықпасын!» деп бұйрық берді. Ирактың әскерилері қолына түскен әйелдер мен балаларды жаппай өлтірді. Баласын анасының көзінше өлтіріп жатыр немесе керісінше. Әйелдерді құлдыққа сатуда.
Мосулда көп адам тұтқында отыр. Көбі қашып жатыр, бірақ жолда ұсталып өлуде. Ол жерде ешқандай халифат жоқ. Халифат деп барған мұсылмандар «Әбу Бәкір әл-Бағдади қайда, неше жыл өтті, өзі көрінбей ме бізге, әлде басқа видеосын шығармай ма? Бізге әрі қарай не істеу керегін айтпай ма?» деп шулады.
Бізге оны ес-түссіз жатыр деді. Қыркүйекте араб тілінде 6 сағаттық бір видео шықты. Естігендер «Оның даусы емес» деп айтып жатыр. «Ал Әбу Бәкір әл- Бағдади ақшаны алып, Америкаға қашып кетті, өзі еврей екен» дейді. Мақсаты – мұсылмандарды бір жерге жинап, құртқысы келіпті.
– Күйеуі өлген әйелдердің одан әрі тағдыры қандай болады?
– Күйеуі өлген соң әйел төрт ай иддасын өткізіп, қара жамылып отырады. Төрт айдан соң «күйеуге шық» деп мазасын ала береді. Ал күйеуге шықпасаң, күн көре алмайсың, ауырсаң, қарамайды. Бір бөлмеде он бес шақты әйел отырады, су, тамақ бермейді. Әйелдер амалсыздан күйеуге шығып жатыр. Кейбірі 5-6 рет шықты. Еркектер әйел етіп алады да, 3-4 күн немесе бір аптадан соң талақ береді. «Маған ұнамадың» дейді. Ештеңе істей алмайсың. Талақ болған «сестраны» жаңағы үйге апарып, лақтырып тастайды. Әйел сосын 4 ай иддасын күтіп тағы да отырады, 4 айдан соң тағы күйеуге шығады, сөйтіп қолдан-қолға өтіп жүреді. Күйеуі өлсе, әйелді тұрған үйінен қуып шығады.
Еркектер соғыстың бірінші күні-ақ өліп жатыр. Оларды бір ай әскери дайындықтан өткізеді. Дайындық деген аты ғана, мылтық ұстатып, әрі-бері жүгіртеді, болды. Соғыс тәсілдерін білмейтін, соғыс көрмеген еркектер қаруларын тастап қашып жатыр. Әуе соққысынан қырылып жатыр. Сирияда бір күн тыныш ұйықтай алмайсың, әскери ұшақ күндіз-түні тоқтаусыз ұшып, атқылауда. Бір бұрышта тығылып отырасың, сыртқа шығуға қорқасың. Қанша бала өлді, бомба түскен үйдің астында да қаншама «сестралар» қалды балаларымен?!
– Оларды қазып шығара ма, іздей ме?
– Көбі үйіндінің, қираған үйлердің астында қалды. Оларды аршып алатын адам да, уақыт та жоқ. Егер адамдар бір жерге топ болып тұрса, дереу бомбалап тастайды. Сондықтан ол жерде әркім өзі үшін бас сауғалауда.
Раккадан Оралға жеткенше…
– Өзіңіздің айтуыңызша, бір барған соң ол жақтан кері кету қиын екен. Сириядан қалай шықтыңыз?
– Қашып шығам деген адамдарды алып шығатын жолбастаушы болады. Ол адамды әрең іздеп таптық. 800-ден 4 мың долларға дейін ақша алады. Мені күйеуім отырғызып жіберді. Себебі, ер адамдарға жол жоқ. Қасымда балаларымен басқа да «сестралар» болды. Кассехаға жеткен соң бізді көліктен түсірді. Сол жерде бізді Түркияға апармайтынын, орта жолда далаға тастап кететінін түсіндік. Бір тәулік жаяу жүрдік. Күн салқын, балалар қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Түнде жолда түнеп, таң атқан соң тағы да жолға шықтық. Түс ауа жолда әскерилер кезікті. Күрдтер екен. Біз оларға барып берілдік. «Су, нан жоқ, балалар өлейін деп жатыр. Түркияға жеткізем деген сириялық ақшамызды алып, өзімізді алдап, жолда тастап кетті» деп жағдайымызды айттық. Олар бізді көліктеріне отырғызып, өздерінің базасына апарды. Тағы да тергеу басталды…
Түнге дейін солардың қарауында отырдық. Олар бізге тиіскен жоқ, су, тамақ берді, балаларға тәтті үлестірді. Бізді бұрын ДАИШ-тың адамдары «Егер күрдтердің қолына түссеңдер, сендерді зорлайды, балаларыңды қорлап өлтіреді» деп қорқытқан болатын. Сол себепті көп мұсылмандар жолға шыға алмай, қорқып отыр. Күрдтер «Қорықпаңдар, тиіспейміз» деді. Бұл жерде әйелдер отыратын түрме бар екен. Бізді сонда отырғызды. Төрт қабатты сол үйде ұсталған әйелдер балаларымен отыр екен. Оларды елдері сұратпаса, тергеу біткенше сол жерде отырады екен.
– Ол түрмеде қанша уақыт отырдыңыз?
– Бір жарым ай отырдым сол түрмеде. Қамап тастады, әжетханаға сұранасың, шығарғысы келсе, шығарады, көңілі соқпаса, солай қысылып отыра бересің… Бір күні бізді – 14 әйел, 23 баланы Камышлы деген жердегі босқындар лагеріне апарып тастады. Себебі бізді алып кетуге Ресейден адамдар келеді деген хабар келіпті. Ол жерде «Қызыл Крест» ұйымы бар екен, 10 күн сол лагерьде болдық. Жағдайымыз жақсарды, әр отбасына бөлек палатка берді, тамақтандырды. 10 күннен соң бізді автобусқа тиеп, басқа жерге апарды. Ол жерден Латакия деген жерге ұшақпен апарды. Латакия – Башар Асадтың туған жері. Бізді қонақүйге орналастырды. Келесі күні ұшаққа отырғызды. Таңғы сағат 8-де Грозныйда болдық. Грозныйдан Мәскеуге ұштық.
– Елге жеткенше төрт баланы қалай алып жүрдіңіз? Екеуі әлі жүре бастамады ғой.
– Грозныйға дейін балаларды көтеріп жүрдім. ДАИШ-тың аумағынан шыққан соң күрдтерге жеткенше балаларды кезек-кезек көтеріп келдім. Сондай қиын болды. Бір тәулік жаяу жүрдік. Жолда су, тамақ болған жоқ.
– Жанар, сіз елге қайтқыңыз келді ме, әлде топпен бірге еріп, амалсыз шығып кеттіңіз бе?
– Өзім қайтқым келді елге.
– Әке-шешеңіз қалай қабылдады?
– Жақсы қарсы алды.
– Соғысты көріп, тұтқында, түрмеде болып, көп қиындық көріпсіз. Көзқарасыңыз қандай қазір?
– Сириядағы неше түрлі жауыздықты көрген соң ойландым. Елде болсам, жұмыс істеп, балаларымды өсірсем деймін. Бейбіт өмірді қалаймын.
«Сирияға бармаңдар!»
– Оралда «сестраларыңыз», яғни діни теріс бағытта жүрген достарыңыз бар ма?
– Жоқ. Намаз бастаған кезде елден кеткенге дейін ешкіммен араласқан жоқпын. Өзіммен-өзім болдым.
– Күйеуіңіз қайда қалды?
– Күйеуім Сирияда қалды. Менімен бірге шығуға амалы болмады. Ол бүгінде елге оралуға жол іздеп жатыр. Күйеуім – Ресей азаматы. Оны елге кіргізе ме, жоқ па, ол жағын орыстар біледі…
– Жанар, өзіңіз сияқты шетелдікке тұрмысқа шығуды армандап, елден кеткісі келіп жүрген қыздарға, жалпы жиһадқа кетуді ойлап жүргендерге не айтасыз?
– Мұсылмандарға «Сирияға бармаңдар!» дер едім. Бүгінгі көріп жүрген видеолар өтірік түсірілген. Мысалы, ДАИШ-тың адамдары сириялық балаларды күлдіріп, ойнатып, қолына тәттілер мен сыйлықтар беріп, видеоға түсіреді. Ал өмірінде тәтті тамақ, жақсы киім көрмеген ол балалар мәз болып күліп, киноға түседі. Түсіріп болған соң балаларға айқайлап, қуып жібереді. Сосын ол видеоларды интернетке салып, «Міне, бізде жағдай тамаша, келіңдер» деп шақырады. Ол жерде балалар оқымайды, бәрі надан. Медресе бар, бірақ баланы ұрып, соғып, қараңғы бөлмеге қамап, қорқытып, өздерінің ахидаларын үйретеді. Сирияға барған адамның бүкіл өмірі бұзылады, қор болады. Біздің елде жұмыс, үй бар, бала тәрбиелеп, бақытты өмір сүруге бар жағдай жасалған. Елден кетпеңдер!
Ұлдай САРИЕВА
Орал қаласы.
Zamana.kz
Фота Zamana.kz сайтынан алынды
[:]