[:kz]
Астанада жеке көлігімен Ақорда қақпасына соғылған полицияның екі қызметкері жұмысынан босатылды деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметі.
ІІД мәліметіне қарағанда, жол-көлік оқиғасы 17 қаңтарға қараған түні болған. Жол-патруль полициясы арнайы батальонының инспекторы, полиция аға лейтенанты Е. Иманбеков Porche Cayenne көлігімен Достық көшесінде келе жатып көктайғақта рөлге ие бола алмай, резиденция қақпасының колоннасына соғылған. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген, тек колонна аздап зақымданған.
Бұдан соң қызметтік тергеу жүргізіліп, оқиғаға бірден-бір кінәлі деп танылған көлікті жүргізген Иманбеков пен оның бастығы, взвод командирі капитан Ғ. Жұмахметов ішкі істер органдарында қызмет істеуден босатылған.
Сонымен қатар аталған полиция қызметі құрылымы басшыларының бірқатары «қызметкерлері арасында тәрбие жұмыстарын дұрыс жүргізбегені үшін» қатаң тәртіптік жауапқа тартылған.
azattyq.org
[:]