[:kz]
5 ақпан күні Алматы қаласының Жетісу аудандық сотында «Дат» газетінің үстінен қазақ онкология және радиология институтының директоры Диляра Кайдарованың түсірген талап арызы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Сот процесіне журналистерді қатыстырмады. «Дат» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапидың Азаттыққа айтуынша, судья әзірге екі тарапты келісімге келуіне уақыт берді. Дильяра Қайдарова талап арызында «ар-намысыма тиді» деп «Дат» газетінен он миллион теңге өндіртуді талап еткен.
Ермұрат Бапидың сөзінше, газетте былтыр күзде «Больничный беспредел» деген айдармен жарияланған «Раковое преследование доктора» дейтін мақаланың тақырыбы және кейбір сөйлемдері Қайдароваға ұнамаған. Журналист Ермұрат Бапи аталған мақала қазақ онкология және радиология институтының бұрынғы қызметкері Шынар Талаеваны қорғау тұрғысында жазылғанын, «ешкімнің ар-намысына тимегенін» айтады. Сот жалғасатын болса «Дат» газетінен өзге дәрігер Шынар Талаева да жауапкер деп танылуы мүмкін. Ермұрат Бапидың айтуынша, Диляра Кайдарова осыған дейін редакцияға хат жолдап, «ар-намысына тигені үшін 10 миллион теңгені өз еркімен беруді» талап еткен. Ермұрат Бапи қаржылай талап қойылмаса бітімге келісіп қалуы мүмкін екенін айтады.
«Дат» газетінің бас оқырманы бітімгерлік шартта қандай да бір материалдық талап қойылатын болса оған келіспейтінін, себебі редакцияның оны төлеуге мүмкіндігі жоғын айтады.
Азаттық тілшісі алдын ала тыңдаудан кейін талап арыз беруші Диляра Кайдарованың адвокатынан пікір сұраған, бірақ ол бас тартты.
azattyq.org
[:]