[:kz]
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына енгізілген өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жаңа нұсқа халықтың ой елегінен өткен, барлық пікірлер ескеріліп, нақты дәйектерге сүйенген стратегиялық шешім.
– Елбасы Жарлығына енгізілген өзгерістер қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындататын, ұлттық фонетикамыздың аясын кеңейтетін сол арқылы қазақ қаріптерін әлемнің әр түкпірінде танып, білуге мүмкіндік беретін негізгі тетік деп есептеймін, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жазу-сызу тілдің ең нәзік салаларының бірі екенін айтты. Сондықтан бұл мәселе бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып, салиқалы ой, салмақты пікірлермен бірге сыни көзқарастар да айтылғаны белгілі.
Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Халықтың аталған мәселеге қызу пікір білдіріп, өз ойларын еркін айтуы көңіл қуантарлық жағдай. Бұл халықтың саяси, әлеуметтік деңгейі мен жауапкершілігінің артқанын көрсететін құбылыс. Сол себепті, бүгінгі нұсқаны қоғамның талап-тілектері мен пікірлерінің нәтижесі деп білемін, – деді.
Енгізілген соңғы өзгерістердің нәтижесінде қазақ әліпбиі бұрынғыдан да қолайлы әрі тиімді бола түспек. Мәулен Әшімбаевтың сөзіне қарағанда, жаңа нұсқа ақпараттық технологияға бейімделген әрі инновация талаптарына сай және әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мәселен, португал, француз, чех тілдерінде диакритикалық таңбалар бар.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру үдерісінде тіліміздің де жаңа белеске көтерілуі кемел келешектің көрінісі екенін атап өтті.
– Латын әліпбиі ең алдымен халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, прагматикалық сананың орнығуына даңғыл жол ашады. Цифрлық технологияның еркін енуіне, инновацияға бейімделуге, білімнің салтанат құруына үлкен үлес қосады. Бұл игі бастама ұлттық бірегейлікті сақтап, санамызға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
[:]