АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Не үшін Сингапур мектептері әлемде үздіктер қатарында?[:]

[:kz]

Сингапур — халықаралық экономикалық аренада өткен ғасырдың соңғы он жылдығында пайда болды. Оған дейін бұл ел «дамушы», «үшінші әлем елдері» қатарында еді. Соған қарамай бар-жоғы ширек ғасыр ішінде Жер планетасындағы технологиясы мен әлеуметтік жағдайы жоғары деңгейлі елдердің арасынан бір-ақ шықты. Ал белгілі бір салада ғалым боламын, сапалы білім аламын деген талапты студенттің «Меккесіне» айналды. Азияның оңтүстік-шығысында орналасқан 63 аралдың жиынтығы болып есептелінетін елдің жетістігінің сырына үңілейік. Бұл материал «Не үшін Сингапур мектептері әлемде үздіктер қатарында?»,- деген сұраққа жауап береді.

Тарихы

ХІХ ғасырда бұл елге тек Азияның ғана емес, сонымен қатар еуропалық қарақшылар үйір болды. «Аннан қашқан, мыннан қашқанның» бәрі Сингапурды паналап, жергілікті халықтың цивилизациялық тұрғыда дамуына барынша кедергі келтірді. Сосын, кәрі құрлықтан ағылшындар келіп, бұл елді қол астына алды. Олар бос келмеді. Өздерімен бірге, ғылым-білімді ала келді. Осы сәттен бастап, Сингапурдың алға жылжуы қалыптаса бастады. Англиядан тәуелсіздік алған соң, кішкентай ғана мемлекет, жер астынан тозаңның түйіріндей де шикізаты жоқ елдің басшылары «Енді қалай ел боламыз?», «Ақша беретін Англиядан еншімізді алып бөлек шыққан соң әрі қарай не нәрсемен күн көреміз?»,- деген сұрақтардың жауабына бас қатырды. Сөйтіп, олар жетістіктің кілті білімде екеніне көз жеткізді. 1990 жылы негізі қаланған қазіргі білім беру жүйесі 20 жылдың ішінде жемісін көрсетті. Бүгінгі күнде Сингапурда ең мықты университеттер мен мектептер жұмыс істейді. Электроника құрастыру, кеме өндірісі, ең мықты қаржы қызметтері көрсетіледі.

Мектептегі білім беру жүйесі

«Азия барысы» деп аталып кеткен елде балаларға үш жасынан бастап білім бере бастайды. Бұл мемлекет конституциясымен бекітілген талап.

Кез келген үш жасар сингапурлық бала мектепке барып  ана тілінен, ағылшын тілінен және математикадан тәлім алады. Үшінші сыныптан бастап, жаратылыстану пәндері енгізіледі. Сондай-ақ, музыка, сызу сияқты адамның творчестволық қасиеттерін дамытатын пәндер де бастауыш сыныбынан бастап білім программасына кіргізілген. Бастауыш сыныпты аяқтап, орта сыныпқа көшу үшін міндетті түрде мемлекеттік емтихан тапсыру керек. Емтиханнан құлағандар бастауыш сыныпты қайтадан оқуға міндетті. Сингапурда бүкіл бастауыш мектептері жеке адамдарға тиісті болғанымен, білім алу – тегін. Бірақ, әртүрлі шығындарға деп ата-аналардан 13 доллардан ақша алынады.

Орта сынып төртке бөлінеді:

1. Міндетті сабақтар

2. Экспресс

3. Академиялық

4. Техникалық.

Бастауыш сыныптағы емтихан көрсеткіштеріне қарап оқушылардың жоғарыда аталған төрт бағыт бойынша бөледі. Олар таңдалған бағыттары бойынша мектептің соңына дейін білім алады.

Сингапур мектептерінің басқалардан ерекшелігі

Сингапурда математикаға өте қатты мән береді. Тіпті, мемлекеттік деңгейде бақыланатын сабақтардың бірі. Егер сыныпта 20 оқушының біреуі тапсырманы дұрыс орындай алмаса, ешкім келесі тақырыпқа көшпейді. Яғни, бүкіл сыныптың бәрі дәрісті толық меңгермейінше бір тақырып қайталанып оқытыла береді. Қазақстандағы мектеп оқушыларының сабақ үстінде бір-біріне көмектесуіне тыйым салынса, Сингапурда керісінше. Ол жерде тапсырманың шешімін табуға көмектесу ұстаздар тарапынан құпталады. Осыдан кейін «Мен неге Сингапур мектептерінде оқымадым»,- деп күйінуге болады.

Ең қызығы бұл емес. Ең қызығы мектеп жарлығындағы мына сөздер: «Егер мұғалімнің айтқанына соқыр сеніммен ілесе берсең, болашақта өзің шешім қабылдай алмайтын адам боп өсесің», «Егер қиындыққа шыдамдылық танытпасаң, ешқашан жетістікке жетпейсің». Мұны әрбір сингапурлық бала жаттап алған. Бұл мәліметті білген соң Сингапурда тәлім алмағандардың өкініші екі еселенетіні анық.

Мұғалімдерді жұмысқа алу тәртібі

Қазақстанда педагогикалық университетті бітірген маман Сингапур мектептерінде жұмыс істегісі келсе, ең алдымен өз мамандығын бес саусағындай жақсы білу керек. Себебі, онда ұстаз атану үшін адам баласының басына кіріп шықпайтын қиын сынақтар тапсырады.

Мұғалімдерді жұмысқа алу барысында арнайы комиссия құрылады. Сол комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтар мен талаптарға жауап берген педагог қана жұмысқа алынады.

«Азия барысы» атты елде ұстаз сөзі өте құрметті. Қоғам ұстаздар қауымын бағалай біледі және олармен санасады. Оған дәлел ретінде мұғалімдердің орташа жалақысын айтуға болады. Мысалы, онда ұстаздардың орташа жалақасы 2500 АҚШ долларын құрайды. Бұл айлық сомасының көптігі жағынан АҚШ, Англия және Жапониядан кейінгі төртінші орында.

Сонымен қатар, бір мұғалім аптасына бір-ақ рет қана дәріс береді. Яғни, ол бір сабаққа бір апта бойы дайындалып, оқушыға максималды түрде тәлім беру мүмкіндігіне ие.

PISA Оқушылардың білім деңгейін саралайтын халықаралық ұйымы «Сингапурдағы білім беру жүйесі XXI ғасырдағы ең тиімді әрі ең сапалы»,- деп таныды. Осы салада бүкіл әлем елдерін де «Азия барысынан» үлгі алуға шақырды. Сингапурлықтар бар-жоғы 25 жылдың ішінде экономикалық тұрғыда «Сары құрлықтың» басқа елдерін шаңқаптырып кетті. Олардың ғылым мен білімді игеруге құйған ұзақ мерзімді инвестициясы да сол экономикалық дамудың негізгі себептерінің бірі.

© Мейірхан Амангелдиев

jaqsy.kz

[:]