АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«ӨЗГЕ ЕЛДЕ СҰЛТАН БОЛҒАНША…[:]

[:kz]

Ресейдің Кемер қаласындағы қайғылы оқиға талайдың қабырғасын қайыстырды. Қаншама бала ай-күннің аманында тірідей отқа өртенді. Олардың кейбірі ажалдың таяп қалғанын сезіп, ата-аналарына хабарласып, қоштасып үлгеріпті. Қаршадай балалар өмір мен өлім арасында арпалысып, қас пен көздің арасында о дүниеге асығыс кете барды.

«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, бейбіт заманда алдында құлдыраңдап жүрген баласынан қас-қағым сәтте көз жазып қалу – үлкен қасірет. Дос тұрмақ, дұшпанның басына тілемейтін жағдай. Тілсіз жаудың талай қыршын жастың өмірін жалмағаны – ата-ананың жүрегін бірге жұлып алғандай. Жанын шүберекке түйген шарасыз жандардың басындағы ауыр күй кім-кімге де оңай соқпасы анық.

Шын мәнінде, «Зимняя вишня» сауда үйінен шыққан өрт оқиғасын Ресейдің ресми ақпарат құралдары тым кеш таратқан. Өрт екі күн бойы ауыздықталмағаны айтылды. Оқиға орнына жеткен құзырлы органдар істің ақ-қарасын зерттеуге кірісіп кеткенде ғана жұрт құлағдар болды. Неге?

Іле-шала Кемер қаласы әкімдігі ғимараты алдына жиналған топ апатты оқиғаның анық-қанығын тездетіп тексеруге шақырса, бәзбіреулер Кемер облысының губернаторы Аман Төлеевтің қызметінен кетуін сұрады. Өзі де денсаулығына байланысты ауруханада жатқан губернатордың өрт кезінде 11 жасар немересінің көз жұмғаны туралы ақпарат та тез тараған еді. Әрине, қаланың аумағында болған оқиғаға жергілікті биліктің жауап беретіні анық. Бірақ апаттың айтып келмейтінін ескерсек, соңғы жылдары Ресейде мұндай қайғылы оқиғаның талайы орын алды. Талай ұшақ отқа оранды. Бірақ Ресей БАҚ-тары мен өздерін қоғам қайраткерлері санайтындар «губернатор орнынан кетсін!» деп талап қойғанын бұрын-соңды ешкім көре қойған жоқ еді. Бұл жолы олар неге пысықтық танытты?

Кемер облысының губернаторы Аман Төлеев өткен жексенбі күні – 1 сәуірде РФ президенті Владимир Путинге өз еркімен қызметінен кету туралы өтінішін тапсырды. Аман Төлеев мырза Кемердегі қайғылы оқиғадан соң ең дұрыс шешім осы екенін мәлімдеген. «Бұл өзім үшін дұрыс, сарапқа салынған, ең әділ шешім деп есептеймін, өйткені мұндай ауыр жүкпен губернатор болып отыруға болмайды, моральдық тұрғыдан мүмкін емес», – деді ол. «Кемеровода 25 наурызда болған жантүршігерлік қайғылы оқиғаға қабырғамыз қайысып отыр. Біз 64 адамнан айырылдық, олардың көпшілігі – балалар, біздің балаларымыз. Әрқайсымыз осынау ауыр қайғыны жүрегімізден өткіздік», – деген Аман Төлеев қолынан келгеннің бәрін істегенін айтты. «Қолымнан келгеннің бәрін істедім, көмек көрсету мәселелерін шешуге тырыстым. Зор қайғыға тағы бір рет ортақтастық білдіремін. Бірақ өмір сүру керек қой, марқұмдар жадын сақтау үшін өмір сүру керек. Құдай алдындағы адалдығымды айтайын, өз қызметімде әрқашан елдің, Ресейдің мүддесін, облыстың мүддесін ойладым. Баршаңызға үнемі, қуанышымда да, қайғымда да бірге болғандарыңыз үшін тағы бір рет рахмет. Тағзымымды қабыл алғайсыздар», – деді басын иген губернатор.

Бір айта кетерлігі, демалыс күні Аман Төлеев жақындары қазаға ұшыраған отбасылардан кешірім сұрап, қызметтен кететіндігі жайында мәлімдегені сол-ақ екен, ресейлік БАҚ «Ресей президенті В.Путин Аман Төлеевтің отставкасын қабылдап, оның құзыретін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бұйрыққа қол қойды» деген ақпарат таратты. Тіпті, аймақ губернаторының міндетін уақытша атқару ісі орынбасары Сергей Цивилевке жүктеліп, губернатор сайлауын өткізетін күн белгіленгенін де жариялап жатты. Ең таңданарлығы, Ресей Орталық сайлау комиссиясының дәп демалыс күнгі әрекеті болды: ЦИК Құзбастағы (Кузбасс) губернатор сайлауы 7 қыркүйекте өтеді деп мәлімдеп үлгерді. Тым кешігіп қаламыз деп қауіптенді ме, әлде сайлау комиссиясы жексенбі күні жанталасып жұмыс істей ме, әйтеуір осыны жариялауға асықты.

Анығында, Аман Төлеевтің губернаторлық өкілеттілігі 2020 жылы бітуі тиіс еді. Одан әрі билікте қалуға ары жібермеген азаматтың бұл шешімін нағыз принципшілдік деп бағалау керек шығар. Бірақ Ресейдің Мәскеу облысы, Раменск ауданында ұшақ апатынан 71 адам көз жұмғанда да, Иркутск облысында «Боярышник» сұйықтығынан 74 адам уланып, қапияда ана дүниеге аттанып кете барғанда да жергілікті губернатордың өз еркімен отставкаға өтініш бергенін де, кеткенін де ешкім естіген жоқ. Сонда бұл Төлеевтің талай жыл сарп еткен қажырлы еңбегінің еленбегені ме, әлде қазақтың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген өмірлік қағидасының дұрыс екенінің дәлелі ме? Маңдай тер, ерен еңбегінің арқасында Ресей халқының арасында үлкен абыройға ие болып жүрген азаматты бір сәтте өзектен тебу қаншалықты дұрыс?

Төлеевтің тындырған ісі көп

73 жастағы Аман Төлеев Кемер облысын 1997 жылдан бері басқарып келді. Аз уақыт емес. Талай жыл төккен тері мен еткен еңбегі әп-сәтте ескерусіз қалғаннан жаманы жоқ. Жастайынан қиындыққа мойымай, еңбекке шыныққан Аман Төлеев қарапайым теміржолшыдан білдей бір облыстың губернаторлығына дейін көтерілген саяси тұлға. Оған әр сайлауда дауыс берген халықтың сеніміне селкеу түскен жоқ. Себебі «Шахтерлік Құзбастың мәселесін тек қана Төлеев шеше алады» дейтін әңгіменің жаны бар. Аман Төлеев губернатор болған 1997 жылы Құзбаста өндіріс ошақтары толықтай тоқырауға ұшырап, бір жылда 43 шахта жабылып, 150 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Бұл Кемер облысының экономикасына үлкен соққы боп тиді. Барлық сала шатқаяқтады. Зейнетақы, жәрдемақы, жалақы айлап кешікті. Соның салдарынан құзбастықтар, шахтерлер алаңға шықты. Халық билікке сенімсіздік білдірді. Бұның арты қарсылыққа ұласты. Міне, осындай күрделі кезеңде облысты басқару, жоқшылықты, жұмыссыздықты жоюмен күресу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Қиындықты еңсерген ол өндіріс ошақтарының қайта іске қосылуына күш салды. Халықтың жағдайы да біртіндеп жақсара бастады. Аман Төлеевтің сол еңбегін көмір өндірушілер өз көзімен көрді. Бағалады, бағалап та жүр. Бір облысты 21 жылдан бері басқарып келгенінің бар құпиясы – еңбекте. Тіпті, Ресейдің тергеу комитеті Кемер облысының губернаторы Аман Төлеевтің орынбасарлары Алексей Иванов пен Алексанр Данильченкоға, сонымен қатар бірнеше қызметкерлеріне 1 миллиард рубльге бағаланған «Разрез «Инский» кәсіпорнының акцияларын бопсалады деп айып тағып, қылмыстық іс қозғалғанда да өзінің адалдығына анық сенді. Тіпті, орынбасарларына жала жабылса да, оларды қызметтерінен босатпайтынын мәлімдегені жұрт жадында. Міне, бұдан кейін кейбір сарапшылар: «Төлеев – Кемер облысының басшылық символы. Ол болмаса, бұл тұрақтылықты сақтап қалу қиын» деп пікір айтқан болатын.

Ол ол ма, Аман Төлеевтің азаматтығын да ұмытпаған жөн. Ол лаңкестер және қылмыскерлермен бірнеше мәрте келіссөз жасаған адам. 1991 жылы Мәскеудегі Қызыл алаңда лаңкеске кепілдікке алынған қыз баланың орнына өзін алуын өтінген Төлеев 1995, 2001 және 2009 жылдары әртүрлі лаңкестік әрекет кезінде бейбіт азаматтарды құтқарып қалу үшін қолдан келгенін аянып қалмады. Сондай нәтиже берген келісімнің бірі – Новокузнецк полицейлерінің басынан өткен оқиға. Өз пәтеріндегі жарылғыш зат арқылы бүкіл тұрғын үйді жармақ болған қылмыскерді қолға түсіруде де Аман Төлеевтің асқан шеберлігі көмекке келгенін аңыз қып айтатындар әлі бар.

Былтыр Аман Төлеевтің денсаулығы қайта сыр беріп, жүрегіне, одан кейін көп ұзамай Германияда омыртқасына екінші мәрте ота жасалды. Десек те, Кемер облысы губернаторының орнынан дәмелілер осы жағдайдың бәрін өз мақсаттарына пайдаланып, Аман Төлеевтің денсаулығы туралы алыпқашпа әңгіме таратты. Ақпарат құралдары да біресе «жағдайы ауыр» деп, біресе «Президенттен қызметінен босатуды өтініпті» деп, тіпті «хал үстінде екен» деп те гуілдетті. Өйткені Аман Төлеевті қарапайым халық қатты құрметтегенімен, биліктен дәмелі топтар жақтыра бермейтін. Себебі ақыл-парасатымен ғана емес, қиын-қыстау кездердегі ерлігі, батылдығымен белгілі болған облыс губернаторы талайды тәртіпке салған еді. Сондықтан оған бірнеше мәрте қастандық жасалды, көлік апатына ұрындыруды көздеді, ол ол ма, атып та кетпек болды. Бірақ олардың әрекеттерінен ештеңе шықпады.

«Рельс соғысы» қалай тоқтатылды?

Саясаткер Аман Төлеевтің айтуынша, мансап баспалдағының өрге жүзуіне теміржол саласында еңбек еткен жылдар себепші болған. Ол қарапайым жұмысшының басындағы түйткілді түсініп, қиын сәтте қол­ұшын берген сәттерді қимастықпен еске алады. Тихорецк теміржол техникумын бітірген Төлеев Мұндыбаш елді мекеніне жолдама алып, алғаш рет Кемер облысына табаны тигенде теміржол станциясында кезекші болып жұмыс істейді. Әскери борышын өтеп оралған соң, станция бастығы орынбасарының аға көмекшісі қызметін атқарып, бір жылдан кейін станция бастығы боп төрт жыл еңбек етеді. Мұндыбаштан басталған мансап баспалдағы Междуреченск станциясының бастығы дәрежесіне көтереді. 1987 жылы бүгінде ыстық мекеніне айналған Кемер теміржолының Новокузнецк бөлімшесі станция бастығының орынбасары, бес жылдан кейін Кемер теміржолының бастығы болады.

Ал Төлеевтің саясаттағы нық қадамы 1985 жылдан бастау алады. Ол 1988 жылға дейін Кемер обкомының транспорт және байланыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарса, 1990 жылы Кемер облыстық кеңесі мен жергілікті атқару комитетін басқарады. Сондай-ақ, 1991 жылы алғаш рет Ресей президенттігі сайлауына кандидатурасын ұсынып, 7 пайыз дауысқа ие болып, Борис Ельцин, Владимир Жириновский, Николай Рыжковтан кейін төртінші орынға табан тіреген. 1996 жылы президент Ельциннің бұйрығымен ТМД елдері бойынша әріптестік жөніндегі министр болып тағайындалса, 1997 жылдың шілде айында Ельцин Құзбастағы әлеуметтік жағдайдың ушығуына байланысты Төлеевті Кемер облысы әкімшілігінің бастығы орнына сайлауға түсуге ұсыныс жасайды. Сол жылы 95 пайыз дауыс жинап, айқын көрсеткішпен жеңіске жеткені белгілі.

Аман Төлеев Кемер облысын алғаш басқарған жылдары аймақ құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрған. ХХ ғасырдың аяғында Құзбаста 43 шахта жабылып, жұмысшылардың жаппай жұмыстан шығуына әкеп соқты. 1998 жылы облыстың жер-жерінде шахтерлер наразылық шеруге шығып, жалақының аздығын, азық-түліктің тапшылығын және еңбек шартының қиындап кеткенін алға тартты. Шерушілер маңызы бар жолдар мен Транссібір магистралін жабуға тырысқанда, Төлеев қарызға белшеден батқан қарапайым қызметкерлердің шағымын ескеріп, тез арада шешімін табуға тырысатынын жеткізді. Дер кезінде қабылданған шаралар «рельс соғысының» тоқтауына түрткі болғанын айта кеткен жөн.

Төлеевтің саясаттағы тағы бір жемісті еңбегі – Ресейдің көмір аймағындағы эконономикалық ахуалды қалпында сақтап қалуы. Ол басшылық еткен уақытта Құзбаста көмір өндіретін шамамен 90 жаңа кәсіпорын мен зауыт ашылып, бұл салаға келетін жыл сайынғы инвестиция 50 млрд рубльге дейін шарықтады. Сонымен қатар металлургия саласының да дамуына ерекше серпін берілді. Құзбаста тұңғыш рет жоғары жылдамдықтағы пойыздар үшін рельс өндірісі қолға алынса, кейін мұнда мұнай өңдеу және туризм саласы да жандана бастады. Бүгінде Шерегеш елді мекенінде салынған тау-шаңғы курортына жыл сайын 1 млн турист келеді, мұнда да Төлеевтің айқын қолтаңбасы бар екені айтпаса да түсінікті.

Бір айта кетерлігі, Төлеев басқарған жылдары Кемер облысы тұрғындары айтарлықтай әлеуметтік қолдауға ие болды. Мұнда егде тартқан кісілер үшін жоғары базалық зейнетақы тағайындалды, ел қорғауға үлес қосқан ардагерлер ем-домды тегін қабылдай алады. Одан бөлек коммуналдық төлем бойынша арнайы жеңілдік қарастырылған. Тіпті, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін ұсақ мал, көкөніс тұқы тегін берілді. Ал білім алғысы келетін жастарға арнайы сыйақы мен гранттар бөлінді. Сол сияқты Құзбастағы мыңдаған отбасының 20 жылға пайызсыз несие алып, алғашқы жарнаны құймай-ақ, баспаналы болғанын біреу білсе, біреу білмес.

P.S:Жұрт білетін Аман Төлеев осындай азамат. Өкініштісі сол, бөгде ұлт өкілінің үлкен облысты басқарып отырғаны бәзбіреулердің шымбайына батты ма, әйтеуір аз күнде оның қызметтен босауы үшін барынша әрекет еткен топтың жұмыла іске кіріскені анық. «Бұдан әрі аймақты басқаруым дұрыс емес» деп шешкен азаматтың ар алдында да, ел алдында да адал екені баршаға аян.

Айтпақшы, Аман Төлеев отставкаға кетсе де, «Халық губернаторы» атағы қала бермек. Ол резиденцияны да босатпайды. Оған ай сайын 50 мың рубль зейнетақы тағайындалды. Ал соңғы күндегі ақпарат бойынша Кемер облысының бұрынғы губернаторы Аман Төлеев облыстың халық депутаттары кеңесінің мандатына ие болды. «Кемер облысының сайлау комиссиясының отырысы өтті. Халық депутаттары кеңесінің бос мандатына бірыңғай тізімнен кандидатура беру туралы мәселе қаралды. «Единая Россия» партиясының Кемер аймақтық филиалы Төлеев Амангелді Молдағазыұлына бос депутаттық мандатты беру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, 2013 жылы облыстық кеңес депутаттарын сайлауда «Единая Россия» партиясы ұсынған кандидаттар тізімінде Төлеев көш бастап тұр», – деді сайлау комиссиясының өкілі.

Динара Мынжасаркызы

turkystan.kz

[:]