АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Кейде жейтін ештеңе таппай қаламыз»: Жалғызбасты ана бес баласын өзі бағып отыр (ВИДЕО)[:]

[:kz]

Атыраулық көпбалалы әйел өзінің қиындыққа толы өмірі жайында «Мой город» порталына әңгімелеп берді.

Көпбалалы әйел Самал Телеуова небәрі 24 жаста. Тұрмысқа 16 жасында шықан ол қазіргі кезде бес баланы жалғыз асырап отыр. Күйеуі өзінің туберкулез екенін білгеннен кейін ішкілікке салынып кеткен екен.

«Отбасын асырау үшін үйге жақын жерде түнімен самса пісіретін жұмысқа кірдім. Кешке кетсем, таңға жуық келетінмін. Бірде күйеуім түнімен жаман іспен айналысасың деп бас салып ұрды. Балалар үшін үндемей шыдап келдім. Бірақ бір күні басымнан балтамен ұруға дейін барды. Шыңғырған дауысымды естіген көршілер келіп, артынша полицияға оның үстінен арыз жазды. Содан кейін өзім мен балаларымның өмірін сақтау үшін күйеуімнен біржола кетіп қалдым», – дейді Самал Телеуова.

Қазір бес баласымен 2 бөлмелі жер үйді 30 мыңға жалдап тұрады. Балаларына алатын жәрдемақы – 10 мың теңге ғана. Бес баласын асырау үшін түнде мейрамхананың едені мен ыдыс-аяғын жуып ақша табады екен. Бірақ демалыс күндері ғана жұмысқа шығатын ол, қалған бес күнде аш отырамыз дейді.

«Демалыс күндері жұмысқа шыққанда 2000 теңге ғана табамын. Оны жинап пәтердің ақшасын әрең шығарамын. Осы маусым айына әзірге 6000 теңге төлеп қойдым. Ал азық-түлікке бұл тапқаным еш жетпейді. Үйде жейтін еш нәрсе жоқ. Кейде балалармен нан мен суды қанағат етеміз», – деп әңгімеледі жалғызбасты ана.

Құрманғазы ауданындағы Ганюшкино ауылында туып-өскен Самал ата-анасына да бара алмайтынын айтады. Өйткені анасы да басқа балаларын әрең жеткізіп отыр екен. Айтуынша, күйеуімен әлі заңды түрде ажыраспаған. Алиментке арыз жазайын десе, барлық құжатты анасының үйіне тастап кеткен екен. Бірақ күйеуінің алимент төлейтініне сенімді емес. Өйткені осы уақытқа дейін балаларының жағдайын бір сұрамапты. Тіпті ұлы ауырып қалғанда дәріге ақша сұраса, кездескен еркектеріңнен ал деген жауап естіпті. Содан кейін Самал күйеуінен еш көмек сұрамайтын болған.

Ендігіде Самал күйеуімен заңды түрде ажырасып, алиментке арыз жазамын деп отыр. 8 жасар үлкен баласы әлі мектепке де бармаған. Көпбалалы ана алдағы күнде жұмысқа тұрып, баласын мектепке беріп, кішілерін балабақшаға берсем деп ойлайды.

sn.kz

[:]