[:kz]
Әкем екеуіміз бағдаршамға келіп тоқтадық. Аяқ-қолы сап-сау, қазақтың тепсе темір үзетін жігіті машина терезесінен қолын созып ақша сұрады. Әкем әмиянынан 100 теңге берді. Бұл кісіні осы жерден жиі көретін болдым.
«Неге жұмыс істемейді екен дені сап-сау бола тұрып, біреуге кіріптар болып жүргені несі?» — деп жанынан өткен сайын шамданып қаламын. Сөйтсем, бұлардың өзінің саясаты бар көрінеді. Оны кейін түсіндім.
Жолдағы бұл жігіттің мәселесі мені қатты қызықтырды, содан не керек мен бұл мәселені зерттеуге білек сыбана кірістім. Ең алғашқы бағытым, бірінші теміржол вокзалы еді. Қолын жайып жұрттан пұл сұрап отырғындардың басым көпшілігін осы жерден кездестіресің
. Қолын жайғандардың ішінен әуелі көзім 60-70 жас шамасындағы әз анаға түсті. Қолымды қалтама салып, тиын-тебенімді алдындағы табақшаға тастап жатып: «Апа, балаларыңыз қайда, неге отырсыз?» — деп сұрақ қойып үлгердім. Ол кісі іле-шала орнынан түрегеліп, жанындағы таяғын маған ала жүгірді.
Сасқанымнан қашуға тура келді. Екінші кезек «Оптовка» базары. Қаланың тіршілігі тоқтамайтын бұл тұсы да ақша сұрап отыратындардың тұрақты мекеніне айналғаны жасырын емес. Қолыма жарты килә тәтті алдым да, бұл аймақтан да қайыршыларды іздестірдім.
Ол үлкен қарияны арбаға отырғызып, сүйреп жүрген апай болды. Жандарына бардым да, қолымдағы кәмпитімді алдындағы қорапқа төге бастадым. Екеуі маған аң-таң болып қарап қалған, көздерінде әлдеқандай ыза бар. Бірде «Бұны сатып алғанша, ақшасын бермедің бе, жарымаған!» деген сөзден денем дір ете қалды. Сонда өтірік мүләйімсіп, мүсәпір көрініп отыратын болып тұрғаны ғой.
Солай-ау шамасы. Өйткені Абай Байтұрсынұлы көшесінің қиылысында бір күні кешке жаяу жүргіншілеп келе жатқанмын, адам қарасы аз. Бір бағанның жанынан тағы арбада отырған ағай мен әйел адамды және он жас шамасындағы қызды байқап қалдым. Әйел мен қыз жап-жақсы киініп алған. Ер кісіге: «болды енді, сасымай киіміңді ауыстырайық, бүгін онсыз да көп ақша жинадың», — деп орысша күбірлеп жатты. Иә, біздің қайыршы деп мейірім танытып жүрген адамдарымыздың бізді алдайтынын көп жағдайда байқай бермейтін болып тұрмыз.
Олардан көрі, көше кезіп, қысы-жазы картоннан жасалған үйді паналай беретін сығандарға біздің тиын-тебеніміз өте керек секілді. Себебі олар өздерін қайыр сұрау үшін жаралғанбыз деп есептейді екен. Ал соңғы кездері алақанын жайып пұл сұрайтындарды тек көшеден ғана емес, оған қоса жұрт қарасы көп автобустардың ішінен де кездестіруге болады.
Халық арасында тіпті оларды жүргізушілердің өзі мінгізіп, табысынан әлдеқандай пайда алады деген де қауесет бар. Бірі автобустың ішінде жүрсе, ал бірі оның сыртында көпшілікті балағаттап, азын-аулақ қайыр тілеп алған ақшасын ішімдікке салып әуре-сарсаң болып жүр.
Осыған орай ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс қабылданған болатын. Республикада халықтың мазасын алып, ығырын шығаратын кейбір іс-әрекетке жол бергендер құқықтық-әкімшілік жазаға тартылатын болып белгіленгенімен, заң тұрғысынан бұл әлі де өз дәрежесінде қадағаланған емес.
Ал алақан жайғандардың қатары азаятын түрі жоқ. Әсіресе бұл істен пайда табуды көздейтіндердің қарасы көп болғаны құлазытады. Оған қоса, аяқ-қолы балғадай бола тұра, ерік-жігерінің төмендігінен тиынды сұрап алуға төселіп алғандар ұлттың қаймағын бұзып жүргендей көрінеді. Оларға қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген ұмтылысы куантады. Ал көшеде таразысымен салмақ өлшеп, тоқылған киім-кешегін, гүлін сатып пұл табатын әжейлер мен атайлардың жанында, апталдай азаматтардың қай жері кем деп ойлайсың
. Хадисте үш жағдайда ғана қайыр сұрауға болады екен. Ол — су тасқыны, өрт, құрғақшылық. Айдың тынышы мен күннің бейбітінде мұқтаждардың көп болуы халықтың да қателігі болар. Мүмкін біз де қол ұшын беріп, көмектесетін болсақ ұлттың тамырына балта шауып, ұятты дүние болып тұрған қайыршыларды азайтатын болармыз.
Десек те шын қайыршыдан гөрі, рухани қайыршының біздің қоғамымызға зияны көп екенін естен шығармайық.
Дана РУСЛАНҚЫЗЫ
/elana.kz
[:]