АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Қорқынышта өмір сүргеннен шаршап кеттім»: Күйеуінің тепкісінен қашқан әйел баласымен бірге далада қаңғып қалды[:]

[:kz]

 

Қызылорда облысының тұрғыны Ақгүл Баялова 7 жасар ұлымен бірге Ақтөбедегі бұрынғы күйеуі мен оның туыстарынан қашып кеткен. 35 жастағы әйелдің айтуынша, күйеуі оны баласымен бірге ұрып-соққан  деп жазады Tengrinews.kz.

Ақгүл тек экс-күйеуінен емес, оның әпкелерінен де зәбір көрген. Ажырасқаннан кейін де жағдай өзгере қоймаған. Екінші топтағы мүгедек Ақгүл Баялова Ақтөбеге билет алып, ақыры қашып құтылған. 

«Біз 2010 жылы отау құрдық. Бастапқыда Төретамда тұрдық, кейін Аралға көшіп кеттік. Күйеуім соңғы кездері маған қол көтеріп, ішімдіктен бас алмады. Бұл жағдайды барлық көршіміз көріп жүрді. Тіпті балама қол көтере бастады. Бір кезде бесікте ұйықтап жатқан жерінен аударып жіберіп, балам шошып оянды. Оның әпкелері де соққының астына алатын. Кейіннен бір әпкесі арақтан көз жұмды. Екіншісі әлі күнге дейін араққа лық тойып алып, үйге келгенде маған қол көтереді. Сол кезде көршілерімнің үйіне тығылып, солардан пана іздейтінмін. Күйеуім болса мені тіпті қорғауға да тырыспайтын», — деп баяндады жәбірленуші оқиғасын. 

Оның айтуынша, биылғы наурыз айында күйеуімен ажырасып кеткен. Бірақ, ұрып-соғу мен артынан қудалаулар тоқтамаған. Экс-жұбайы одан 15 жас үлкен, ол шопан болып жұмыс істейді екен. Ақгүл бірнеше рет полицияға да шағымданған. Алайда еш нәтиже болмаған. 

«Қорқынышта өмір сүргеннен шаршап кеттім. Құрбыларым Ақтөбеде әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтқаратын ұйым бар екенін айтты. Мейірбан жандар маған билет алуға жәрдемдесіп, ұлыммен кетіп қалдық. Мен екінші топтағы көру қабілеті нашар науқаспын, білімім де жоқ. Бірақ кез келген жұмысқа тез атсалысып кетемін. Тіпті ыдыс жуушы болып істесем де ризамын. Шынымды айтсам, бүгін кешке қай жақта баламмен түнделетіп жүретінімді білмеймін», — дейді әйел. 

Ұлы екеуінің тек тамақ пен кішігірім заттардан басқа ештеңесі қалмаған. Жәбірленушінің туыстары да жоқ, ал ата-анасы бала кезінде жан тапсырған. Оған қоса, Ақгүл Баялованың жеке құжаттары жоғалып кеткен. Тек баласының туу туралы куәлігі бар. Оның барар жері мен басар тауы жоқ болса да, бұрынғы өміріне қайта келмейтінін анық айтты.  

sn.kz

[:]