[:kz]
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев «Апрель» арнасына берген сұхбатында өзі басқарған тұста Қазақстанмен арадағы жағдайдың ушығу себептеріне тоқталған. Қырғызстан социал-демократиялық партиясының жетекшісі бұған қоса, Жээнбековке қатысты соңғы кезде туындаған «қаржы дауы» туралы да айтқан.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев “Апрель” телеарнасына берген сұхбатында өзі басқарған тұста Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы жағдайдың нашарлауына Қазақстан билігінің «өзге елдің ішкі ісіне араласуы» себеп болғанын айтады.
2017 жылы Қазақстанмен арада болған дауды еске алып, «мұндай енді қайталанбайтын шығар» деп айтқан.
“Мысалы АҚШ-та қандай тартыстар өтіп жатқанын көріп отырған боларсыздар. Ондағы адамдар Ресей азаматымен жәй ғана сөйлескені үшін қызметтерінен кетіп жатыр. Ал бізде көрші елдің президенті [өзге елдегі] президенттіктен үміткер адамды шақырып алып, …жарнамалайды. Бұл басқа елдің ісіне араласу емес пе? Қалай болғанда да бұл мемлекет қой… Иә, ол көрші мемлекет бай екен, ал сонда біздің тәуелсіздігіміз қайда қалады?” деді Атамбаев.
Видео: Сұхбаттың толық нұсқасы (Орыс тілінде)
«Назарбаевпен жеке қарым-қатынасым басқа мәселе» деген Атамбаев «Бай да қуатты көрші болсаң да, басқа әңгір таяқ орнатып, сайлауға араласуға, өзге елдің тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге болмайды» деген.
Атамбаев 2017 жылы Қырғызстандағы президенттік сайлау науқаны барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен үміткер саясаткерлердің бірі Өмірбек Бабановты қабылдағанына наразы болып «Қырғызстанның ішкі ісіне араласып, өзіне ыңғайлы кандидатқа қолдау көрсетті» деп айыптаған еді.
Екі ел басшылары арасындағы «салқын қарым-қатынас» шекарадағы жағдайға да әсер етіп, Қазақстан жағы шекарадағы тексеруді күшейткен. Тек жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбеков қазақстандық әріптесі Назарбаевпен кездескеннен кейін ғана кедендегі жағдай қалпына түскен.
Видео: Қырғыз-қазақ шекарасындағы қалың кезек (қазан айы, 2017)
2017 жылы желтоқсан айында Астанада Жээнбековпен кездесуінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Қырғызстанға залал келтіретіндей бір де бір нәрсе жасаған емес» деп мәлімдеді.
АТАМБАЕВ ПЕН ЖЭЭНБЕКОВ
Атамбаев жергілікті арнаға берген сұхбатында Қырғызстанда соңғы уақытта қызу талқыланып жатқан президент Сооронбай Жээнбековтің сайлауалды штабына қатысты «қаржы дауы» туралы да айтқан.
“Икрам Илмияновты қамады…Мұндай есеп-қисап туралы штабтың есепшісі білді. Ол демалыс алып, елден кетіп қалды. Өз өмірі үшін қорықты, себебі қазіргі билік Бакиевтің жолымен кетіп бара жатыр деп ойлаймын” деді Атамбаев.
Атамбаевтың пікірінше, президенттің бұрынғы кеңесшісі Илмиянов соңғы президенттік сайлаудағы «көлеңкелі істер» жайлы көп білетіндіктен оның «аузын жабу» үшін қамаған. Ол соңғы уақытта елде жүріп жатқан «жемқорлықпен күрес» науқанын да «көзбояушылық» деп атап, істердің «саяси астары барын» айтқан.
15 қарашада қырғыз заңгері әрі құқық қорғаушы Нұрбек Токтакунов президент Сооронбай Жээнбековтің сайлауалды штабы ресми көрсетілген сомадан бірнеше есе көп қаражат жұмсағаны туралы құжат жариялаған. Құжатта «Жээнбеков штабы 1,1 миллиард сом және 6,8 миллион доллар жұмсады» деп көрсетілген. Орталық сайлау комиссиясының ресми есебінде «158 миллион сом» деп жазылған.
Президент аппараты бұл ақпаратты жалған деп мәлімдеді. «Мұның жалған ақпарат екені көрініп тұр. Мөр жоқ, қол қойылмаған. Біз жалған ақпаратты түсіндірмейміз» деді президенттің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева.
Қырғызстанда бұрынғы президент Атамбаев пен қазіргі президент Жээнбеков арасындағы жағдайдың нашарлап кеткені жиі айтылады. Бұған дейін Сооронбай Жээнбеков жергілікті сайттардың біріне берген сұхбатында Атамбаевтың партиядағы «оқыс әрекеттерін» сынап, біреулер арқылы «өзіне ықпал етуге тырысып отыр» деп айыптаған.
Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы президент сайлауында сайлаушылардың 54 пайызын жинап, жеңіске жеткен. Оны президенттікке Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы ұсынған. Сол кезде президент болып тұрған Алмазбек Атамбаев оны ерекше қолдаған.
«Апрель» арнасына берген сұхбатында Атамбаев бұл мәселелерден бөлек өзіне қатысты соңғы кездері туындаған даулар жайлы, өзі президент болып тұрған кезде не үшін Қытайдан көп несие алғанын, Бішкек ТЭЦ-і дауына қалай іліккені жайлы айтқан.
Қытай басшысымен «ерекше жылы қарым-қатынасын» атап өткен Атамбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевты мақтап, «екі жылға жуық уақыт ішінде он жылдың шаруасын атқарды» деп айтқан.
azattyq.org/
[:]