[:kz]
Шығыс Қазақстанда 57 адам банк алдында борышкер болып қалды. Олардың көбісі көрші Қытай елінен көшіп келген қандас бауырлар. Араларында Өскеменнің өзінде туып өскен ел де бар. Мұны оқып, қазір кім банкке қарыз болмай жатыр? – деуіңіз, әбден мүмкін. Бірақ бұл жағдайға қарап, бас шайқамасқа болмас.
Өздерін жәбірленушіміз деген жандардың алды осыдан екі жыл бұрын мұндай жағдайға тап боларын білмеген екен. Облыс орталығындағы Нұрлы көш ауылында тұратын жұрт ауылдастары Күміс ТӨКЕН есімді әйелдің арбауына бірінен кейін бірі түсіпті. Айтуларынша: – шекарада тауарым тұр, тез арада шығарып алуым үшін ақша керек. Көмектесіп, қарызға бере тұршы – деген, сөзіне сеніп берген
– Жылап еңіреп, қолында құраны бар кеудесіне қойып алған келді. Шекарада тауарым қалды. Ломбардта тоным бар еді соны шығарып алуым керек. Соған ақша жетпей тұр. көмектесіп жіберші. Мен осы Алланың атымен ант етейін. Барлығын өзім қайтарып берейін дегеннен кейін жаным ашып келістім. Дайын ақша жоқ болған соң банктен барып, 680 мың теңге несие алып бердім – дейді, Ерсінгүл ҮСЕНОВА.
Алданған алпыстай адамның бәрі де осы тектес сөздеріне сеніпті. Оның үстіне қос баласын жетектеп ертіп келіп, өтірік айтсам осылардың қызығын көрмей кетейін! Берші! – деп, жалынғанда бауыр еттерінің қалайша жібіп кеткенін сезбеген. Тіпті көзді байлап тастайтын қасиеті де бар ма? – дейді. Өйткені бәрі де айтқан сөзіне ұйып, артынан қалай еріп кеткендерін білмей қалған.
– Күйеуімді де кредитке кіргізген. Оны мен білмеймін. Ол миллион үш жүз мың теңге алып берген екен. Менің басымдағы қарызды қоссақ қазір банкке беретін 2 миллион несиеміз бар. Мен өзім жұмыс істемегенмін. Үйде отырған адаммын. Көп балалы анамын. Зейнетақы қорына да аударылған ақшам жоқ. Кейін білдім. Ана банкте бәрін дайындап қойған екен. 120 мың теңге айлық алад деп – дейді,Жамалхан ӘЛІМҒАЗЫ есімді жәбірленуші.
Бір қызығы алданғандардың ішінде полиция департаментінің қызметкері де бар екен. Ол миллион теңгені алып беріп, қолына ұстатып жіберген. Әйел адам болған соң, сөзіне сеніп, ана жүрегі елжіреп көмектесті делік. Кінәлі өтірікті суша сапырған Төкен Күміс делік. Жұмысы бар. Құжаты түгел. Білдей бір құзырлы органның қызметкерін де, ақша берген банк менеджерлерін де кінәлай алмаспыз.
Бірақ мына АЙГҮЛ АМАНЖОЛДЫҢ аузынан шыққан сөзге назар аударып көріңізші! – Мен әлі Қазақстан азаматтығын алған жоқпын. Ықтияр хаттан басқа ешқандай құжатым да жоқ. Бірақ маған банк несие берді. Қазір еден жуушы болып қызмет атқарамын. Айына 33 000 теңге жалақы алуым керек. Карточкамды бұғаттап тастаған. Еңбекақымды өз пайдама жарата алмаймын. Балалардың жәрдемақысын ол ұстап алып отыр. Енді міне далада қалудың аз-ақ алдында тұрмын. Банктен адамдар келіп, ақшаны қайтармасам үйден сүйреп шығарып жібермекші. Шет елге шыға алмай қалдым. Ол жақтағы туыстарыма бара алмаймын. Осы қарыз үшін шектеу қойылды. Бұл жерде Төкен Күміс қана кінәлі емес, оның жанұясындағы жандар, банк қызметкерлері де ұйымдасып қылмыс жасады деп санау қажет. Сондықтан бәрін де жазалауды талап етеміз. Толық тексерсін!
Аяқ астынан қарызданып қалғандардың бәрі де осындай талап қойып отыр. Өйткені, Төкен Күмістен басқалары бізді жылатып, бақытты өмір сүріп жатыр – дейді. Ал Төкен Күміске қатысты қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 190 бабы 3 бөлігінің 1 тармағы бойынша қаралып, 2017 жылдың 15-інші тамызы күні қамауға алынған болатын. Биыл қыркүйек айында 2 жылға сотталған. Қылмыстық істі қараған Өскемен қаласының №2 соты жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтесін. Жаза өтеу мерзімі 2017 жылдың 15-інші тамызынан бастап есептелсін. Арызданған жәбірленушілерге ақшаларын қайтарсын – деп, үкім еткен еді.
Бұл үкімге қанағаттанбаған жәбірленушілер облыстық сотқа аппелациялық шағым жасады. Төкен Күміске тағайындалған жаза жеңіл, уақытын ұзартсын деп сұрап отыр. Сонымен қатар, банктегі несиелерді жапсын дейді. Сотталған Төкен Күміс те кінәсізбін – деп, шағым түсірген. Қос тараптың арызы бойынша іс алдағы күндері қайта қаралмақ.
– Осы сот үкімімен келіспей сотталған Төкен Күміс және жәбірленушілер келіспей шағым келтірген. Осы шағымдар бойынша қылмыстық іс аппелациялық тәртіпте 29 қараша күні Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен қаралады – дейді, ШҚО соттың судьясы Назгүл РАХМЕТУЛЛИНА.
Ал осы 57 адамның ары қарайғы тағдырының қалай болары барлық 61 407 000 тенгені кімнің төлеуіне байланысты болып тұр.
Фотолар автордікі.
zhasalash.kz/
[:]