[:kz]
Бүгінде келіншектің шоттары мен банк карталары бұғатталып, көліктердің иесін өзі іздеп жүр
Мәжіліс депутаты қаржы министрінен Қазақстанның салық қызметтерінде тәртіп орнатуды сұрады
2018 жылдың 1 қазанынан бастап мыңдаған қазақстандыққа мүлік салығын уақытында төлемегені үшін айыппұл жазылған. Бір қызығы, азаматтарда ешқашан мұндай мүлік болмаған, ал салық туралы олар сот орындаушыларынан естіген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Шәкір Хахазов қаржы министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауалмен жүгініп, салықшылардың қателігінен зардап шеккен қазақстандықтардың мәселесін шешуді сұрады.
Мәжілісменнің айтуынша, осы жылдың 1 қазанынан бері мыңдаған қазақстандыққа мүлік салығын дер кезінде төлемегені үшін айыппұл жазылған. Тексере келе, азаматтарда ешқашан ондай мүлік болмағаны, олардың мүлік салығы туралы алғаш рет естіп отырғаны анықталды.
Депутат салық қызметкерлерінің қателігінен банктегі шоты бұғатталған алматылық Бауыржан Сүлейменовтің оқиғасын мысалға келтірді. Оған жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлды төлемеді деген қағаз келген. Ал бір қызығы, Бауыржан ешқашан автокөлік сатып алмапты.
«Кейінірек белгілі болғандай, айыппұл мүлде басқа адамға – Шымкент тұрғынына жазылған болып шықты. Бауыржан Мұратбекұлы Сүлейменовтің ЖСН-ні көрсетілген қаулы 2018 жылдың 1 қаңтарында туған тегі бір Бауыржан Мұратұлының атына жазылған», — деді Хахазов.
Сондай-ақ, депутат бірден 223 автокөліктің «иесі» атанғанын білген Астана тұрғыны Әсел Сәменованың оқиғасын мысал етті.
«Сот қыздың барлық шоты мен картасын бұғаттап, қызды ешқашан болмаған автокөліктеріне салық төлеуге міндеттеген. Ұзаққа созылған даулардан кейін 10 көлік әлі де әлгі әйелдің атында қалып отыр», — деді мәжілісмен.
Осыған ұқсас жағдай астаналық ер адамның да басынан өткен. Ер адам 17 мың теңге мөлшерінде көлік салығын төлеу туралы хабарлама алған. Алайда оның екі жылдан бері көлігі жоқ екен. Кейінірек, мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері қателік жібергені анықталды.
Сондай-ақ, Хахазов салық қызметі органдарындағы ұзын-сонар кезекке де назар аударды. Айтуынша, регламент бойынша әр азаматқа мемлекеттік қызмет көрсету уақыты 20 минуттан аспауы керек, ал адамдар ол жерде сағаттап кезекте тұрады.
«Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесіне қыруар қаржы жұмсалып отыр. Ал қарапайым халықтың мәселесі шешілмейді. Цифрландыру жағдайында мұндайға жол беру ұят», — дейді мәжілісмен.
Депутат салық салу базасында қателіктер жіберілгеніне қарамастан, салық органдарының лауазымды қызметкерлері жауапқа тартылмайтынына ашуланды.
«Біздің білуімізше, бұл бірлі-жарым жағдай емес, тенденцияға айналған», — деген Хахазов қаржы министрінен жағдайды реттеуді сұрады.
[:]