АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазақстандағы ең жас автоэлектрик Ақтөбе облысында тұрады[:]

[:kz]

Қазақстандағы ең жас автоэлектрик Ақтөбе облысына қарасты Шұбарқұдық ауылында тұрады. Жасы небары — 14 жаста. Ауыл  арасында  Серік ЖОЛАЕВТЫҢ  әжептәуір беделі бар. Әсіресе, көлігі барлар баланың мақтауын асырып жүр.

Қарапайым ғана ауыл баласы бұл кәсіпке  әбден төселіп алыпты. Әуелі үйдегі тоңазытқыш, істен шыққан электр бұйымдарын шашып, қайта жинап машықтанған. Кейін қызығушылығы артқан  бала көліктерге ауысыпты. Ең алғашқы  жөндеген көлігі – ағасының автосы екен.

Қазір Шұбарқұдықтағы шебер баланың атағы көрші ауылдарға да жеткен.  Алыстан ат терлетіп келген жүргізушілер  астындағы автосын Серікке бір қаратын алуды әдетке айналдырыпты.

«Серік – біздің оқушымыз. Сабақ үлгерімі жақсы. Оның физика, математика пәніне қабілеті зор. Сабақтан тыс уақытта үйірмелерге қатысады. Механика, техникаға машығы бар болғасын, сондай үйірмелерге жаздық. Баланың қалауы да сол болды. Әрі  электромеханика тақырыбында ғылыми жобалар жазып жүр, осының бәрін ескердік. Ал баланың кәсібіне келсек, сабақтан бос уақытында көлік жөндейді, оның ақысын ата-анасы қояды. Серіктің ата-анасы қарапайым кісілер. Әкесі көлік жүргізеді, анасы лаборант. Жуырда аудан әкімі Жолдас ҚАЛМАҒАМБЕТОВТІҢ қабылдауында  болдық. Сол жерде әкіміміз қандай көмек керек екенін, оқушымыздың арманы жайында сұрады. Ал бізге балаға қолдау көрсетуге тапсырма берді», — дейді Шұбарқұдық гимназиясының директоры Қайсар ҚҰЛЫМОВ.

Серік Жолаев қазір гимназияның 9-сыныбында оқып жүр.  Арман-мақсаты айқын. Болашағын техникалық немесе инженер-автомеханик мамандығымен байланыстырғысы келеді.

Фотолар автордікі.

zhasalash.kz

[:]