АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Желтоқсандықтар қазір қандай салаларда қызмет етіп жүр?[:]

[:kz]

Өткен өмірді қайта қаузау, ескі жараның аузын ашу кімге болса да оңай соқпасы анық. Қазақтың талай қыз-жігітін арамыздан алып кеткен Желтоқсан оқиғасы — ұлт тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі. Арада 32 жыл өтті. Қазір желтоқсандықтар қоғамның қай салаларында жүр?

Асан Смағұлов: Сот залынан мойындамай шықтым

Асан Смағұлов 1964 жылы туған. Желтоқсан көтерілісіне 22 жасында қатысты. Қазір ол – суретші. Жеке шаруашылығы мен сүйікті ісін қатар алып жүрген Асан Тоқтарханұлы 32 жыл бұрын болған оқиғаны үлкен толқыныспен әңгімелеп берді.

1981-1985 жылдар аралығында Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін (қазіргі О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) бітіріп, 1986 жылы Алматы театр және кино институтына (қазіргі Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы) оқуға түстім. Ол кезде 22 жастағы жалындап тұрған жастармыз

. Сол жылы Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен босатылғаны туралы сыбыс естіп, бейбіт шеруге шығамыз деп ойладық.

Содан жатақханада тұратын, суретші мамандығында оқып жатқан бір топ студент жиналдық. Бұзақылық па, әйтеуір, жатақханада берген ақ төсеніштерді алып, бөлмемізде тұрған қара және қызыл бояулармен ұрандар жаза бастадық. Көбіне Лениннің сөздерін жаздық, ал Мейрам Қайсенбаев есімді жігіт “Каждому народу – своего вождя” деген сөзді жазды.

Сөйтіп барлығымыз алаңға қарай бет алдық.

Алаңға барсақ, айқай-шу. Жастардың талап-тілектеріне назар аударып жатқан ешкім жоқ. Осылайша бәрімізді ұстап, тергей бастаған кезде мен туған жерім Зайсанға қашып кеттім. Бірақ 10 күннен кейін милиция ұстап алып кетті. Сөйтіп Алматыға қайта келген уақытта бізбен бірге шыққандардың барлығы ұсталып, Лениннің сөзін жазғандарын мойындапты. Бірақ мойындалмаған бір сөз, яғни “Әр халыққа – өз көсемі” қалып қойды.

Енді ол кезде патриоттық сезім деген күшті болды, бір-бірімізді сатпаймыз. Содан маған әлгі ұранды “сен жаздың” деп, күштеп мойындатқысы келді. Ал оны мойындасам өлім жазасы кесіледі. Сонымен не керек, менде бір ғана амал қалды – олардың ұрып-соққанына шыдап, мойындамау. Қарап тұрсақ, екеуінің айырмашылығы жоқ.

Сотқа дейін таяқ жеп, не мүгедек болып, өлесің немесе өлім жазасына кесілесің. Содан қинағанына, ұрып-соққанына шыдап, төрт қабырғам сынып, неше түрлі дене жарақатын алдым. Бастысы – сот залынан мойындамай шықтым. Қазіргі уақытта ІІІ топтағы мүгедекпін.

Шынымды айтсам, Желтоқсан көтерілісіне қатысқаныма өкінген емеспін. Осы күнге дейін адал еңбекпен нәпақамды тауып жүрген адаммын. Ол кезде комсомол қатарынан шыққан адам оқудан, жұмыс істеуден шеттетілетін еді ғой. Мен де көтеріліске қатысқаным үшін оқудан шықтым. Арада жыл өтіп, отбасын құрғаннан кейін оқуымды қайта жалғастырдым. Сөйтіп 10 жыл 8 ай дегенде қолыма дипломымды алдым. Қазіргі күні металл өңдейтін және қазақтың аспаптарын жасайтын цехым бар, сонымен бірге құс өсірумен және қазақы төбет өсірумен айналысамын.

Несіпкүл Шөкей: Балағат сөз тән соққысынан ауыр тиді

Несіпкүл Шөкей 1959 жылы 11 қыркүйекте дүниеге келген. Желтоқсан оқиғасы кезінде 27-те болған. Қазір – Нұрғиса Тілендиев атындағы мемориалдық музейдің қызметкері.

Ақсу ауданында білім беру саласында қызмет етіп жүрген кезім, 2 жасар кішкентай қызым бар еді. 1986 жылы желтоқсан айында туысқаным келін түсіреміз деген соң үш күнге сұранып, Алматыға келдім. Ол кезде мұндай оқиғаға тап болам деп ойламаппын.

Алматыда туысқанымның үйінде қонақта болып, ауылыма қайту үшін автобусқа міндім. Сол кезде жастардың алаңға жиналып жатқанын, Дінмұхамед Қонаевтың орнына билікке Колбиннің келгенін естідім. Өзім ҚазҰУ-дың тарих факультетінде оқығанмын, мектепте мұғалім болып қызмет етіп жүрген кезім. Мына әңгімені естігенде шыдап отыра алмадым. Сөйтіп Фурманов көшесіне келгенде автобустан түсіп қалдым да, Брежнев алаңына тарттым.

Алаңға барсам, өзім сияқты жастардың қарасы көп екен. Алғашқы күні бейбіт шеру болды. Біздің бар мақсатымыз Дінмұхамед Қонаев ағамыз трибунаға шықса, не үшін биліктен кеткенін түсіндіріп айтса деген ниет болды. Бірақ біздің тілегімізге ешкім құлақ аспады. Ұрандап жүріп, қалай кеш батып кеткенін аңғармай да қалыппыз. Таңертең қайта келуге уәделесіп жиналған жастар тарап кеттік. Келесі күні таңертең алаңға қайта келдім. Алаңды мұздай қаруланған, басына каска киген әскер қоршап алыпты. Олардың Ресейден келген қарулы жасақ екенін біз кейін білдік.

Біз де кешегідей емес, рухтанып, қайрат жиып алғанбыз. Қоғам қайраткерлері топтың алдына шығып сөз сөйлеп жатты. Мұздай қаруланған әскер оларды шетінен соққыға жығып, жиналған жастарды таратуға тырысты. Адамның көптігі сондай, кімді соққыға жығып жатқанын, кімнің ұрандап жатқанын анық байқай алмадық. Әркім өзінше рухты ән айтып, айқайлап жатты. Әскерилер бізді алаңнан қууға, артқа шегіндіруге бірнеше рет әрекет жасады. Рухтанып, бойға қайрат жиып алған біз де беріспедік. Біресе алға, біресе артқа жылжыған жастар толқынында бәріміз келісіп алғандай ән шырқап, ұрандай бердік.

Біздің тарамайтынымызды білген соң өртсөндіргіш машиналар суық су шаша бастады. Су болған киімдеріміз сәлден соң қатып, мұзға айналды. Денеміз мұздағанымен жүректегі жалын сөнсін бе?! Қазақ жастары қайратына мініп, арыз-талаптарын жеткізуді доғармады. Қара каскадағы жендеттердің қатыгездігін осы тұста білдік. Олардың бет-бейнесін, кім екенін көріп-білмесек те, менің көз алдымда қара киімді қатыгез сұлба мәңгілікке қалып қойды.

Бір кезде желкемнен ауыр соққы тиіп, жанарым жарқ ете қалды. Үш жендеттің мені сүйреп, тепкілеп жатқаны ғана есімде қалыпты. Үш жендеттің балағат сөзі мен ауыр соққысынан соң адамдардың да айуаны болатынын түсіндім. Бірақ дәл сол сәтте маған тәніме тиген ауыр соққы емес, олардың айтқан балағаты аса ауыр тиді. Есімді бейтаныс адамның үйінде жидым. Мені бір қазақ жігіті сол үйге апарып тастаған екен.

Сол кезде Елубай есімді ағам Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет ететін. Дереу сол кісіні шақыртып, мені көлігімен алып кетті. Жол бойы: “Сені періштең сақтап, аман қалдың. Енді сақ бол, ешкімге тіс жарма! Емханаға жатпа, біреу сұраса құлап қалдым деп айт”, – деп үйретті. Сөйтіп ауылыма апарып тастады.

Бірақ менің “құлап қалдым” деген сылтауыма ешкім сенген жоқ. Дәрігерге қаралдым, бірақ бір ай бойы үйде ем алуға мәжбүр болдым. Емхана үйіме жақын жерде еді. Емханаға да, дәріханаға да таяққа сүйеніп, әрең барып келіп-жүрдім. Бетім бері қарағанымен денсаулығым сыр беріп, жендеттердің тепкісінің кесірінен 1987 жылы оң бүйіріме операция жасауға тура келді. Ал 1990 жылы сол жақ бүйіріме операция жасалды. Жатырыма тиген ауыр соққыдан кейін бала көтере алмай да қалдым.

Маржан Әзбергенова: Жүрекке түскен сызаттан әлі күнге дейін арыла алмай келемін

Маржан Әзбергенова 1969 жылдың 24 қарашасында дүниеге келген. Желтоқсан оқиғасында алаңға 17 жасында шыққан. Бүгінде Алматыдағы №1 Балалар туберкулезіне қарсы шипажайда қызмет етіп жүр.

Сол кездері Талдықорғандағы № 5 Орта кәсіптік-техникалық училищенің 2-курсында оқып жүрген едім. 1986 жылдың 16 желтоқсан күні кешкісін “Алматыда Орталық комитетте Дінмұхамед Қонаевты зейнетке шығарыпты, орнына бөтен елдің адамын басқа жақтан алып келіпті” дегенді естідік. Мен ол кезде бар-жоғы 17 жастағы бойжеткен едім. Пленумның шешіміне айналамыздағы адамдар үлкен наразылық білдіріп, талдау жасап, әртүрлі әңгіме басталып кетті. “Алматыда халық жаппай ереуілге шыға бастапты” деген әңгіме де желдей есті. Ойымда ештеңе жоқ. Жатақханадағы бұл хабарды естімеген замандастарыма айтып, бәріміз жатахананың алдына жиналып, алаңға қарай жылжыдық. Бәрімізде бір сұрақ: неге мемлекеттің өкілі Қазақстанның орталық комитетін басқарады?

Осылайша наразылық білдіреміз, өз талап-тілегімізді көпшілік алдында айтамыз деп жатқанда сағат 01.00-дер шамасында алаңға жабдықталған милиция қызметкерлері мен солдаттар, Үкімет адамдары келіп, ереуілге шыққандарды қоршауға алды. Адамның санасына симайтын ұрыс-керіс басталып кетті. Жай ғана бейбіт ереуілге шыққан халықты, келген адамдарды өздері қозғады. Жағдайды ушықтырып жіберді. Қолдарына түскен адамдарды аямай ұрып-соғып, қинады. Есіме түссе егілемін. Мұндай жағдайды енді қайта адамзаттың басына бермесін. Біз ереуілге елдің, жердің, қазақтың, мемлекеттің мүддесін қорғау үшін келгенімізді айтып түсіндіре алмадық. Амал қанша, ереуіл ердің қазасымен, еліктей сұлу жас арулардың азасымен аяқталды. Бәрімізді қуып-соғып, шегіндіріп, ұсталғандарды қамауға алды. Қамауға алынғандардың қатарында мен де кетім…

Бір апта бойы қамауда отырдым.

Күн сайын бір тілім қара нан, су беріп тұрды. Ертеңгілік тексеріс барысында ұрып-соғып, шашымнан тартып, жұлқылап, қолдарынан келген барлық қорлықты көрсетті. Бір аптадан кейін бәрімізді тергеу изоляторына алып келді. Сол жерде қайтадан жиналыс болды. Жиналыста біз тұрған жатахананың вахтеры Ғалия апайды 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі оқылды. Бірақ бұл сегіз жыл Ғалия апайға жеңіл жаза екені ескертілді. Себебі, Ғалия апайымыздың мүгедек қызы бар еді.

Ал жатахананың старостасы Сламжан ағайды жастарды ұйымдастырушы деп жала жауып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сөйтіп кезек маған да келді. Кәмелет жасына толмағандықтан мені жасөспірімдер колониясына жіберуге, оқудан шығаруға ұсыныс берді.

қатарынан бірден шығарып тастады. Біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей болды. Бүкіл өмірім көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатқандай. Менің бар жазығым елдің ертеңі үшін уайымдап алаңға аяқ басқаным ба?!

Адамның тағдыры шешілер тұста кураторым Нина Николовна көмекке келді. Ол менің оқудан шығарылуыма және жасөспірімдер колониясына жіберілуіме табанды қарсылық білдіріп, соңына дейін күресті. Ақыр аяғында өз қарауына алатынын айтып, кешірім хат жазып, бұл қатерден алып қалды. 1986 жылдағы осы зұлматты ойласам, бірінші болып Нина Николовнаны еске аламын. Бірінші Тәңіріге, содан кейін осы адамға шәкірттік алғысым шексіз.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңы” негізінде бес жылдан кейін Ғалия апай да ақталды. Кейінгі жылдары Желтоқсан оқиғасының құрбаны екенім ескеріліп, мен де ақталдым, бірақ жүрекке түскен сызаттан әлі күнге дейін арыла алмай келемін. Дегенмен көтеріліске қатысқаныма ешқашан өкінген емеспін.

Жалпы Желтоқсан көтерілісі біздің елге тәуелсіздікті жақындатты. Қазір еліміз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатыр.

Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елін бүкіл әлем танып жатыр. Осы күнге дейін халық үшін жасалып жатқан игі істер мен бастамалар жетерлік. Тәуелсіздік – кез келген мемлекет жете бермейтін жетістік.

Бұл мың өліп, мың тірілген дана халықтың сан ғасыр аңсаған арманы еді. Сол баға жетпес тәуелсіздікті жақындатқан Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың ісін қолдап, оны кейінгі ұрпаққа үлгі етуді насихаттау қажет деп есептеймін. Осы орайда бізді ұмытпай, үнемі құрметтеп жүретін Алматы мен Медеу ауданының әкімдігіне, халқыма алғысымды білдіремін. Тәуелсіз елімнің көк туы шарықтай берсін, еліме ынтымақ пен татулық, тыныштық тілеймін

baribar.kz

[:]