АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қандай фильмдерге тыйым салынады?[:]

[:kz]

Қазақстанда кинематография туралы заң қабылданды. Ел аумағында қандай фильмдерді көрсетуге рұқсат берілмейді? +21 санатындағы фильмдер қай уақытта көрсетіледі. Заңның маңызды тұстарын шолып шықтық.

НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

18 баптан тұратын жаңа заңға сай, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы», прокат жағдайын анықтайтын «фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі», елде көрсетілетін фильмдер тіркейтін «мемлекеттік реестр», фильмдерді сақтайтын «мемлекеттік қор» сияқты жаңа құрылымдар пайда болады. Бұған дейін бұл міндеттерді «Қазақфильм» акционерлік қоғамы атқарып келген. Жаңа заңға сәйкес, кино саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан үкіметі.

  • Фильмнің мазмұны Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды көздесе, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни, рулық араздықты қоздырса, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды, порнографияны насихаттаса прокатқа рұқсат берілмейді.
  • Прокат куәлігін сұраған кезде берілген ақпарат кейін бұрмаланғаны анықталса, уәкілетті орган куәліктің күшін тоқтата тұрады.
  • Заң бойынша, фильм жоғары көркемдігін деңгейде жасалса, мемлекеттік мүддеге, Қазақстанды кино өнері арқылы таныта алса уәкілетті орган оны «ұлттық фильм» деп танып, арнайы куәлік береді.
  • Ұлттық фильмнің продюсері және авторлар құрамының жартысы Қазақстан азаматы болуы тиіс. Ұлттық фильмдерді мемлекет қолдайды.
  • Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараты бар, суицид, адам өлтіру, отбасылық өмір проблемалары мен ажырасуды, есірткі жəне алкогольге тəуелділікті, жалаңаштануды насихаттайтын фильмдер, жыныстық қатынас немесе эротика көріністер бейнеленген, дөрекі жаргон, былапыт сөздер, нормативтік емес лексика қолданылған фильмдер 18 жастан үлкен және 21 жастан үлкен көрермендерге көрсетілуі тиіс.
  • «21+» санатындағы фильмдер жергілікті уақыт бойынша кешкі оннан таңғы алты аралығында көрсетілуі керек.
  • Басқа тілде түсірілген фильмдер қазақ тіліне дубляж жасалуы, субтитр немесе кадр сыртындағы аудармамен көрсетілуі тиіс. Фильмдегі жаргондар, былапыт сөздер, нормативтік емес лексика дыбыс сигналымен өшірілуі тиіс. Қазақстанда түсірілген фильмде қазақ тілімен қатар басқа тілдер қолданылса, өзге тілдегі сөздер қазақ тіліне субтитрмен аударылуы тиіс.
  • Қазақстанның кинематография туралы заңнамасын бұзғандар басқа заңдармен жазаланады.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

«Оралман» фильмінің режиссері Сәбит Құрманбек «Кинематография туралы» заң жобасының Алматыдағы былтырғы талқылауларына қатысқан. Ол «Қазақфильм» функцияларының дені жаңа құрылымдарға тапсырылуын қолдайды.

— Заң қабылданбай тұрған кезде кино түсіру үшін фильм жобасы Мәдениет және спорт министрлігіне жолданып, онда жоспарға енгеннен кейін барып «Қазақфильм» компаниясы арқылы түсірілетін. Мысалы, «Оралман» фильміне бөлінген 100 миллионнан астам теңгенің салық ретінде 25 пайызы министрлікте қалды. Кейін «Қазақфильм» де өз үлесін алды. Жаңа құрылымдарды қолдаймын. Бірақ оған қатысты күмән де жоқ емес. Киноны қолдау орталығы әлдебір пысық жігіттердің жеке орталығына айналып кетпесе екен. Мұны қатты қадағалау керек. Мемлекет есебінен қаржыландыратын кино таңдайтын эксперттік комиссияның мүшелері кім болатыны анық жазылуы керек, — дейді Сәбит Құрманбек.

Режиссер Сәбит Құрманбектің "Оралман" фильмінен алынған кадр.
Режиссер Сәбит Құрманбектің «Оралман» фильмінен алынған кадр.

​Заңның жобасын қараған парламенттегі жұмыс тобының мүшесі, Кинематографистер одағының бұрынғы төрағасы, «Қазақфильм» компаниясында бас продюсер қызметін атқарған режиссер Ахат Ибраевтың пайымдауынша, мәдениет және спорт министрлігі жаңа заңда кеш болса да батыс елдеріндегі жүйелер енгізіп отыр.

— Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін ашу қарастырылған. Жүйе кинотеатрларда билеттердің сатылымын қадағалайды. Мәселен, Тараз, Ақтау не Өскеменде билеттің қашан, қай залға және қанша теңгеге сатылғанын кино өндіруші көре алады. Бұл – прокат саласында ашықтық үшін қажет өзгеріс. Ресей кинематографтары осындай жүйенің арқасында күнелтіп отыр, — дейді ол.

Режиссер Ахат Ибраев фильмдердің мемлекеттік тілге дубляж жасалуын, субтитр қойылуын қолдайды.

— Мұндай норма бұрын Тіл туралы заңда да жазылған. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ. Яғни, норма тиімсіз, нәтижесіз болды. Фильм шығарушылар дубляждің қымбаттығын айтады. Кадрдан тыс аударма не субтитрдан бастайық. Бұл мемлекеттік тілді үйренуге сеп және Батыс елдерінде бұл таңсық дүние емес, — дейді ол.

Ахат Ибраев «жаңа реформалардың жұмыс істеп, бірден жеміс беріп кетеді» деуге асықпайды.

— Егер бұл жұмысқа кино түсірушілер атсалыспаса, ештеңе өзгермейді. Заңды түсіндіруге уақыт керек. Өкілетті орган ретінде кино түсірушілер, кинотеатр өкілдері, дестрибютерлер мен продюсерлердің басын қосып, жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндіруі керек. Сонда ғана реформалар, өзгерістер жұмыс істейді, — дейді ол.

Қазақстан прокатына жылына төрт жүзге жуық кино шығады. Оның елу шақтысы — қазақстандық кино өндірушілердің фильмі.

azattyq.org/

[:]