[:kz]
Алматы облысында малшыларды сан соқтырып келген бір топ ұрылар ұсталды. Мал ұрлауды кәсіпке айналдырғандар бір жыл бойы Еңбекшіқазақ ауданындағы шаруаларды әбігерге салған екен. Жедел іздестіру шарасын қолға алған облыс полицейлері ақыры олардың ізіне түсіпті. Бір жыл ішінде олар ауылдағы 100-ге жуық малды қолды қылған. Оңай олжаға кенелуді әдетке айналдырғандар темір торға тоғытылды.
«Менің 3 ірі-қара малым жоғалған. Кейін 50 бас ұсақ қойым жоғалды. 3 ірі-қараны полицияның арқасында таптым», — дейді Сөгеті ауылының тұрғыны Болат КӨПЖАСАРОВ.
Полицейлердің айтуынша, ұрылар алыстан келмепті. Күдіктілер сол ауылдың 19 бен 20 жасар аралығындағы жастары екен. Қазір олар тергеу абақтысында.
«Жолдас-жораларыма айттым, ақшадан қатты қысылып кеттім, әке-шешем бермейді. Құдай өзі кешірсін мал ұрлап сатайық дедім. Машина алдық, мен оқуымның кредитін жаптым, ары-бері жүрдік, ойнадық, күлдік сонымен ақша бітті», — деді күдікті.
Аталған ауданда мал ұрлады деген күдікке ілінген тағы бір азамат — Алматы қаласының 32 жастағы тұрғыны. Ол Шелек ауылындағы мұғалімнің үйінен 4 қой мен 1 ешкі ұрлаған. Полицейлердің сөзінше, тергеу барысында күдікті ұсақ малды қалай және не үшін ұрлағанын толық баяндап берген.
«Бір топ азамат ұсталды. Ол азаматтар Еңбекшіқазақ ауданы Шелек өңіріне қарасты шаруа қожалықтарда қоралардан, жайылым жерлерден мал ұрлаған. Сол бойынша бір топ адам ұсталып, қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр»,- дейді Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының тергеушісі Баубек АХМЕТОВ.
Тәртіп сақшылары қолды болған малды сатып алушыларды да анықтаған екен.Тексеру барысында ұрланған малдың жартысы сатып алушының қорасынан табылған. Ұсталған күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға бар-жоғы анықталып жатыр.
Фотолар автордікі.
zhasalash.kz
[:]