АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Сонда барлығы кім үшін? Пафос. Иллюзия![:]

[:kz]

 

 

Астанадағы бес бірдей бүлдіршіннің өмірін жалмаған өрт өзегімізді өртеп, қабырғамызды қайыстырды.  Есімізді алып, делсал күйге түсірген ақпаратты әуелде жазуға да жүрексіндік. Өңешімізге өксік тығылды. Өң-түсімізді айыра алмай, ботасынан айрылған байғұс анамен бірге аза тұттық.

Альбина, Алина, Сабина, Карина және Мадина. Түн ұйқысын түтін тұншықтырып, өмірлерін өрт жалмаған балапандардың есімдері, бұл. Үлкендері 2006 жылы, ең кенжелері 2018 жылы туған, үш айлық нәресте екен.

 

 

 

Бұл сол қыршын кеткен сәбилердің үйі

Мынау Астанадағы ақ жағалыларға тиесілі

тұрғынжайлар

Мынау депутаттардың қызметтік пәтері

Астанадағы Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын үй массивінде, біреудің босағасында, пәтер жалдап тұратын ата-ана сол түні жұмыста болған. Тұратын жері 10 шаршы метр. Бастарында 4 бірдей несие бар екен. Қақпақылда қысқан қарызы бар, бала-шағаның ішіп-жемі мен пәтерақысы тағы бар, ата-ана байғұс үш айлық баласын да үйде қалдырып, жұмыс істеуге мәжбүр болған. Әкесі көлік жөндеу орталығында жұмыс жасайды. Шешесі де декреттік демалысын ерте үзіп, бала-шаға қамымен жұмысқа шыққан. Сол түні олар түнгі ауысымда болыпты. Ал өрт ақпанның 3-інен 4-іне қараған түні, 02:30 шамасында басталған.

Жә, осы жерден тоқтайық. Өрттің неден, қалай болғаны ақпарат құралдарында егжей-тегжейлі жазылды. Қайталап жатпайық.

Тәнді тітіркентіп, жанды түршіктірген бұл оқиға ақпаратта алғаш жария болысымен, жұрт жаппай қазаға ортақтасып, көңіл білдірді. Қазаның қара шекпенін жамылған ата-ананың банктік есеп-шотына қаржы жинай бастады. Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сенсек, қазірдің өзінде  жиналған жылу 13 миллион теңгеге жуықтаған. Бірақ, сол 13 миллион бес балапанның орнын толтыра ма? Ботасынан айрылып бозінгендей боздаған ананың жүрегін емдеп жаза ма? Жоқ әрине!

Қазақ қоғамы қаралы шаңырақтың қайғысын бөліскенімен, құзырлы билік қыңқ етпеді.  Сол туралы жазбақпыз…

Сұлтановтың сиынары басқа, сорты бөтен, салты бөлек пе?

Тіпті, өзі басқаратын Бас қаладағы шетін оқиға болған шаңыраққа әкім Бақыт Сұлтанов бас сұқпаған да дейді ақпарат.

Күллі жұрт аза тұтқан қазаға Сұлтановтың бүйрегінің бүлк етпеуі қалай? Әлде, Сұлтановтың сиынары басқа, салты бөлек пе еді?

Бұрын министр болған Сұлтанов 2018 жылдың 11-қыркүйегінде Астанаға әкім болып тағайындалған. Биыл Үкіметте есеп беріп, Астананы әрі қарай қалай басқаратынын, не атқаратынын айтып, есеп берген. Сол жиында кешегі қаза болған Көктем-1 ықшамауданы бірінші кезекте газбен қамтылатынын айтқан. 3 ықшамауданды газдандыру үшін 286 миллион теңге бөлінгенін айтқан. Өз жоспарларын Президентке де көрсеткен.

Біз материалды жазу барысында Сұлтанов аппараты ресми хабар таратты. Қаралы отбасыға қаржылай көмек көрсетілетінін айтыпты.

«Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. «Сарыарқа» ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын», — деді қала әкімі.

Сонымен қала басшылығы қазалы жерге барған. Қала басшысы ше?

Айтпақшы, осы Астана әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева кеше баспасөз жиынын өткізді. Қаза болған жерге барып келіпті. Баспасөз жиынында еңкілдеп жылаған Элвираның жағдайын біз жақсы түсінеміз…

Вице-министр Ильиннің сөзі: 5 баланың ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін

Бұрын жеке министрлік болып, қазір Қалмұхамбет Қасымов басқаратын Ішкі істер министрлігінің құрамына кірген Төтенше жағдайлар департаменті жайлы жазбақшы едік. Алайда, Қалмұхамбет Қасымовтың орынбасары, ҚР ІІМ вице-министрі Юрий Ильиннің мәлімдемесі ойымызды бұрды.

Жаңағы Ильиннің айтуынша, ата-анасының балаларды қараусыз қалдыруы қылмыстық іс ретінде қарастырылады екен. Яғни, сот болады.

«Бұл жайтты сотта қарайды. Баланың қауіпсіздігіне жауапты болмағаны үшін қайтыс болған жағдайда ата-анасын жауапқа алу заңы бар. Ал, бұл жерде бір отбасының бес бірдей баласы қаза болды. Сондықтан бұл мәселе тергеу мен сотта тексеріледі», — деді Юрий Ильин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Жаңаөзенде халыққа оқ атқан, «тағы шықса, тағы атамын» деген министр Қасымовтың орынбасары енді қазадан қан жұтып отырған ата-ананың жағасынан алғанын адамгершілік шеңберіне сыйғыза алмай дал болдық, тағы.

Егер… Біз осы егер деген сөзді көп қолданатын болдық. «Егер солай болғанда» кешегі бүкіл елді бүк түсірген бес баланың қазасы болмас па еді» деп өкінеміз…

Әбілқасымова отаставкаға кетсін!

Пәтерақыны бір, қарыз несиені екі төлеуге, бала-шағаның ішіп-жемі, киім-кешегі, күнкөріс қамы деп далада жүрген жалғыз ата-ана емес, бұлар. Ақшасы көп, әшекейленген Астанадағы жағдайды көрдіңіздер…

Ал жұрт жұмыс іздеп келетін Алматыда ресми ақпар бойынша 600 мыңға жуық «квартирант» бар. Бұл дерек ескірген де болуы мүмкін. Дегенмен шамамен жағдай осы ауанда.

Қазірдің өзінде 5 миллионнан астам қазақстандық екінші деңгейлі банктерге берешек. Олардың 1 миллионнан астамы қарыздарын төлей алмай қаңғырып жүр.

Ал ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған аналарға берілетін 16 мың теңгені көпсініп жүр. «Көп балалы ата-аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады, ешбір ел аналарға мұндай жасамаған» деп шімікрпей сөйлеп, шіреніп жүр.

Әбілқасымова 2018 жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған. Содан бері сынның астында қалып жүрген Әбілқасымованың әр сөзі «хит». Әбілқасымованың министр ретінде болмысын ашу үшін сол «хиттердің» бірнешеуін еске түсірейік…

1. Қазақ тілін білмейді. Әбілқасымова Қазақстанның мемлекеттік тілін, қазақтың тілін білмей-ақ, Қазақстан Үкіметінің мүшесі, министрі болып жүрген адам.

2. 16 мың теңге көп. «Көп балалы ата-аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады, ешбір ел аналарға мұндай жасамаған», деп сөйлеп, аналарға берілетін 16 мың теңге жәрдемақының көп екенін айтты.

3. 38 ауыл жойылады. Әбілқасымова солтүстік өңірлерге жұмыс сапарымен барып, 38 ауылды жойылатынын хабарлаған.

4-ақпан күні Астана қаласы Сарыарқа ауданы Көктал ықшам ауданындағы «времянкадан» өрт шығып, бір үйдегі бес бүлдіршіннің өмірі қиылды. Дәл осы күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова «Forbes» журналының мұқабасына шығып, қызмет жолындағы «тәжірибесімен» бөлісті.

Қазір әлеуметтік желі қолданушылары жаппай дәл осы министр Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етуде.  Министр болып келгелі естіген «бәрекелдісі» жоқ. Сенаторлар да шүйлікті. Депутаттар оның заңын түсінген де жоқ.  Нығматулиннен де таяқ жеді, сөз естіді. Мәжіліс оның халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері туралы заң жобасын жылтыр есеп деп бағалады. Қысқартып айтқанда шата тілді шала министр. Енді оған орнын босатпағанда не қалды?

Косарьевтің күпірлігі

Астанадағы ауыр қайғыға қатысты асылық сөз айтып, алжып сөйлегеннің біреуі – депутат Владислав Косарьев. 82 жастағы кәрісүйек кіжірейген коммунист Құдайға күпірлік қылғандай болды.

«Үш айлық баласын тастап, неге жұмысқа шығып жүр, ол ана» деді ол.

Соны айтамыз-ау, айлық ақшасы миллионға жуықтайтын Парламенттің дардай депутаттары мен Үкіметтің миллионер мүшелері бақандай 16 мың теңге беріп тұрғанда, «қанағатсыз» қазаққа түн ұйқысын бөліп, жұмыс қуалайтындай не күн туыпты, басына? Бәлкім, Косарьев солай ойлайтын да шығар…

Мәжілістегі ең егде депутат Владислав Косарев екен. Кәрі сүйек коммунист сайлаудың санын көрген. Қайсыбір жылы түлен түртті ме, жоқ түсінде көріп, шошып оянды ма, әйтеуір ешкім керек қылмаған көсемнің қаңқа сүйегін қазақ жеріне әкелу туралы ұсыныс айтқан. Қазан төңкерісінің 100 жылдығында. Мәскеудің Кремльінде жатқан пролетариат көсемі Лениннің мүрдесін әкелейік дегенді осы Влад Мәжілісте көтерген.  Дәл сол жылы Дума даурығып, «Кремльде жатқан қаңқаның көзін құртайық» деп бастама көтергенде, «сендерге керек болмаса, бізге керек» деп өзеуреген. Кейін Мәскеу Ленинді Кремльде қалдырды.

Қазақ Ханы Кеңесарының бас сүйегін елге қайтару мәселесінде «ләм-мим» демеген, кешегі Кейкі батырдың басын елге жеткізерде жақ ашпаған Косарев еді ғой бұл.

Отставкаға кетуі тиіс адамдардың көшін бастайтын да осы Косарев.

Түйін. Әлемге айшықтап айтып жүрген әшекейленген Астанадағы ауыр қазаның көп ойға жетеледі бізді. Біз асқақ пафоспен халықараға қараймыз. Әлемде жоқ Астана салдық деп кеудемізді көкке ұрамыз.

Біз «ЭКСПО» өткізу үшін бес жыл бойы шабылып, бюджеттен 565 миллиард теңге жұмсаймыз. Бұл доллармен есептесек, 2,1 миллиард болады екен. Сол 2,1 миллиардттың 1,58 миллиарды Астананың бюджетін алынған ақша екен, тағы.

Астананың 20 жылдығын тойлау үшін қала бюджетінен тағы 19 миллиард теңге бөлеміз.

Бір ғана Жастар жылының ашылу салтанатына 250 миллион теңге шығындаймыз. 1,5 сағат мақтаймыз, мақтанамыз.

Біз мықтымыз ғой. Ал қирауық тамның топырағымен бес баланы жерлеген жұрттың хәлі анау… Сонда барлығы кім үшін? Пафос. Иллюзия!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

[:]