АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Нұрсұлтанның торттары-ай![:]

[:kz]

Торт пісіру тек әйел адамдардың ғана жұмысы деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі кондитерлік салада кәсібін өрге бастырып жүрген ерлеріміз де жоқ емес. Сөзіміздің дәлелі ретінде 29 жастағы кондитер жігіт Нұрсұлтан Бекботаевты айта аламыз.

 

Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының тумасы қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғыны. Ол осында «Sultan_pastry» деп аталатын кондитерлік цех ашып, онда тапсырыс бо­йынша 30 шақты торттың түрін дайындайды. «Іnstagram» желісінде «@sultan_pastry» парақшасын ашсаңыз, Нұрсұлтанның қолынан шыққан торттың түр-түрін көре аласыз.     

 

«Мамандығым да, кәсібім де  осы – кон­дитерлік. Ең алғаш Алматыға 18 жасымда келдім. Қыстыгүні болатын, еш жерден жұмыс табылмаған соң досым мені өзі жұмыс істеп жүрген печенье пісіретін цехқа жұмысқа шақырды. Содан осындай тәттілер пісіруге деген қызығушылығым ояна бастады. Бұл істен нан жеуге болатынын түсінген соң осы жұмысқа бейімделіп, ары қарай жалғастыруды жөн көрдім.

 

Содан бір жыл печенье  жасайтын, бір жыл нан пісіретін цехтарда жұмыс істедім. Содан соң нан, бәліш, печенье секілді ұн тағамдардың барлығын пісіруді үйреніп шықтым.  4-5 жыл көлемі болды, торт дайындауды да меңгердім. Жалпы алғанда, сол кездегі қойған мақсаттарыма қол жеткізе алдым. Былтырғы жылдан бері өзімнің жеке кондитерлік цехымды ашып, кәсібімді жүргізіп келемін», – дейді Нұрсұлтанның өзі.

 

Оның айтуынша, қазіргі таңда «Вупи пай», «Қызыл бархат», «Рафаэлло», «Молочная девушка», «Карамельный», «Шоколадный», «Королев­ский», «Медовый» деп аталатын торттар ең сұранысқа ие түрлері екен. Бір күн бұрын тапсырыс алып, оны түнімен пісірген соң таңертең тапсырыс иесіне жеткізіп беретін көрінеді.

 

– Қаймақ, ірімшік, шоколад, сүт секілді қоспалардың барлығының да жоғарғы сұрыптысын, сапалысын қолданамыз. Мұндағы торттардың бағасы келісіне қарай  қойылған, бір келісі шамамен 4000 теңгені құрайды. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша ақылы түрдегі жеткізу қызметі де қосылған, – дейді ол.  

 

Нұрсұлтан айына 2-3 рет тәтті тағамдар пісіруден ақылы негізде мастер-класс өткізіп тұрады екен. Соған байланысты оған: «Егер болашақта келіншегіңіздің қолынан торт пісіру келмесе, өзіңіз үйретесіз бе?» – деген сауал қойдық.

 

– Оны алдағы уақытта көре жатармыз. Әзірге бойдақпын. Білмесе, үйретермін. Егер цехым үлкейіп жатса, оның көмегі міндетті түрде қажет болады. Ал негізі өзім үйде тортты көп пісір­меймін. Тек әпкемнің туған күнінде бір рет да­йындағаным бар. Бірақ жеңгеме, әпкеме, анама пісіру жолдарын айтып отырамын, арғысын өз­дері даярлайды.

 

Алла бұйыртса, алға қойған мақсат-жоспарларым көп. Соның бірі – алдағы уақытта  өзіміз жасап жатқан торттарды брендке айналдыру. Өз қолымнан шыққан дүниелерді Қазақстанның бренді еткім келеді. Цехымды кеңейтіп, өнім­дерімді Қазақстанның барлық қалаларынан көрсем деймін, – дейді Нұрсұлтан.

 

Өз қызығушылығының арқасында алға қой­ған мақсатына жетіп отырған Нұрсұлтанның ісіне біз де сәттілік тіледік. Қазақстандық торттар әлемді жаулап жатса оның несі жаман? Осындай іскер жастарымыз тұрғанда ол күнге де жетерміз деп ойлаймыз.

М. ИБРАЕВА.

Нұрсұлтан Бекботаевтың байланыс телефоны: 8-700-750-80-01.

zamana.kz

[:]