АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Порошенко: Мәскеу Қырымда зымырандарын шоғырландырып жатыр[:]

[:kz]

Украина президенті Петр Порошенко «Ресей аннексияланған Қырымда зымырындарын шоғырландырып жатыр» деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) Нью-Йоркте өткен Бас Ассамблеясында айтты. Порошенконың сөзінше, түбекте Ресейдің 32 мыңнан аса әскері мен дүркіндете ататын 50-ден астам реактивті қару жүйесі бар.

Украина президентінің сөзінше, Мәскеу ядролық қару дайындау үшін Қырымның инфрақұрылымын ендігі дамытып қойған.

Донбасстағы жағдайды айтқан Порошенко «Өңірде 35 мың қаруланған ресейшіл сепаратист пен екі мыңнан аса Ресей әскері бар. Олардың қолында 500-ге тарта танк, 130 реактивті атқылау жүйесі мен 800-дей артиллериялық жүйе бар» деді.

Оның дерегінше, «мұнша танк Германия, Франция мен Италияда да жоқ».

19 ақпанда Порошенко Украина Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған. Құжат бойынша, Киев Еуропа одағы мен НАТО-ға қосылуды мақсат тұтады.

Бұдан бөлек Украина президенті БҰҰ-ның бас хатшысына Ресей шекарашылары ұстаған украин теңізшілерін босатуы үшін Мәскеуге қысым көрсетуді сұрап, өтініш түсірген.

25 қарашада Керчь бұғазында Ресей әскерилері украин кемелерін атқылап, екі әскери кемені ұстаған. Бірнеше әскери жараланған. Ресей украин кемелері территориядан «заңсыз кесіп өтті» деп айыптаса, Украина кемелердің бұл аумақтан өтетіні «алдын-ала ескертілгенін» айтып, кемелердің заңсыз ұсталғанын айтқан.

20 ақпан Украинада Қырым аннексиясы басталған күн саналады.

Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған. Ал сәуірде Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған. Қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Бірақ Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, ол әлі күнге толық орындалмай келеді.

azattyq.org

[:]