[:kz]
Талдықорған қаласында екі қызды өмірін сақтап қалған студент грантқа ауысатын болды. Ілияс ЖАНСҮГІРОВ атындағы ЖМУ-нің студенті Арман БАҚТЫБАЙҰЛЫН бүгін облыс басшысы Амандық БАТАЛОВ қабылдады.
Кеше бірінші курс студенті Арман Бақытбайұлы қала орталығындағы көп қабатты үйрелдің арасынан өтіп бара жатып, көмек сұраған жас балалардың жанайқайын естиді. Ата-анасы сегіз және 2 жасар қыздарын сырттарынан қамап жұмысқа кеткен екен. Қуатталып жатқан смартфон тоқтың тұйықталуынан түтіндеп, пәтер ішін ыс баса бастаған.
«Көмектесіңдер деген дауысты естідім. Екінші қабатқа көтерілсем пәтердің есігі жабық. Бірден өрт сөндіру қызметіне хабарластым. Бірақ олар жеткенше біраз уақыт өтетінін ойлап, үйдің сыртынан кірудің амалын жасадым. Қысқасы, пластикалық терезені ашып, екі қызды алып шықтым», — дейді студент.
19 жастағы Арман аз қамтылған отбасынан екен. Анасы қайтыс болыпты. Әкесі зейнеткер. Оқуына жылына 443 мың теңге төлеп келген. Енді ерлігі үшін грантқа ауыстырылады. Қарындасы болса сегізінші сыныпта оқиды екен. Аз қамтылған отбасыдан болғандықтан мектепті бітіргесін оқуға түсуіне облыс басшысы жәрдем көрсететінін жеткізді.
Адам құтқарып, әкім қабылдауына келген студент өз әрекетін ерлік деп санамайды. Бұл азаматтық парызым, кез-келген адам менің орнымда болса осылай жасайтын еді дейді. Әкім Амандық БАТАЛОВ тегін грант пен қатар Арманға ноутбук сыйлады.
Фотолар автордікі.
zhasalash.kz
[:]