[:kz]
Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды реттеу жайлы келіссөздер аяқталғаннан кейін, жанжалға байланысты жабылып қалған Исфара-Ворух және Баткен-Лейлек жолдары қайта ашылатыны хабарланды. Тараптар шекара маңындағы жанжалға кінәлілер жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
ЖАНЖАЛДАН КЕЙІНГІ КЕЛІССӨЗ
Наурыздың 18-і күні Тәжікстан мен Қырғызстанның ресми делегациялары жақында шекара маңында болған жанжалға байланысты жүргізген келіссөзді аяқтады. Төрт күнге жалғасқан келіссөз қорытындысы бойынша хаттамаға Қырғызстан үкіметі жетекшісінің орынбасары Жеңиш Разаков пен оның тәжікстандық әріптесі Азим Иброхим қол қойды.
Даулы жол. Жанжалдан екі адам мерт болды
Екі елдің билік өкілдері жанжалға себеп болған Кок-Таш – Ақ-Сай – Тамдық көлік жолы құрылысын жалғастыру және Ақ-Сай ауылын айналып өтетін Исфара – Сомониен – Ворух жаңа жол құрылысын салу туралы келісімге келгенін хабарлады. Бұған қоса тараптар жанжалдан кейін жабылып қалған Тәжікстандағы Исфара-Ворух және Қырғызстандағы Баткен-Лейлек көлік жолдарын қайта ашуға, Ақ-Сай мен Ворух анклавы арасындағы жол бойынан барлық бекеттерді алып тастауға келіскен.
Қырғызстанның үкімет жетекшісінің орынбасары Жеңиш Разаков қол қойылған хаттамада екі елдің де өзара мүдделері ескерілгенін айтты.
«Жолдар бүгін ашылады. Ешқандай бекет болмайды. Екі мемлекеттің азаматтары шекарадан кедергісіз өтеді. Тұрғындарға қажетті жол құрылысы жалғасады. Біз көп мәселелерді талқыладық. Ең бастысы, тараптардың барлығының мүдделерін ескеретін ортақ келісімге келдік» деді Разаков.
Тәжікстан премьер-министрінің орынбасары Азим Иброхимнің журналистерге айтуынша, шекарадағы ахуал тақырыбы өте нәзік мәселе болғандықтан екі делегация мүшелері келіссөз толық аяқталғанға дейін БАҚ өкілдерімен әңгімеден бас тарта тұруды ұйғарған.
Ол қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалға кінәлі адамдар анықталып, жауапқа тартылады деп мәлімдеді.
«Біз прокуратураларға кінәлілерді міндетті түрде тауып, қылмыстық жауапкершілікке тартуды жүктедік. Бұл өте маңызды. Өткені адамдар қаза тауып, әр отбасында үш бала жетім қалды. Болашақта мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Екі тараптан да зардап шеккендер бар. Хаттаманың орындалуын ведомствоаралық комиссия қадағалайтын болады» деді Азим Иброхим.
Бұған қоса ол жол бойындағы тәртіпті шекарашылар емес, бірлескен милиция патрулі бақылайтынын хабарлады.
ДАУЛЫ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ
Наурыздың 13-14 күндері тәжік-қырғыз шекарасы маңындағы елді мекендер тұрғындары арасында болған жанжал салдарынан екі тәжікстандық қаза тауып, 20 адам (екеуі – Қырғызстан азаматы) жарақат алды деп хабарлады Азатттықтың Тәжік қызметі (Озоди радиосы).
Тәжікстанның Ворух анклавы Орталық Азияның халық көп қоныстанған кедей аймағы – Ферғана алқабында орналасқан. Өткен аптада Қырғызстан Ворух анклавын сыртынан айналатын жол құрылысын қайта жалғастырған еді. Тәжікстандық тұрғындар құрылысты жалғастыруға наразылық танытып, оның соңы жанжалға ұласты.
Фотогалерея. Шекара маңындағы жанжалда екі адам қаза тапты
Қырғызстан жеріне 20 шақырымдай еніп тұрған Ворух анклавында 30 мыңнан астам тұрғын бар, көбі — тәжіктер. Ворух арқылы Баткен облысының Лейлек ауданын Қырғызстанның өзге аумағымен байланыстыратын жалғыз жол өтеді.
Тәжікстанның Исфара және Қырғызстанның Баткен аймақтарын бөліп тұрған шекара аймағында ара-тұра жергілікті тұрғындар және шекарашылардың қатысуымен жанжалдар болып тұрады.
2014 жылы қырғыз және тәжік шекарашылары бірнеше рет қақтығысып қалды, екі жақтан да оқ атылды. Кейін екі ел үкіметтері келіссөз өткізіп, Варухтан Тәжікстанның Исфара қаласына дейін жеке жол салу туралы келісім жасаған.
Қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 971 километрге тең. Қазірге дейін оның 450 шақырымына делимитация жұмыстары жүргізілмеген.
[:]