[:kz]
ШҚО-ның Қалбатау аулының тұрғыны мемлекеттік ту бейнеленген баннермен қорадағы шөптің бетін жауып қойған. Бұған дейін шөптің бетіне жабылған тудың видеосы желіде тарап, қызу талқыға түскен еді. Алайда мұндай әрекетке барған азамат жазаланбайтын болды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Қалбатау аулының тұрғынының сөзінше, ол ту бейнеленген баннерді көшеден тауып алыпты. Бұған дейін желіде талқыға түскен видеода көпшілік шөптің бетінде жатқан тудың өзі деп ойлаған. Алайда ол Қазақстанның туы, бір шетінде Ақорда мен Бәйтерек бейнеленген баннер болып шықты. Мұндай баннер Тәуелсіздік күніне орай арнайы әзірленген болуы мүмкін деп болжануда. Ендігі тәртіп сақшылары баннерді кім жасағанын және мерекеден кейін неліктен оған ие болмағанын анықтауда.
Ал баннерді қорадағы шөбін жабу үшін пайдаланған ер адам жазаланбайтын болды. Себебі ол мемлекеттік туды қолданбаған. Ал заң бойынша, баннерде бейнеленген ту үшін айыппұл салуға келмейді.
«Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық анықталмады», — дейді ШҚО ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Нұрғазина.
[:]