[:kz]
Мәжілісті басып кірген аналарға «жұмыспен қамту орталығына ертең өзім барамын» деп уәде берген әлеуметтік қорғау вице-министрі сөзінде тұрды. Светлана Жақыпова кеше таң атпастан орталыққа келіп, ондағы құжат рәсімдеу рәсімін өз көзімен көріп, атаулы көмек аламын деген аналарды өзі қабылдады.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Ондағы қызметкерлер бір емес, бірнеше құжат көрсетіп, аналарды тентіретіп қойған.
Елордалық аналар 21 мың теңгелік атаулы көмекті алу үшін сағаттап кезекте тұруға дайын. Алайда уәде еткен талаптар орындалмай, құжаттар тізімі көбейіп кетті деп күйінуде.
«Ешқандай бір құжатпен бітетін дүние емес. Қажетті құжаттың көшірмесін өткізуге 600 теңге кетті. Шаршадық. Беретін 20 мың теңгелерін неге мазақ етіп береді?» — дейді ашынған аналардың бірі Динара Омарова.
Қайнаған орталықтың ішінде вице-министрдің өзі де жүрді. Мамандармен бірге құжат тапсыру ретімен танысты.
«Менде 553 теңге артық болғаны үшін АСБ төленбейді. Ал менің баламның массажын, реабилитациялық аппаратын санамайды. Тамағы, дәрісі бар. Мүгедектің ақшасын неге санайды?» — дейді көмектен үмітті болып келген аналардың бірі Қымбат Жұманова.
«Бірінші жәрдемақы 41578 теңге бала мүгедек болса, атаулы әлеуметтік көмекті есептегенде ол саналамайды, есептелмейді. Ал 31183 теңге күтімге төленіп отырған жәрдемақының мөлшері саналады», — деп түсіндірді әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова.
Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмекті 378 мың адам алып отыр. Ал 1 сәуірден қайта есептеліп, жаңаша берілетін көмекке 77 мың адам өтініш білдірген. Аналар әлеуметтік көмек 1 мамырдан берілмесе, министрлікке қайта барамыз деп бекініп отыр.
[:]