АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Түркістаннан Инчхонға барып жұмыс істеге әйел саусақсыз қалды.[:]

[:kz]

Өздеріңізге белгілі, жұмыс бабымен елімізде, тіпті өзіміздің осы күнге дейін кішкентай деп саналып келген Түркістан қаласында Кореяға барып жұмыс істеушілердің саны күрт артты. Арасында әкелі-балалы, ерлі-зайыптылар, тағы сол сияқты отбасы мүшелері «операция жасатамын», «емделемін», «саяхат­қа бара жатырмын» деген сияқты түрлі себептерді айтып, кеденнен қиналмай немесе басқа жағдайда өтіп жатқаны туралы естудеміз. Солардың бірі –Шакира.деп жазады Замана газеті

Шакира қазір 36 жаста. Ол – 3 баласымен күйеуінен айырылысып, осыдан бес жыл бұрын балаларын ата-анасына тапсырып, арман еткен Кореяға аттанған түркістандық келін­шектердің бірі. Елде жүргенде өзінен бұрын сонда барып, жұмыс түрлерін видео арқылы телефоннан жіберіп, еңбекақысын қызықтырып айтып отыратын құрбысына ереді. Еңбекақысына 3 мың доллар төленетін жұмыс күндіз-түні ойынан шықпай, ақыры арқасынан барады.

Кореяның Инчхон қаласына тап болған жерлесіміз құрбысының жетектеуімен ертеңіне-ақ зауыт жұмысына кірісіп кетеді. Бұл зауыт салмағы 1600 килограмға дейін аппаратураны, яғни жүк көлігінің темір бөлшегін өндіреді. Жұмыста ең бастысы шапшаңдық талап етіледі. Алпауыт зауытта мүлт кетуге болмайды.

«Расында мұндағы халық өте еңбекқор. Костюм-шалбар киіп, галстук тағып шіреніп жүрген шенеунікті көрмейсің. Бұл елде зейнетақы берілмейтіндіктен зейнетін жас кезінен бастап ойлайды екен. Сол себепті тынбай еңбек ететін зауыт басшысының өзі таңнан қара кешке дейін осы зауытта. Кейде үйіне қайтпай, түнеп жұмыс істейтін күндері болады. Мысық секілді әр жерге ұйықтап, оянып, қайтадан жұмысына кірісіп кететін оларды көргенде алғашқы кезде таңқалып жүрдім.

 

Нан жемейсің, өйткені қымбат. Десе де олар нанның қадірін аса біле бермейді. Аяқ асты жатады, обал болады деп қиқымын теріп жүрген біздерге таңданып қарайды. Керісінше, күрішті ас атасы санайды», – дейді Шакира.

 

Алайда алғашқы айлығын алып, көңілі көтерілген келіншектің қуанышы көпке созылмайды. Өндіріс басындағы жұмыс қызып, бір сәт демалуға қолы тимей, алдындағы аппаратпен үздіксіз жұмыс істеп тұрған Шакира әлденеге алданып, артына қарап қалғаны сол еді… үлбіреген қолы әлгі салмағы 1600 килолық зіл-батпан темірдің астында қалады.

Есі кіресілі-шығасылы күйде, сегіз сағат қансырап, келімсек бол­ғандықтан ба, бірде-бір клиника қабылдамай, әйтеуір бір емханада таңертең есін жиса, қолында қалған екі саусағын ғана көреді. Дүниенің астаң-кестеңі шыққандай болады.

Не тіл білмейді, жанында не жұбатар жақыны жоқ, жарақаты анау, тауы шағылып, не істерін біл­меген жас келіншек емханадан шыққан соң тентіреп, зауыт пен жалдаған пәтер маңын айналып, күндерін өткізеді.

 

Сол арада әкесінің қайтыс болғаны туралы елден суыт хабар жетеді. Еліне қайта алмай, есінен адасуға сәл-ақ қалған келіншек дәрет алу енді мүлдем қиындаса да бес уақыт намазынан жаңылмайды. Сандалған жанын сабырға шақырып, жарақаты жегідей жеген жанын намаз ғана емдейді. Беті бері қарап, «елге не бетіммен барамын» деп намысқа тырысқан келіншек әлгі саусақтарын жұтқан зұлмат зауыттың төлейтін сақтандыру төлемін өндіріп алуды соттасып жүріп талап етіп және басқа жұмыс орындарында жеңілдеу деген жұмыстарды атқарады. Көрген қиындықтарды айтып жеткізу, әрине, мүмкін емес. Сонда да қайсар келіншек басына төнген қауіпке қажымай, қарап отырмай, қолынан келгенше қара жұмыс істеп қаражат жинап, 5 жылдан кейін еліне оралды.

 

 

Келерден бір-екі ай бұрын Шакираның ағасы аман-сау оралуын сарыла күтіп отырған анасы қызының жағдайын көргенде қорқып қалмасын деген оймен ол кісіні барынша психологиялық тұрғыдан дайындайды. Шакира елге оралды, анасымен, балаларымен қауышты. Корея сапары оның өмірінде мәңгілік ізін қалдырды.

 

Ең өкініштісі, қаншама қаракөздеріміздің сонда жұмыс істеп, осындай жағдайға тап болғандардың аз еместігі.

…Корея Республикасы Корей түбегінің оңтүстік бөлігінде орналасқан. Жер көлемі жөнінен әлем бойынша 109-орында, яғни біздің еліміздегі аумағы ең шағын Солтүстік Қазақстан облысымен шамалас.

 

Соңғы жылдары Кореяда шетел азаматтарының саны артуда. 2012-жылғы мәліметтерге сәйкес, Кореяда 4,5 миллион шетел азаматтары тұрып жатыр.

 

Оңтүстік Корея – жан басына шаққанда жоғары табысты экономикасы бар дамыған ел, ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің арасындағы ең индус­триалды, өркендеген мемлекет.

Естеріңізге сала кетсек, Сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің директоры Ардақ Мәдиев: «Оңтүстік Корея­ның ақпараты бойынша, қазір «қара риэлторлар тобы» бар. Олар қазақстандықтарды жинап, Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмыс­қа жіберіп отырады.

Ондай адамдар қара жұмыс істеп, жан түршігерлік жағдайда өмір сүреді. Оларда ешқандай еңбек келісім-шарты да, ешқандай медициналық сақтандыру да болмайды. Жарақат алса да елге оралмайды. Қаңғыбас болып жүре береді», – деп мәлімдеген болатын.

 

Замана

[:]