АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ол күні үйіңізде жантайып жатқаныңыз жараспайды[:]

[:kz]

 

Сайлау күні жақындап келе  жатыр. Десе де мұндай саяси науқанға «маған бәрібір» деп немқұрайлы қарайтындардың қатары аз емес. Тіпті, «менің даусым бәрібір ештеңені шешпейді» деп байкот жариялаушылар да жетерлік. Осы орайда ел алдында өз пікірлерін ашық айтып жүрген кейбір азаматтар көпшілікті мұндай маңызды дүниеге бейжай қарамауға шақырады. Олар бұл туралы әлеуметтік желідегі сұхбаттарында айтып та жатыр. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек. 

Марғұлан Сей­сембай, қоғам қай­раткері, кәсіп­кер, инвестор: Адам белсенді болуы керек. Адам бел­сен­ділік танытып, өз құқығын қор­ғамаса, сенің құ­қыңды басқа бі­реу пайдаланып кетеді. Бұл – бір. Екін­шіден, сайлауға барып бақылаушы болу керек. Өз басым сайлау учас­кесінде таңертеңнен кешке дейін отырып, кімге қанша дауыс берілгенін өз көзіммен көргім келіп отыр. Бойкоттардың қанша болғанын да бюллетеньдер арқылы байқауға болады. Сайлауға қатысу керек, белсенділік танытып, бақылаушы болу керек. Бойкот жарияласаңыз да, бақылаушы болыңыз. «Бойкот жарияладым» деп диванда жату оңай. Қазақтың көбісінің бойкотты таңдау себебі де сол. Өз өзімен, өзінің ар-ұятымен «мен бойкотшымын» деп келісім-шарт­қа отыра салады. Сен солай диванда жатсаң, келешегімізге немқұрайлы қа­рағаның. Бойкот жасасаң, жаса, ол да бір позиция. Бірақ бар да, бақылаушы болып тіркел, дауыс бермесең де басқа біреудің дауыс беру үдерісін қадағала.

 

Бізге қазір көп әрі кішкентай же­ңістер керек. Біз күнде­лікті жай ғана қарапайым нәрселерді шешуден бастауымыз қажет. Сонда билік пен радикалды оппозиция арасындағы наразылық төмендей бастайды, билікке деген сенім артады деген ойдамын.

 

Ринат Зайытов, айтыскер ақын: Бойкот деген – қорқақтың ісі. Мысалы, мен айтыс­қа шығып, «Айбек Қали­евті жеңіп ке­темін, бірақ әділ­қазылар алқасы мені құлатып тастайды» деп айтыс­қа қатыспай қойсам, сол ерлік пе?! Мен ешкімге ті­лімді тигізгім келмейді. Бірақ қазір бірігетін, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын уақыт. Мен бойкот жарияламаймын. Мен олай істей алмаймын. Сондықтан сіздерден өтінерім, сайлауға бейжай қарамаңыздаршы.

 

Егер біздің балаларымыз білімі жетіп тұрып, түсіп тұрған оқуын ақшасыз оқи алмайтын болса, егер қартайған кемпір-шалдарымыз бойынан әл-қуаты кеткенде тегін емделе алмайтын болса, жаңа туып жатқан балаларымызды шетелге сатпай, солардың балалар үйіндегі нанын ұрламай өсіре алмайтын болсақ, не жетістікке жеттік деп айта аламыз? «Басқаша өмір сүріп көрейін» дейтін адам болса, онда осы ойды қолдайды деп ойлаймын. Еш­кімді ешнәрсеге үгіттемеймін. Мен тек өз пікірімді ғана айтып отырмын. Әр­кімнің өз таңдауы бар. Кімге дауыс берсеңіздер де өз құқыларыңыз.

 

Еркін Рақышев, кинорежиссер, сценарийші: 2011, 2015 жылғы Прези­денттік сайлау­лар­ға оппозиция өкілдері бойкот жариялап, өз талаптарын қойған еді. Ақыры не болды? Содан қандай жетістікке жетті? Президент 85-95 пайыз да­уыс алды. Мен бойкот жариялап жүргендерден осыны үнемі сұраймын. Бірақ біреуі бір нәрсе айта алмайды. Бойкот жариялаушылар елді шатастырып жүр. Одан еш нәтиже болмайды. Тіпті сол бойкот жариялап, митингіге шығамыз деп жүргендердің көпшілігі сол күні үйінен де шықпайды. Мен соған бәс тігемін.

 

Сайлауға бойкот жариялаймыз дегендер үлкен мүмкіншілікті жіберіп алды. Енді мұндай мүмкіншіліктің қашан туатынын бір Құдай біледі.

…Ел азаматтары осылай дейді. Расында да ел болашағына бейқам қарамағанымыз дұрыс-ақ.

 

М. ӘМІР.

zamana.kz

[:]