[:kz]
Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Қайрат Нұртастың қаланың «Құрметті азаматы» атанғанына ренжіген тұрғынға жауап берді. Бұл туралы әкім өзінің желідегі ресми парақшасында жазды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Желі қолданушысының «Құрметті болатындай ол (Қайрат Нұртас — ред) сонша не еңбек сіңіріпті Шымкентке?» деген өкпеге толы сұрағына қала басшысының өзі жауап берді.
«Уақытысында Димаш Құдайбергенді, Данэлия Тулешованы, Ержан Максимді, тағы да басқа талантты әншілерімізді өзіміз бағаламадық.
Олар шетелге барып жұлдыз болды. Сондықтан Қайрат Нұртас секілді жастарымызды құрметтеуіміз керек.
Қазақ бір-бірін мақтамаса, сонда кім мақтайды? Осыны ұмытпайық!», — деп жазды Әбдірахымов оқырман сауалына.
Еске салсақ, бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс елуінші сессиясында он азаматқа мәртебелі атақ беру туралы шешім қабылданды.
Қаланың «Құрметті азаматы» атағына ие болғандар қатарында елімізге белгілі әнші Қайрат Нұртастан бөлек Шымкент пен Түркістан облысына белгілі кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиева, Шымкент пен Түркістан қалаларының экс-әкімі, меценат Қайрат Молдасейітовтер де бар.
Айта кетерлігі, мәртебелі атаққа ие болғандар қаладағы қоғамдық автокөліктерде тегін жүру мүмкіндігіне ие бола алады.
Сонымен қатар олардың есімдері арнайы тақтайшаға жазылып, шаһардағы «Құрметті азаматтар» аллеясына ілінеді.
[:]